Тәрбиедегі дәстүр мен жаңашылдық

Қазақ халқы бала тәрбиесіне ерекше мән берген. «Баланы жастан» деген сөз тегін айтылмаған. Қазақы отбасында үлкенге құрмет көрсету, ата-ананың айтқанын екі етпеу – басты қағидалар. Ата-әженің тәрбиесі баланың өмірінде ерекше рөл атқарған. Олар немерелеріне ертегі айтып, өмірлік тәжірибесін жеткізіп, шежіре үйреткен. Осылайша, бала туған халқының тарихын, салт-дәстүрін, әдет-ғұрпын бойына сіңіріп өскен. Ұл бала ержеткенде еңбекқор, қайсар, жауапкершілігі мол болуы үшін жастайынан мал бағуға, қолөнерге, аңшылыққа баулыған. Ал қыз бала инабатты, шебер, тәрбиелі болып өсуі үшін аналары мен әжелері үй шаруасына бейімдеген. Балаға кішкентайынан үлкеннің жолын кеспеу, дастархан басында тәртіп сақтау, сөз қадірін білу секілді қағидалар үйретілген.
Қазіргі қоғамда бала тәрбиесінің әдістері өзгергенімен, оның маңызы ешқашан жойылған емес. Заманауи отбасылар балаларын жан-жақты дамытуға, олардың қабілеттерін ашуға, еркін ойлауға үйретуге ұмтылады. Қазіргі таңда технология дамығандықтан, балалардың тәрбиесіне гаджеттер, интернет пен әлеуметтік желілер әсер етуде. Бір жағынан, бұл олардың ақпаратқа тез қол жеткізуіне мүмкіндік берсе, екінші жағынан, ұлттық тәрбиеге кері әсерін тигізуі мүмкін. Сол себепті ата-аналар балаларын кітап оқуға, ұлттық құндылықтарды бойларына сіңіруге көбірек баулуы қажет.
Қазақы тәрбие мен заманауи көзқарастың арасында айырмашылықтар болғанымен, олардың түпкі мақсаты бір – балаға дұрыс бағыт-бағдар беру. Бүгінгі заманның ата-аналары балаларының пікірімен санасып, оларды жеке тұлға ретінде қалыптастыруға тырысады. Бұл дұрыс үрдіс болғанымен, шектен тыс еркіндік балаға кері әсер етуі мүмкін. Сондықтан әр нәрсенің өз шегі болуы тиіс. Қазақы тәрбие балаға тәртіпті, жауапкершілікті, үлкенге құрмет көрсетуді үйретсе, заманауи тәрбие оған өзін-өзі дамытуға, жаңа білім алуға мүмкіндік береді.
Нағыз тәрбиелі ұрпақ – ұлттық құндылықтар мен заманауи білімді қатар меңгерген бала. Сол себепті бүгінгі таңда ата-аналар қазақтың салт-дәстүрін сақтай отырып, заман талабына сай тәрбие беруі қажет. Ұлттық рухта өсіп, өз ойын еркін жеткізе алатын, білімді де тәрбиелі ұрпақ – еліміздің жарқын болашағы.
Клара АБДУАЛИЕВА
№71 орта мектептің интернат тәрбиешісі
Фото: Нұрболат Нұржаубай