Үлгілі отбасы – ел мерейі

Салтанатты жиын Арал қалалық тарихи музейінде өтті. Кездесуге Қазақстан Республикасының мәдениет қайраткері Базар Қостаева, ұзақ жылдар ұстаз болып еңбек ете жүріп, өмірге ұрпақ әкеліп, оларды азамат етіп жеткізген Батыр аналар қатысты. Ең алдымен, кездесуге келушілер ардагер ұстаз, қолөнер шебері Гүлнар Анапияеваның қолөнер бұйымдарын тамашалады. Тағылымды шара барысында Жақсықылыш кентінен келген Күнқияш Берекетова, Аралқұм ауылынан келген Батыр ана Балзада Асанова, Қарақұмнан арнайы қонақ ретінде қатысқан ардагер ұстаз Рауаям Өтегенова өмір жолдарындағы қызықты оқиғалармен бөлісіп, тәрбиелік мәні бар әңгіме өрбітті. Базар апамыз аналар кеңесінің жаңа құрамына сәттілік тілеп, ақ батасын берді.
Кеш барысында ізгі тілектер айтылып, мәдениет орталығы қызметкерлері ұлттық аспаптармен ән орындады. Аналар кеңесі қонақ ретінде қатысқан аналарға құттықтау хат пен бағалы сыйлықтар табыс етті. Шара соңындар барлық қатысушылар «Ана туралы жыр әнін» хормен орындады.
«Толқын» ақпарат