Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Берекелі отбасы – бақытты қоғам

Берекелі отбасы – бақытты қоғам

Қазақ халқы үшін қолөнер – тек кәсіп қана емес, ұлттың рухани болмысын айшықтайтын асыл мұра. Сан ғасырдан бері атадан балаға мирас болып келе жатқан бұл өнер халықтың тұрмыс-тіршілігін, дүниетанымын, талғамы мен мәдениетін танытып келеді. Осындай ұлттық құндылықты дәріптеп, өнегелі өмірімен көпке үлгі болып жүрген жандардың бірі – Тоқабай елді мекенінің тұрғыны, қолөнер шебері әрі тігінші Күлмараш Әбілтаева.
15 мамыр – Халықаралық отбасы күніне орай «Адал адам мәдени-тәрбие орталығы» тұжырымдамасының «Жанұя шуағы» бағыты аясында «Берекелі отбасы – бақытты қоғам» атты тағылымды кездесу кеші ұйымдастырылды. Кештің басты кейіпкері болған Күлмараш апа – ұзақ жылдар бойы ұлттық қолөнерді серік етіп, еңбегімен ел ықыласына бөленіп жүрген ардақты ана.
Іс-шара барысында қолөнер шеберінің өз қолымен жасаған бұйымдарынан арнайы көрме ұсынылды. Түрлі оюмен көмкерілген көрпелер, сәнді құрақтар, ұлттық нақыштағы бұйымдар мен нәзік талғаммен тігілген дүниелер көрерменнің ерекше қызығушылығын тудырды. Әрбір туындыдан шебердің қолтаңбасы мен қазақы болмыстың иісі аңқып тұр.
Кездесу кешінде Күлмараш апаның өнегелі өмір жолы, отбасы құндылығын сақтаудағы еңбегі мен қолөнерге деген адалдығы кеңінен насихатталды. Жиынға қатысушылар шебер ананың еңбекқорлығы мен сабырлы болмысын үлгі етіп, ақжарма тілектерін жеткізді.
Кеш барысында аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Бауыржан Махатов сөз сөйлеп, осындай еңбек адамдарының өмір жолын жас ұрпаққа насихаттау маңызды екенін атап өтті.
– Күлмараш анамыздай ісмер жандар – ұлттық құндылықтың жанашыры. Отбасының берекесін кіргізіп, өнерімен елге өнеге болып жүрген аналардың еңбегі әрдайым құрметке лайық, – деді ол.
Тағылымды шара барысында өнерпаздар әннен шашу шашып, кештің мазмұнын байыта түсті. Әуелеген ән мен ақжарма тілектер көрермен көңіліне жылулық сыйлады.
Қолөнер – халықтың жүрегінен туған өнер. Ал сол өнерді ұлықтап жүрген шебер жандар – ұлт руханиятының алтын көпірі. Күлмараш Әбілтаева секілді аналардың еңбегі ұрпаққа өнеге, елге мақтаныш. Осындай аяулы аналардың қолына қуат, шаңырағына береке тілейміз.
Н. МАРАТҚЫЗЫ
16 мамыр 2026 ж. 132 0