Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Баланы қосымша үйірмеге беру: шамшырағын жағу ма, шамадан тыс шаршату ма?

Баланы қосымша үйірмеге беру: шамшырағын жағу ма, шамадан тыс шаршату ма?

«Біз ұрпақ тәрбиесіне баса мән беріп, жастарды жақсылыққа жетелеуіміз керек. Бүгінгі интернет дәуірінде бұл оңай шаруа емес. Ашығын айтсақ, қазір жас ұрпақ әлеуметтік желі арқылы тәрбие алып жатыр. Баланы дұрыс бағытқа бұрып, жол көрсетіп отырмасақ, бұл – өте қауіпті үрдіс»
ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев
Қазіргі қоғамда ата-аналардың басым бөлігі баласының тек мектеп бағдарламасымен шектеліп қалмағанын қалайды. Бірі баласын ағылшын тіліне берсе, енді бірі робототехникаға, би мен спортқа, музыка мен шахматқа жетелейді. Қалалық жерде ғана емес, ауылдық өңірлерде де түрлі үйірмелер мен дамыту орталықтарының көбейгені байқалады. Мұның астарында «балам заманауи талапқа сай, жан-жақты дамыған тұлға болса» деген тілек жатыр. Арал қаласында орналасқан Оқушылар үйі мен Өнер мектебі балалардың шығармашылық танымын қалыптастыру бағытында жұмыс істейді. Қазіргі таңда Оқушылар үйінен ашылған 20 үйірмеге 1205 бала қатысады. Олардың шығармашылық қабілетін ашу бағытында 22 мұғалім дәріс береді.
Алайда соңғы жылдары қоғамда тағы бір сауал жиі көтеріле бастады: балаға бірнеше үйірме қатарынан жүктеу оның қабілетін аша ма, әлде балалық шағын ұрлап, психологиялық және физикалық шаршауға алып келе ме?Бұл мәселе бүгінгі ата-ананы ғана емес, педагогтар мен психологтарды да алаңдатып отыр.
Мамандардың айтуынша, дұрыс таңдалған үйірме баланың тұлғалық дамуына зор әсер етеді. Ең алдымен, ол баланың табиғи қабілетін ерте анықтауға мүмкіндік береді. Кейбір бала мектепте тұйық көрінгенімен, өнер немесе спорт ортасында өзін мүлде басқа қырынан танытады.
– Үйірме – тек уақыт өткізу орны емес. Бұл баланың өзін табатын кеңістігі. Кейбір оқушы спортта көшбасшылық қабілетін көрсетсе, енді бірі музыка арқылы ішкі эмоциясын ашады. Шынында да, қосымша орта баланыңқарым-қатынас мәдениетін, тәртіпке бағынуын, уақытты жоспарлау дағдысын, жауапкершілік сезімін қалыптастырады. Әсіресе гаджетке тәуелділік күшейген заманда үйірмелер баланы әлеуметтік ортаға бейімдеудің тиімді құралына айналып отыр.Бұрын аулада асыр салып ойнаған балалар бүгінде телефон мен планшетке телміріп қалғаны жасырын емес. Мұндай жағдайда спорт секциялары мен шығармашылық орталықтар баланың бос уақытын пайдалы арнаға бұрады – дейді ардагер ұстаз Айгүл Сәрсенова.
Дегенмен мәселенің екінші жағы да бар. Кейбірата-аналар баласының  шынайы қызығушылығына емес, өз арманына жұмыс істейді.Мәселен, бала сурет салуды ұнатуы мүмкін, бірақ ата-анасы оны міндетті түрде математикаға немесе ағылшын тіліне береді. Кейде бір күннің ішінде мектептен кейін екі-үш үйірмеге тасылатын балалар кездеседі.Психологтардың пікірінше, дәл осы тұста қауіп басталады.
– Балаға шамадан тыс жүктеме беру эмоционалдық күйзеліске әкелуі мүмкін. Әсіресе бастауыш сынып оқушылары тез шаршайды. Кей бала ата-анасының көңілін қалдырмау үшін үндемей жүре береді, бірақ іштей күйзеліске түседі.Ұйқысы бұзылады, сабаққа ынтасы төмендейді,ашушаң,жылауық, жиі сырқаттанвп ешнәрсеге зауқы болмауы мүмкін.
Өкінішке қарай, кей ата-ана мұны «тәртіпсіздік» немесе «ерке мінез» деп қабылдайды, - дейді Психолог Гүлбану Ташауова.
Қоғамда «табысқа жету үшін бала барынша ерте дамуы керек» деген түсінік қалыптасып барады. Үш жастан ағылшын тілі, бес жастан шахмат, жеті жастан бағдарламалау үйрету сәнге айналды.
Әлеуметтік желілерде түрлі сертификат жинаған, бірнеше тілде сөйлейтін балалар жиі насихатталады. Мұныкөргената-аналар да баласынөзгеден кем қылмауға тырысады.Бірақ сарапшылар әр баланың даму қарқыны әртүрлі екенін ескертеді.Шынында да, баланың өмірі тек кесте мен жоспардан тұрмауы тиіс. Еркін ойнау – баланың табиғи қажеттілігі. Дәл сол ойын кезінде бала қиялдайды, әлеуметтік қатынасқа түседі, эмоциясын реттеуді үйренеді.
Осы тұста ата-ана Шынар өзінің оқиғасымен бөлісті.
– Баланы үздік етуге тырысамыз деп, оның психологиялық саулығын екінші орынға ысырып қоймауымыз керек. Балаға демалыс, еркін ойын, достарымен араласу да қажет. Мен тұнғыш қызымды 1сыныптан бастап түрлі үйірмелерге қатыстырдым. Бос күні болмады. Бірақ бір күні баламның шаршайтынын байқадым. Және ойлана келе өзімнің қандай бала болғаныма шегініс жасадым. Иә бір кездері мен бе би үйірмесіне, суретке, қолөнер үйірмесін қатысқан едім. Бірақ қазір оның біреуі де ісек аспай қалды. Биші болған жоқпын, керемет суретші де емеспін, шеберлігім де шамалы. Ойлана келе қызым Раянадан неге қызығатынын сұрадым. Ол өзінің спорттық үйірмелерге барғысы келетінін айтты. Мен үшін спорттық үйірмелер қызбаласына тән емес деген ұғым қалыптасқан еді. Амал жоқ, қызымның жан қалауын орындауға тура келді. Қазір алғашқы жетістіктеріне жетіп жүр, - дейді Шынар Әлиева.
Бұл мәселе қала мен ауылда әртүрлі сипатқа ие.Қалада таңдау көп. Түрлі тіл курстары, спорт кешендері, шығармашылық орталықтар жеткілікті. Бірақ сонымен бірге бәсекелестік те жоғары. Қалалық ата-аналар көбіне «балам қатарынан қалып қоймасын» деген алаңдаушылықпен үйірме санын көбейтеді.
Ал ауылда мәселе басқа. Көп жерде сапалы үйірмелер жетіспейді. Кей ауылдарда балалардың спортпен немесе өнермен айналысуына мүмкіндік аз. Мұндайжағдайдақабілеттібалалардыңашылмайқалуқаупі бар.
Сарапшылардың пікірінше, мемлекет балаларға арналған тегін және қолжетімді үйірмелер санын көбейтуі керек. Әсіресе ауылдық жерлерде білікті мамандар тапшылығы сезіледі.
– Менің ұлым суда жүзуді ұнатады. Жаз мезгілінде үлкен қалалардағы бассейндерге арнайы алып баламыз. Бірақ балам 1 күн бойы суда жүрсе де қайтқыс жоқ. Нгізі суда жүзу баланың ағзасына да өте керек спорт түрі. Бірақ біздің аудан орталығында өкінішке орай ондай үйірме түрі қарастырылмаған, – дейді Ерлан Бержан.
Кей ата-аналар үйірмені баланың қабілетін дамыту емес, жетістік жарысына айналдырып жібергені де жасырын емес.Медаль, диплом, кубок – бәрі маңызды. Бірақ баланың ішкі жағдайы одан да маңыздырақ екенін естен шығарып жатамыз.Бала әрдайым үздік болуы міндетті емес. Кейде ол тек өзіне ұнайтын іспен айналысып, ләззат алуы керек.
Р/S:Қосымша үйірме – дұрыс ұйымдастырылса, баланың болашағына жол ашатын үлкен мүмкіндік. Ол баланың талантын оятып, сенімін арттырады, өмірлік дағдылар қалыптастырады.
Алайда шектен тыс жүктеме баланың психологиялық саулығына кері әсер етуі мүмкін. Сондықтан басты сұрақ – «баланы қанша үйірмеге беру керек?» емес, «бала өзін сол ортада бақытты сезіне ме?» деген мәселе болуы тиіс.
Әр бала – жеке тұлға. Біреу спортта жарқыраса, енді бірі музыкада, үшіншісі ғылымда өз орнын табады. Ең маңыздысы – ата-ана баласының үнін ести білуі.Өйткені шамшырақ күштеп жағылмайды. Олдұрыс орта мен қолдаудыңарқасындағанажанады.
Н. БАҚЫРАН
26 мамыр 2026 ж. 72 0