Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » ЖАТ ЖЕРДЕГІ ЖҰМЫС: МҮМКІНДІК ПЕН МӘЖБҮРЛІК

ЖАТ ЖЕРДЕГІ ЖҰМЫС: МҮМКІНДІК ПЕН МӘЖБҮРЛІК

Қазіргі жаһандану дәуірінде шетелде жұмыс істеу – кейде өмірлік қажеттілікке айналған құбылыс. Әлемнің әр түкпірінде еңбек етіп жүрген адамдардың саны күн санап артып келеді. Бұл үрдіс Қазақстан қоғамын да айналып өткен жоқ. Мыңдаған қазақстандық азамат өз елінен жырақта жүріп, нәпақасын тауып, отбасының жағдайын жақсартуға ұмтылуда. Алайда бұл құбылысты тек табыс табудың жолы ретінде қарастыру жеткіліксіз. Оның астарында үлкен әлеуметтік, құқықтық және адами мәселелер жатыр.
Бұл жөнінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Еңбек миграциясы мәселесіне де ерекше назар аудару қажет деп есептеймін. Қазіргі сын-қатерлер бұл саланың маңызды екенін айқындай түседі. Бір орында тұрып қалмай, жаңа тәсілдерді ұсыну маңызды. Соның ішінде жұмыс іздеу, жұмысқа орналастыру рәсімдерін жеңілдету, еңбек мигранттары мен олардың отбасыларына әлеуметтік кепілдіктер беру ісіне жаңа тәсілдер керек» деген болатын.
Тауқымет пе, таңдау ма?
Ең алдымен, шетелге жұмыс істеуге барудың себептеріне тоқталайықшы. Алдымен, әрине, жалақы айырмашылығы. Қазақстанда 2025 жылғы Ұлттық статистика бюросының дерегі бойынша, орташа айлық жалақы шамамен 473 мың теңгені құраған. Ал медианалық жалақы одан да төмен, шамамен 339 мың теңге деңгейінде. Сарапшылардың айтуымен, табыстың 90-95 пайызы күнделікті шығындарға жұмсалса, 150-200 мың теңге көлемінде айлық алатын немесе арнайы төлемдер арқылы ғана күн көріп отырған жандар не істемек? Бұл қарапайым халықтың нақты табысы әлдеқайда аз екенін көрсетеді. Яғни, жалақы өскенімен, инфляция мен өмір сүру құны оны «жеп қояды».
Осы тұста шетелдегі табыс мүмкіндігі адамдарды өзіне тартады. Мәселен, Оңтүстік Корея, Еуропа елдері немесе Таяу Шығыста қарапайым жұмысшының өзі айына шамамен 500 мың-1,5 млн теңге табыс таба алады деген пікір жиі айтылады. Бұл Қазақстандағы орташа жалақыдан бірнеше есе жоғары. Сондықтан көптеген азамат үшін шетел – табыс табудың қысқа жолы ретінде көрінеді.
Екінші маңызды себеп – жұмыс нарығындағы бәсекелестік пен жұмыссыздық. Өткен жылғы мәлімет бойынша Қазақстанда жұмыссыздық деңгейі шамамен 4,6% болған. Бұл ресми көрсеткіш болғанымен, жастар арасында жұмыс табу қиындығы, тәжірибесіз мамандардың сұранысқа ие болмауы мәселелері бар. Нәтижесінде кейбір азаматтар өз елінде лайықты жұмыс таппаған соң, шетелге кетуді жөн көреді.
Үшінші себеп – кәсіби даму мен тәжірибе жинау. Шетелде жұмыс істеу тек ақша табу емес, сонымен қатар жаңа орта көру, тіл үйрену, халықаралық тәжірибе жинау мүмкіндігі. Әсіресе IT, медицина, инженерия саласындағы жастар үшін бұл үлкен мүмкіндік. Қазақстанда жас IT мамандарының орташа жалақысы 600 мың теңге шамасында болса, дамыған елдерде мамандыққа сұраныс көп, сәйкесінше айлық табыс кемінде 1 млн теңгеден басталады.
Тағы бір маңызды фактор – әлеуметтік жағдайды жақсарту. Көптеген қазақстандықтар шетелге отбасын асырау үшін барады. Кейбірі бірнеше жыл еңбек етіп, елге оралып, үй алып немесе бизнес бастап жатады. Бұл – еңбек көші-қонының оң қыры.
Шекара асқан шешім
Әлемдік мәліметтерге сүйенсек, халықаралық мигранттар саны 300 миллионнан асқан. Бұл – жер бетіндегі әрбір 25 адамның бірі өз елінен тыс жерде өмір сүріп немесе жұмыс істеп жүр деген сөз.
Қазақстанда еңбек миграциясы тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында-ақ байқалғанымен, бұл құбылыс 2000 жылдардың соңынан бастап айтарлықтай күшейе түсті. Әсіресе 2010-2015 жылдары және пандемиядан кейінгі кезеңде жастар арасында шетелге шығу сәнге айналғандай әсер қалдырды. Бұған ел ішіндегі жалақының төмендігі, жұмыс орындарының тапшылығы, әлеуметтік теңсіздік сияқты факторлар әсер етті. Қарапайым ғана мысал, ауылда айына 150-200 мың теңге табатын жас үшін Кореяда немесе Еуропада 1-2 мың доллар табу мүмкіндігі – үлкен мотивация.
Бүгінгі күні шамамен 156 мыңға жуық қазақстандық шетелде еңбек етеді. Олардың басым бөлігі Ресейде – 100 мыңнан астам адам. Кейін Оңтүстік Корея, Түркия, Польша, Ұлыбритания сияқты елдерде де мыңдаған жан жұмыс істейді. Алайда олар атқаратын жұмыстардың дені – ауыр әрі қарапайым еңбек. Құрылыс алаңдары, зауыттар, ауыл шаруашылығы, қызмет көрсету саласы – біздің азаматтар жиі жұмыс істейтін орындар. Көпшілігі жоғары білімді болғанына қарамастан, қажеттілік салдарынан шетелде қара жұмыс істеуге мәжбүр.
Көрші Қырғызстанда миграция көрсеткіші тіпті жоғары. Бір ғана 2025 жылы 170 мың адам шетелге жұмыс істеуге кеткен. Мұнан еңбек миграциясының Орталық Азия елдері үшін қаншалықты маңызды екенін көре аламыз.
Бір қызығы, Қазақстанға да шетелден жұмыс күштері келіп жатыр. 2025 жылы елімізде 14 мыңнан астам шетелдік жұмыс істеген. Демек, көші-қон – екіжақты процесс.
Заң мен заман
Шетелге жұмыс іздеп кеткен әрбір азаматтың тағдыры – жеке тарих. Бірі үмітпен аттанып, жетістікке жетсе, енді бірі қиындыққа тап болып жатады. Осындай жағдайда мемлекет тарапынан көрсетілетін қолдаудың маңызы зор. Қазақстан заңнамасына сәйкес, шетелде жүрген азаматтардың құқықтарын қорғау – мемлекеттің басты міндеттерінің бірі. Бұл бағытта еліміз бірқатар мемлекеттермен, соның ішінде Катар, Оңтүстік Корея, Ұлыбритания және Еуропа елдерімен арнайы келісімдер жасасқан. Мұндай келісімдер еңбек мигранттарының жұмыс жағдайын, жалақысын, қауіпсіздігін және әлеуметтік кепілдіктерін қорғауға бағытталған.
Заңгер-әлеуметтанушы, адвокат Халида Әжіғұлова еңбек миграциясы әлем үшін қалыпты құбылыс деп санайды. Қазақстандықтар үшін шетелден жұмыс орнын іздеп, мол табыс табу үшін тамаша мүмкіндіктің бірі.
– Еңбек көші-қоны мигранттар шығып жатқан мемлекеттерге де тиімді. Өйткені тұрғындар жаңа еңбек дағдысын игереді, тәжірибе жинап, білім алады. Мигранттар өздерінің ақшасын ішінара елге жолдайды, бұл жалпы ішкі өнімнің ұлғаюына септігін тигізеді.
Әрине, мигранттар үшін ең басты қауіп – құлдық шырмауына түсіп қалуы мүмкін. Адам саудасымен айланысатын қылмыстық топ құрбаны болып жатқандар бар. Сондықтан шетелге баруға бел буған әр қазақстандыққа еңбек мигранттарының құқығы қатаң қорғалатын елдерді таңдауға кеңес беремін. Шетелдіктермен қарым-қатынасы түзу емес, ксенофобия, расизм жайлаған мемлекетті таңдамаңыздар. Өйткені азаматтық тегіне, ұлтына байланысты кемсітуге тап болып, зорлық-зомбылыққа ұшырау қаупі зор.
Өзі жұмыс істегісі келетін мемлкеттің заңнамаларын, еңбек мигранттары құқығы мен оларға қойылатын талап-міндетті зерттеп алу керек. Құқығын қорғау үшін қайда жолығуы қажет, қай мемлекеттік органдар көмектеседі? Осы сұрақтардың жауабын нақтылап алған жөн. Егер құқығы болса, жедел хабарласу үшін еңбек ететін елдегі Қазақстан консульдігінің телефон нөмірлерін жазып алған дұрыс, – деді Халида Әжіғұлова.
Мемлекеттік органдар да бұл мәселені назардан тыс қалдырмай келеді. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау саласының өкілдері еңбек көші-қонын табиғи үдеріс ретінде қарастырып, оны толық тоқтату мүмкін еместігін айтады. Себебі әрбір азаматтың өз өмірін жақсартуға, өзге елде еңбек етуге құқығы бар. Дегенмен, мемлекет бұл үдерісте азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге барынша күш салып отыр. Осы мақсатта жұмысқа орналастырумен айналысатын агенттіктердің қызметі де заңмен реттеліп, олардың саны жүздегенге жеткен.
Алтын тордың арғы жағында...
Алайда өмірдің шындығы әрдайым заң талаптарына бағына бермейді. Кейбір жағдайларда азаматтар жалған уәделерге сеніп, қиын жағдайға тап болады. Әсіресе заңсыз жұмысқа орналасу, сенімсіз делдалдарға жүгіну немесе тіл білмеу секілді факторлар еңбек мигранттарын үлкен қауіпке душар етеді. Осындай кезде адамдар құжатсыз қалып, құқықсыз күй кешіп, тіпті еңбек құлдығына дейін түсіп жатады.
Мысалы, оларға көмек ретінде, жыл басында Оңтүстік Кореяда заңсыз жұмыс істеп жүрген 11 мың қазақстандыққа ақпанның соңына дейін елден өз еркімен кетуіне мүмкіндік берілді. Оларға айыппұл және қайта елге кіруге тыйым салынбады. Бұл жөнінде Қазақстан еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі хабарлаған болатын.
Мұндай ауыр жағдайларды бастан өткергендердің әңгімесі жан түршіктіреді. Алғашында бәрі жақсы көрінгенімен, барған соң құжаттары тартып алынып, ұзақ уақыт бойы ауыр еңбекке жегілгенін айтатындар аз емес. Күніне бірнеше сағат бойы тынымсыз жұмыс істеп, еңбекақысын толық ала алмай, бөтен елде қорғансыз қалған сәт – кез келген адам үшін үлкен сынақ. Мұндай жағдайлар көп жағдайда жария етіле бермейді, бірақ олардың бар екені – шындық.
Осыдан бірнеше жыл бұрын Исламбек Қазыбеков пен Жарас есімді азаматтардың Таиландта құлдықта болып, кейін елге оралғанын естіген болатынбыз. Ол туралы:
– 2022 жылғы маусым айының соңынан бері «алтын үшбұрыш» деп аталатын Оңтүстік Шығыс Азия аумағында (Мьянма, Лаос және Таиланд) қазақстандықтардың еңбек құлдығында болу жағдайларының жиілеген. Алдын ала сөз байласқан халықаралық қылмыстық топтар, көбінесе үшінші тарап арқылы және әлеуметтік желілер мен мессенджерлер арқылы Қазақстан азаматтарын Таиланд аумағында орналасқан компанияларға жұмысқа шақырады.
Олар Таиландқа келгеннен соң түрлі желеу айтылып, азаматтар алаяқтық жолмен Мьянма аумағына жеткізіледі, – деген еді экс-Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Айбек Смадияров.
Сонымен қатар, соңғы жаңалықтар легінде 22 жасар Ернұр Алмаханның Дубайда өмірбойына бас бостандығынан айырылу жазасына тартылып, 300 млн теңге көлемінде айыппұл өтеуі туралы шешім қабылданғаны сөз етілді. Анасы Нұргүл Алмаханның айтуынша, баласы 2024 жылы жұмыс істеу мақсатында шетелге кеткен, алғашқыда хабарласып тұрғанымен, соңғы уақытта хабарласпай кеткенін айтады. «Балама жала жабылып отыр, оның ауыр қылмыс жасайтынына сенбеймін» деген ана Сыртқы Істер министрлігіне сауал жолдады.
Табыс коды – терең ізденіс
Жасыратыны жоқ, шетелде жүріп өз еңбегімен табысқа жеткен азаматтар да бар. Олар заңды түрде жұмысқа орналасып, тұрақты жалақы алып, өз өмірін жаңа деңгейге көтере алғандар. Кейбірі бірнеше жыл ішінде елге оралып, баспана алып, кәсібін ашып жатады. Шетел олар үшін тек табыс көзі емес, өмірлік мектепке айналған. Онда олар тәртіпті, жауапкершілікті, еңбекқорлықты үйреніп келеді.
Солардың бірі Г.Мұратбай:
– Мен алғаш рет шетелге кету туралы ЖОО 4 курсында ойлана бастадым. Отбасымда қаржылық қиындықтар туындаған болатын. Өзім ағылшын мамандығында оқыған соң, IELTS тестін жақсы тапсырып, магистратураға Италияға грантқа оқуға түстім. Онда оқумен қатар шағын кофеханада, пиццерияда жұмыс істедім. Себебі олар ешқандай алаяқтық болмайтыны белгілі сенімді жерлер еді. Ағылшын тілін жақсы меңгергендіктен, өзіме қиын болмады. Үйдегі анам мен әпкеме ақша жіберіп тұрдым.
Жазда Қазақстанға келіп, АҚШ-қа баруды жоспарладым. Екінші жылы Американың штаттарында алдамайтынына сенімді болу үшін фаст-фуд орталықтар мен халық көп келетін қонақ үйлерде жұмыс істедім. Осылайша бірнеше елде жұмыс істеп, тәжірбие жинақтадым, ақша таптым, анам мен әпкемді Еуропа елдерінде қыдырттым, оқуымды жалғастырдым және жолдасыммен танысқан болатынмын. Бүгінде екеуміз де әлемнің түкпір-түкпіріне сенімді түрде бара аламыз. Маған 21 жасымда қорқынышты көрінген қадамым берекелі болды, – дейді ол.
«Brain drain»
Бұл тұрғыдан алғанда еңбек көші-қонының қоғамға әсері де екіжақты. Бір жағынан, шетелде жұмыс істейтін азаматтар елге қаржы жіберіп, экономиканың дамуына үлес қосады. Жұмыссыздық деңгейі төмендеп, адамдар жаңа тәжірибе жинақтайды. Ал екінші жағынан, білікті мамандардың шетелге кетуі – ел ішіндегі кадр тапшылығына әсер етеді. Сонымен қатар ұзақ уақыт отбасыдан жырақта болу отбасылық құндылықтардың әлсіреуіне себеп болуы мүмкін.
Бүгінде жүз мыңдаған қазақстандықтың шетелде еңбек етіп жүргені – осы үдерістің ауқымын көрсетеді. Бұл тек статистика емес, әрқайсысының артында тағдыр, үміт, күрес жатқан үлкен әлеуметтік құбылыс. Сондықтан бұл мәселеге тек экономикалық тұрғыдан емес, адам тағдыры тұрғысынан қарау қажет.
Түйін: шетелде жұмыс істеу – үлкен мүмкіндік пен тәуекелдің тоғысқан тұсы. Мемлекет өз азаматтарын қорғау үшін түрлі шаралар қабылдап, заңдық негіздерді күшейтіп отыр. Бірақ ең басты жауапкершілік – әр адамның өзінде. Өйткені шетел – расында да мүмкіндік мекені. Бірақ сол мүмкіндіктің ар жағында белгісіздік бар. Ал адам үшін ең қымбат нәрсе – еркіндігі және адами қадір-қасиеті.
Г.САҚТАПОВА
01 мамыр 2026 ж. 48 0