Жағажай жайы жіті назарда
Жаздың шуақты күндері басталысымен Сыр өңірінің бас туристік аймағы саналатын Қамбаш көлінде демалушылар қарасы көбейетіні белгілі. Осыған орай, аймақтағы басты демалыс орнының суға шомылу маусымына дайындық барысы мен ондағы қауіпсіздік мәселелері алдын ала талқыға түсті. Аудан әкімінің орынбасары Н.Бохаевтың төрағалығымен арнайы жиын өтіп, алдағы маусымды жоғары деңгейде ұйымдастырудың тетіктері пысықталды.Дүбірлі жиынға салаға тікелей жауапты бірқатар лауазымды тұлғалар қатысты. Атап айтқанда, Қамыстыбас ауылдық округінің әкімі, аудандық төтенше жағдайлар бөлімінің басшылығы, Арал ауданы бойынша санитарлық-эпидемиологиялық бақылау басқармасының басшысы, сондай-ақ Аудандық мемлекеттік кірістер басқармасы, аудандық дене тәрбиесі, спорт және туризм бөлімі, аудандық кәсіпкерлік және өнеркәсіп бөлімінің басшылары мен өзге де сала мамандары бас қосты.
Мәжіліс барысында ең алдымен заңдылық пен тәртіп мәселесі сөз болды. Жиын төрағасы Н.Бохаев Аққұмшық жағажайын жалға алып, жұмыс жасап жатқан жеке кәсіпкер А.Балмырзаевқа демалыс аймағының аумағында қызмет көрсететін барлық қосалқы кәсіпкерлердің құжаттары заң талаптарына сай толық рәсімделуі (яғни, заңды тіркеуден өтуі) қажеттігі тағы бір мәрте айтылды. Бұл құжаттандыру жұмыстарын ретке келтіру туралы тапсырма жеке кәсіпкерге жыл басында да ресми түрде ескертілген болатын.
Мұнымен қоса, басқосуда адам өмірі мен денсаулығына қатысты бірінші кезектегі қауіпсіздік шараларының сақталуы маңызды екендігіне ерекше екпін берілді. Осы орайда, балалар мен ересектердің суға шомылатын арнайы қауіпсіз аймақтарын белгілеп, шекарасын құру және суға жүзуге арналған қайықтар, катамарандар мен өзге де су көліктерінің бейберекет жүрмей, тек арнайы белгіленген орындарда ғана қызмет көрсетуін қатаң бақылау тапсырылды.
Демалыс орнындағы тағам қауіпсіздігі де назардан тыс қалмады. Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау басқармасына жағажайдағы кәсіпкерлік нысандардың асхана қызметкерлерінде мерзімді медициналық бақылаудан (дәрігерлік тексерістен) өткені туралы анықтамаларының болуын және азық-түлік өнімдерін бұзылудан сақтайтын арнайы тоңазытқыш орындарының жабдықталуын жіті қадағалау мәселесі жүктелді.
Жиынды қорытындылай келе, жауапты сала басшылары мен Қамыстыбас ауылдық округінің әкіміне нақты міндеттер бөлініп берілді. Оларға демалыс аймағының санитарлық тазалығын күнделікті сақтау, кәсіпкерлердің белгіленген ережелер мен санитарлық талаптарға сай қызмет көрсетуін қадағалау, төтенше жағдай орын алса, алғашқы көмек көрсететін медициналық бекеттің дайын тұруын қамтамасыз ету мен жағажайда сатылатын азық-түлік пен қызмет түрлерінің бағасын негізсіз өсірмей, тұрақтылығын бақылауда ұстау міндеттелді.
Қамбаш көліндегі демалыс маусымының ойдағыдай өтуі үшін алдағы уақытта кешенді жұмыстар атқарылмақ. Осы мақсатта демалыс аймағында қоғамдық тәртіпті сақтау, бекітілген талаптардың орындалуын бақылау және келушілерге барынша қолайлы әрі жайлы жағдай жасау мәселелерін түсіндіру бойынша арнайы жұмысшы топ құрылды. Бұл топ жақын күндері жағажай аумағында өздеріне тиісті тиянақты жұмыстарды бастайтын болады.
«Толқын» ақпарат










