Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » » Ертегі айтып беріңізші

Ертегі айтып беріңізші

Ерте кездері отбасындағы бала бойына ұлттық салт-дәстүрді сіңіруді әже өз жауапкершілігіне алатын. Батырлар жырынан бастап, өткен тарихымызды да қалыс қалдырмай үйретіп отыратын. Сондай-ақ ата-әже тәрбиесін көріп өскен бала өз ортасынан ерекше, айналасындағыларға қарағанда көзқарасы да бөлек болады. Себебі қарттарымыздың жанында жүріп, сол кісілердің өнегелі әңгімелері мен көрген-білген дүниелерін бала ой-санасына сақтап қалары сөзсіз.
Сәби дүние есігін ашқан күннен бастап-ақ өз бауырына басып, бесік жырымен әлдилеп, есейе келе ертегі-аңыздармен тәрбиелейтін әженің орны бөлек емес пе?! Бауыржан Момышұлы атамыз бір сөзінде: «Жаудан да, даудан да қорықпаған қазақ едім. Енді қорқынышым көбейіп жүр. Балаларын бесікке бөлемеген, бесігі жоқ елден қорқамын. Немересіне ертегі айтып беретін әженің азаюынан қорқамын. Дәмді, дәстүрді білмейтін балалар өсіп келеді. Оның қолына қылыш берсе, кімді де шауып тастауға даяр. Қолына кітап алмайды. Үйреніп жатқан бала жоқ, үйретіп жатқан ата-әже жоқ»– деген екен. Иә, өкінішке орай бүгінгі отбасындағы тәрбие де, білім де біршама өзгерген. Қазақ халқы қаншама тар жол, тайғақ кешулерге қарамастан, ертеңгі болашақ үшін қиын-қыстау кездерде жанын бере тұра, ұлттық салт-дәстүрлеріміз бен жөн-жоралғыламызды қастерлеп, келешекке мұра етіп қалдырған. Ұлтжанды ұл, қылықты қыз тәрбиелей білген. Ал бүгінгі күні бейбіт аспан астында бақытты өмір сүріп жатсақ та, көнеден қалған асыл мұраларымызды естен шығарғандаймыз.
Ертеден келе жатқан бесік жырымызды шетелдің сөзі түсініксіз даңғаза әуеніне алмастырып, балаға ертегі айтудың орнына айфон мен айпад ұстатып, мәні мен мағынасы жоқ мультфильмдерді көрсетіп қоямыз. Қазіргі балалар Алпамыс пен Тазша баланың кім екенін білмесе де, Спанч Боб пен өрмекші адамның кім екенін жақсы біледі. Бұл жағдайға түсірген баланы әлдилеп, ертегі айтатын әжелеріміздің азаюы екені айтпасақ та белгілі.
Бұрын Альберт Эйнштейнге «Балаларымызды қалай ақылдырақ етуге болады?»– деген сұрақ қойылыпты. Сонда ғалым өз жауабын қысқаша қайыра салады: «Егер сіз балаңыздың ақылды болғанын қаласаңыз, оған ертегі оқыңыз. Егер одан да ақылды болғанын армандасаңыз, одан да көп ертегі оқыңыз»,– деген екен.
Бұрындары балалардың барлығы әжелеріміз айтқан ертегілерді ұйып тыңдап, ертегі соңында бас кейіпкер мұратына жетіп жатса, бүлдіршіндер қуанып, арман-қиялдарымен көз алдына суреттеп жататын. Ал бүгінгі балаларға ертегі былай тұрсын, «Мақта қыз бен мысық» немесе «Бай қызы» ертегілерінің атауын айтқанның өзінде бұл не деп таңырқап жатады. Тіпті айтып жатқан ертегіңе мән бермеуі де мүмкін. Себебі олардың қызығы смартфон ішіндегі түрлі қатыгез кейіпкерлер емес пе?! Иә, қазақы тәрбиеміздің маңызы болған ертегіміз бүгінгі күні өгейсіп тұрғаны анық.
Бір жағынан бала тәрбиесіне ата-анасы да жауапты емес пе?! Ал бүгінгі ата-ананың күйбең тіршіліктің буымен жүріп, ертегі айтуға да шамасы жоқ. Ертегі айтып беріңізші деген бүлдіршіндеріне: "Жұмыстан шаршап келдім. Ертең кітап алып беремін" деп бойын ала қашады. Ал әжесі теледидар алдындағы сериалға үңіліп, бала қолына смартфон ұстата салады. Осындай көріністерге бұрын ренжіп қарағанымызбен, бүгін бойымыз үйренгендей.
Ертегі тыңдап өскен баланың ой-өрісі дамып, ертеңгі болашағына бағыт қалыптастыра алатын болады. Ондағы батыр, білімді және ержүрек кейіпкерлердің болмысына қарап, бой түзейді. Сондай-ақ ертегі баланың тілін жаттықтыратын таптырмас құрал. Ертегі тыңдап өскен баланың тілі ерте шығып, айналада болып жатқан оқиғаларды саралай алатын дәрежеде болады. Яғни, жақсы мен жаманның арасы, жомарттық пен сараңдық деген секілді.
Міне, ой-өрісі енді дамып келе жатқан жеткіншек үшін ертегінің алар орны бір төбе. Батырлар жырын тыңдап өскен бала ертеңгі күні “елім, жерім” деп тұрады. Тәрбиелік мәні зор ертегі де баланы адал еңбек, қай істі болмасын ақылмен шешуге үйретеді. Сол үшін келешек ұрпақты ертеден келе жатқан асыл мұраларымыз арқылы тәрбиелей білгеніміз жөн.
А. СӘКЕНҚЫЗЫ
26 сәуір 2022 ж. 1 169 0