Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Қазақстанда қанша ардагер қалды?

Қазақстанда қанша ардагер қалды?

Жеңіс күніне орай ардагерлерге 5 млн теңгеден біржолғы көмек төленеді.
Қазақстанда Екінші дүниежүзілік соғыстың 57 ардагері бар. Бұл жайлы BAQ.KZ тілшісінің ресми сауалына жауап берген Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі мәлімдеді.

Елде қанша ардагер бар?

Министрліктің редакциямызға ұсынған мәліметіне сәйкес, 2026 жылғы 4 мамырдағы жағдай бойынша Қазақстанда Екінші дүниежүзілік соғыстың 57 ардагері тұрады.

Ал 2026 жылғы 1 мамырдағы жағдай бойынша Екінші дүниежүзілік соғыс жеңісіне үлес қосқан басқа санаттағы азаматтардың жалпы саны – 32 852 адам. Оның ішінде:

қоршаудағы Ленинград тұрғындары – 57 адам;
концлагерьлердегі кәмелетке толмаған тұтқындар – 110 адам;
Екінші дүниежүзілік соғыс жылдарындағы тыл еңбеккерлері – 31 349 адам;
Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде қаза тапқан жауынгердің жесірі – 1 адам;
соғыс жылдарында жарақат алып немесе аурудан қайтыс болған мүгедектігі бар азаматтардың жұбайлары – 1 335 адам.
Ардагерлерге қандай төлемдер қарастырылған?

Екінші дүниежүзілік соғыс ардагерлері зейнетақы төлемдерін алады. Сонымен қатар, мүгедектігі бар жағдайда оларға мүгедектік тобына байланысты мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақы төленеді.

Бұдан бөлек, басқа әлеуметтік төлемдерге қарамастан, республикалық бюджет есебінен ай сайын 16 айлық есептік көрсеткіш (АЕК) көлемінде арнаулы мемлекеттік жәрдемақы қарастырылған. Бұл шамамен 69 200 теңге.

Жеңіс күніне қандай көмек көрсетіледі?

Жыл сайын Жеңіс күні қарсаңында жергілікті атқарушы органдар ардагерлер мен оларға теңестірілген азаматтарға біржолғы ақшалай көмек береді.

Сонымен қатар, кейбір өңірлерде:

санаторлық-курорттық емдеу,
тұрғын үймен қамтамасыз ету,
отынмен қамту,
дәрі-дәрмек беру,
азық-түлік себеттері сияқты қосымша әлеуметтік қолдау түрлері көрсетіледі.
Биылғы төлем мөлшері қандай?

2026 жылы Жеңіс күніне орай барлық Екінші дүниежүзілік соғыс ардагерлеріне бірдей мөлшерде - 5 млн теңгеден біржолғы ақшалай көмек төленеді.

Бұл ретте алушылар санаты, көмек түрлері мен мөлшері әр өңірде жергілікті бюджет мүмкіндіктеріне қарай, мәслихат шешімі негізінде жеке белгіленеді.

Фото: baq.kz
05 мамыр 2026 ж. 39 0