Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » “ЖАҚСЫҚЫЛЫШ” БАСТАУЫШ ПАРТИЯ ҰЙЫМЫ ТЫЛ АРДАГЕРІН МЕРЕКЕМЕН ҚҰТТЫҚТАДЫ

“ЖАҚСЫҚЫЛЫШ” БАСТАУЫШ ПАРТИЯ ҰЙЫМЫ ТЫЛ АРДАГЕРІН МЕРЕКЕМЕН ҚҰТТЫҚТАДЫ

Ұлы Жеңіс күні қарсаңында “Жақсықылыш” бастауыш партия ұйымының төрағасы Есжанова Ләззат Жұбаханқызы кент тұрғыны, тыл ардагері Қорғанбаев Оңдасын ақсақалдың үйіне арнайы барып, мерекемен құттықтады.

1939 жылы дүниеге келген Оңдасын ата – саналы ғұмырын адал еңбекпен өткізген ардақты азаматтардың бірі. Соғыстан кейінгі қиын кезеңдерде тылда еңбек етіп, елдің дамуына өз үлесін қосқан қария бүгінде көпке үлгі болып отырған өнегелі жан.

Қарт майдангердің шаңырағында болған кездесуде ақсақалға құрмет көрсетіліп, жылы лебіздер мен ізгі тілектер айтылды. Сонымен қатар, ел үшін еткен еңбегі мен өнегелі өмір жолы кейінгі буынға әрдайым үлгі екені ерекше аталып өтті.

Оңдасын ата бүгінде үлкен әулеттің тірегіне айналған қадірлі қария. Ол 7 перзент тәрбиелеп өсірген ардақты әке. Оның ішінде 2 қызы мен 5 ұлы бар. Бүгінде ұл-қыздарынан тараған немере-шөберелерінің ортасында бақытты ғұмыр кешіп отыр.
Кездесу барысында қария өткен өмір жолынан естеліктер айтып, ел тыныштығы мен бірліктің маңызын ерекше жеткізді. Ақсақалдың ақ батасы мен тағылымды әңгімесі көпшілікке ерекше әсер қалдырды.

Тыл ардагерлеріне құрмет көрсету – ұрпақ сабақтастығын дәріптеп, ел үшін еңбек еткен жандардың еселі еңбегін бағалаудың айқын көрінісі. Ардагерлердің өнегелі өмірі мен адал еңбегі әрдайым өскелең ұрпаққа үлгі болып қала береді.
#АМАНАТ 
10 мамыр 2026 ж. 48 0