Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Хабарсыз кеткен жан көкем...

Хабарсыз кеткен жан көкем...

...Бал дәурен балалық шағым. Теңіз қолтығындағы біздің екі бөлмелі қоржын тамның бір бұрышында сырты оюлы қаңылтырмен қапталған маңдайшасы «1942» деген сандармен апталған ескі сандық тұратыны әлі есімде.
Мен және менен кейінгі егіз інім үшеуіміз сол сандықтың үстіне шығып ойнауға құмармыз. Бірақ әжем әлгі сандыққа бізді ес білгелі бір елі жуытпайтын. Неге өйтеді, түк түсінбейміз. Жаңағы мен айтқан сандықты қызғыштай қорыған әжем туралы енді балалық шақта көрген-білгенімді айта кетейін.
Менің әжем Жолмақанқызы Күлпарам 1907 жылы туған. Әжемнің айтуынша соғыста хабарсыз кеткен көкем (біздің ауылда үлкен кісілерді «көке» деп атайды) екеуі түйедей құрдас көрінеді.
Әжемнің төркіні өмірі Үлкен Қаратүпті жайлаған шаруа адамдар болыпты. Ұстаған-тұтынғаны тап-таза. Біздің де үстімізге кіршік жуытпай өсірді. Оның үстіне қонақжайлығы есімде қалыпты. Балық аулау базасының директоры Қали Құмаров «Кемпір үйдің кемесі» деп әжемді айрықша құрметтеп өтті.
Басқаларын қайдам, бұл ауылда менің әжемнен асқан батыр, батыл, түймеден түйін түйген тігінші әсте болған жоқ. Сол кездері әжем елуден асқан, оның есесіне шашы ақ қардай болатын. Өзі ап-арық. Аяқтары ілмиген, инеліктей қатқан әжем болса анау-мынау жаяуды шаң қаптырып, аттылыға қозы-көш жерге дейін ілесіп отыратын қауқарлы, қайратты кісі қалпында есімде қалыпты...
Неге екенін қайдам, Жеңістің отыз жылдығынан алты ай бұрын өткен соң, күзге салым төрт қабат төсектің үстінде кескен теректей сұлқ жатып қалды. Бұрын созған қолымыз бірде жетіп, бірде жетпейтін ақ бурыл шашының ұшындағы сұсты Сталиннің басы бедерленген медаль міне, гүлді шытпен тысталған жастығында жалт-жұлт етіп жатыр.
Өзінің айтуынша, көкеміз 1942 жылдың ақ борасынды ақырап айында Сталинград соғысына кіргенде жалғанның жарығында көрген жалғыз ұлын (менің әкемді) жетектеп жүріп жеткізіпті. Сонан кейін кішкентай арық кемпір әуелі көзімді ашқан мені, менен кейінгі үйелмелі-сүйелмелі бес ұл, жалғыз қызды арқалап өсіріп еді.
Енді міне, сүйткен әжем есікке қарай-қарай бұ дүниеден мәңгілік мекеніне біржолата көшкелі жатыр.
– Әже, неге есікке қарай бересің? – деймін дырдай жігіт болсам да бойымды билеген балалық әуестікпен.
– Шалымды күтіп жатырмын. Отыз жыл күттім. Келмеді ғой. Әлі де күтер едім... Хабарсыз кетіп еді. Неғып жүр екен байғұс...
Әжем баяғыдан ішінен тынып жүр екен. Осы жолы булығып жылап жіберді. Кәрі көзден тарам-тарам аққан қасырет пен сағыныш жасы шыт жастыққа тырс-тырс тамып жатты...
Әжем айтқан тағы бір әңгіме есімде қалыпты. Сонан бері алпыс жылдан астам уақыт өтсе де, ол менің жадымда жаңа ғана айтқандай сол күйінде жаңғырып, санамда сайрап тұр...
Біздің үй Бөгеннің ар жағындағы «Батпақты» көлінің жағасынан 1939 жылы Ескібөген елді мекенінің алдындағы «Құсайын» аралшығына қоныс аударады. Сәл кейінірек жаңағы Ескібөгенге көшіп келеді. Бұл – сонау 1928 жылы Арал ауданы бойынша алғаш ұйымдастырылған «Қаратүп» колхозының орталығы екен. Оның тұңғыш төрағасы Өтеп Өтеғұлов, одан кейінгі басқарма төрағасы Жұмаш Балжанов деген адам болыпты.
Міне, осы колхозға мүше болып кірген менің көкем Итбай Тоқмағамбетұлы (құжаттарда тегі Тоқанов болып жазылып кеткен дейді) әуелі әжем екеуі бір қайық ау алып балық аулауға кіріседі. Бірақ қолының ісмерлігіне орай кейін етікшілік кәсіппен шұғылданады. Бұл сол кездері ауылда қолыңа күндіз шам алып іздегенде таптырмайтын кәсіп екен.
Сұрапыл соғыстың қарсаңында ауыз үйде қысы-жазы ерінбей-жалықпай етік, мәсі тіккен көкеме тіпті №10 ауылдың (қазіргі Бөген ауылдық округінің сол кездергі атауы) арғы-бергі елді мекендеріндегі жұрт құрдай шұбырған көрінеді. Сөйтіп әлгінде айтқанымдай теңіз қолтығындағы жағалауға тиіп тұрған екі бөлмелі қоржын там көкемнің кәсібінің нәтижесінде бой көтеріп, бұған қоса үш лақты ешкі сатып алған көрінеді. Әжемнің айтуынша, осы бір кішкентай үйде мен және менен кейінгі екі егіз інім жарық дүниеге келіппіз.
Үшінші інім дүниеге келетін 1961 жылы біздің отбасы төбе басына қоныс аударып әкемнің күшімен, әжемнің ақылымен жаңа үйге қоныс тепті. Күзге салым о жақ, бұ жақтағы ағайын-туыстарды шақырып әжем дастархан жайды. Бұл адамзат тарихында Юрий Гагарин көкке ұшып, алғаш рет жер шарын жеті мәрте айналған атаулы жыл болатын.
Шай үстінде ту Қарашалаң елді мекенінен әрідегі Сырдың биік жарқабағындағы Қызылжардан арнайы келген Кенжебай көкем менің әжеме «Келін, баламнан келген хат қайда?» деп сұрау салғаны сол, әжем сарғыш тартқан үш бұрышты хатты әкеп, оның қолына табыс еткені күні бүгінге дейін есімде.
Дастархан шетіндегі молда Қаражан көкем мұсылманша сауатты болатын. Сол кісі латынша жазылған әлгі хатты асықпай-аптықпай оқып шықты. Әжем жылап жіберді. Ол неге жылады, түсінбеймін.
Осы тұста әжем жаулығының ұшымен көз жасын сүртіп: «Бұл хат 1942 жылы келген. Одан бұрын және осындай бір хат қолымызға тиген. Ұшты-күйлі жоғалып кетті» деді.
Дастархан басындағы сүттей ұйыған тыныштықты бұзған молда көкем хаттың мазмұнын енді дауыстап мұқият оқып шықты. Бұл да сонан бері алпыс үш жыл уақыт өтсе де, әлі күнгідей жадымда сайрап тұр. Сірә, жас бала кішкентай күндері есіткен, көрген-білгендерін ұмытпайтын болса керек.
Әлгі хаттың басы «Аса құрметті ағайын-туыстар, қосағым Күлбарам, қарындастарым Қалампыр, Аққаным және ізіме ерген жалғыз тұяғым» деп басталыпты. Әкемнің атын үлкен әріптермен айбақ-сайбақ етіп жазыпты. Одан әрі өзінің Сталинград қаласындағы сұрапыл соғыста жүргенін қысқаша ғана баяндапты. Бар болғаны осы.
Әжем көкемнің туған інісі Үсенмен ауылдан бір күнде бірге соғысқа аттанғанын айтып отыратын. О кісінің де тегі Тоқанов. Көкемнен он бір жас кіші көрінеді. Тіпті үйленбей жиырма үш-жиырма төрт жасында, көкем отыз төрт жасында соғысқа кеткен ағайынды екеуінен сонан әлі хабар-ошар жоқ екен.
Әжемнің бұл пәниден өтерінен біраз бұрынырақ бұрын көкем жайлы тағы бір әңгіменің тиегін ағытқаны есте. ...Қазалыдан Батысқа қарай беттеген әскери эшелон жолай Қамыстыбас теміржол бекетінің үстінен өтеді. Сол маңайдағы үлкенді-кішілі ауылдардан пойызға мінетін, түсетін адамдар осы бекетке қысы-жазы құрдай шұбырады. Бұл жолы ауылдан барғандар өтіп бара жатқан әскери эшелоннан көкемнің: «Мен пәленшемін, Қаратүп колхозында әйелім, балам бар. Сәлем айт» деп айқайлаған дауысын есіткенін үйге айтып келеді. Мұны құлағы шалған байғұс әжем одан сайын еңіреп көз жасы көлге айналады.
Көкем әскерге аттанғанда әжем отыз төрт, жалғыз ұлы он үш жасар әкем балық кәсіпшілігіне жегіледі. Талай теңіз дауылында, мұз үстінде әжемнің көз жасы, қырғын соғыстың бел ортасында оқ пен оттың ішінде жүрген көкемнің ақ тілегі артында қалған жалғыз тұяғын ажал аузынан сақтап қалған көрінеді.
Соғыста оқ тиіп бірі қолынан, бірі аяғынан жараланып, майдан даласынан біртіндеп оралған таныстарын жағалап әжем көкемді сұрап: «Көрдің бе, аман жүр ме екен» десе, олар: «Жоқ, көрмедік. Еуропа кең байтақ. Біреуді біреу көрмейді» дейді екен. Ал кейбірі: «Ә, олар Сталинград бағытында. Жақында қайтады» дегенде әжем қыр басына күнде шығып, ауыл сыртындағы қара жолдан көзін айырмай ұзақ қарап тұрады екен...
«Бәрі де майдан үшін, бәрі де Жеңіс үшін» деген сол тұстағы көп ұлтты Отанның ортақ ұранына жегілген балықшы қауым да еңбек қарқынын еселей түскен еді. Еңбектеген баладан еңкейген қартқа дейін Жеңіс жолында бастарынан небір қиын күндерді өткереді. Өйткені Батыста да, ауылда да арпалысқа толы майдан еді сол кездері. Алғы шепте бірінің әкесі, бірінің жары, енді бірінің баласы жаумен бетпе-бет шайқасса, ауылда да сондай шайқас жүріп жатқан. Соңғысы әлсізге әлдінің зорлық-зомбылық жасағаны, қорасындағы жалғыз малын тартып алуы болатын. Бұған қоса тылдағы халықтың алуан түрлі салықтар титығына әбден тиген. Мысалы, бойдақ салық, мал салығы, үй салығы және тағы басқа сансыз салықтар ел-жұртты есеңгіретіп тастаса да, ақ жаулықты аналар Жеңістен үкілі үміттерін үзген жоқ еді.
Олар төрт жыл бойы Батыс жаққа қарап көз майларын түгескен, үміттерін ешқашан жоғалтпаған, өрімдей жастық шақтарын алапат жылдарға айырбастаған қыз-келіншектер болатын.
Таң қараңғысынан бел жазбай күн батқанша егіс даласында еңбек еткен, дауылмен алысып асау теңізден су маржандарын сүзген, зауыт-фабрикаларда табандарынан тозып, тікелерінен тік тұрып майдандағы жауынгерлер үшін соғыс құрал-жабдықтарын жасаған, жылы киім-көншек, қолғап, байпақ дайындаған әйел адамдардың еңбегі ерен еді. Сөйте жүріп олар майданның алғы шебінде ата жаумен айқасып жатқан қымбаттыларының жолын асқан төзімділікпен, сартап сағынышпен тосқан болатын. Солардың бірі – менің әжем еді.
«Кебін киіп кеткен жоқ. Кебенек киіп кетіп еді. Қайда жүр екен?». Бұл әжемнің ауыр күрсінген кезінде жиі айтатын сөзі. Соңғы жылдары көкірегін қақ жарғандай күрсінісі көбейіп кетті. Жиі-жиі төсек тартып жатып қалады.  Ондай сәттерде кәрі көздерінің түкпірінен түпсіз терең қайғы-мұңның қоламта оты жылт-жылт етеді. Әжемді аяп кетемін. Бірақ қолдан келер шарам жоқ.
...Жылдар жылжып өтіп жатты. Қырға шығып қара жолдан көз жазбайтын, орталықтан хат-хабар таситын пошташыны отыз жыл бойы үнсіз-түнсіз үкілі үмітпен күткен әжем болса бұл пәниден өткелі міне, елу екі жыл зымырап өте шығыпты. Сонан бері әжемнің жоғарыдағы сандық сыры туралы айтқан әңгімесі бір сәт менің есімнен шыққан жоқ.
...Көкем сол 1942 жылы Сталинград майданына аттанар алдында бұл бұйымды Арал қаласындағы Шақат ұстаға артында қалып бара жатқан жалғыз тұяғына көзімдей көрсін деп жасатқан болуы керек. Сол сандық әкемнің қара шаңырағында әлі күнге дейін біздің әулеттің ең қымбат мұрасындай сақтаулы тұр. Бұл үйге келген сайын сандықтың жоғарғы жағындағы «1942» деген сан көзіме оттай басылады. Сол сандар күллі өмірі екінші дүниежүзілік соғыста хабар-ошарсыз кеткен, сұм соғыстың құрбаны болған көкемді еске түсіреді.
Бірде әкем: «Осы жүрт соғысқа кеткен өлісін-тірісін іздеп жатыр. Сен қағаз шимайлап жүрсің ғой, анам байғұс күте-күте арманда кетіп еді. Көкеңнің дерегін ізде. Сұрау сал» деп көзі тірісінде аманат еткен. Сонан сонау жылдары Ленинград (қазіргі Санкт-Петербург), Мәскеу түбіндегі Подольск қалаларындағы кеңестік әскери мұрағаттарға қанша рет сұрау салсам да, атамның дерегінен хабар-ошар болмады. Су түбіне батқан тастай үшті-күйлі таптырмады. Өстіп менің тынымсыз ізденісімнен түк нәтиже шықпады.
Есесіне өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдарының басында жарық көрген «Боздақтар» атты көп томдық кітаптағы ағайынды көкелерім Итбай және Үсен Тоқановтардың есімдерін ұшырастырып елең еткенмін. Бірақ Арал қаласындағы майдангерлер ескерткіш тақтасының бастапқы орнатылуында екеуінің де есімі қатар орын алса, ескерткіш тақта екінші мәрте жаңартылып қойылғанда інісі Тоқанов Үсеннің аты-жөнін «ұмытып кеткен» жауапты тұлғалардың салғырттығына қатты ренжідім. Есесіне «Ешкім де ұмытылмайды, ештеңе де ұмытылмайды» деген ұранды сөзге малданып жайбарақат жүргенмін.
Өткен жылы Жеңістің 80 жылдығына орай «Тұмар» баспасынан жарық көрген «Жеңісті жақындатқан Арал айбындылары» атты кітаптың 431-ші бетінен көкемнің аты-жөнін көріп, осы жайында  әріптесім Ерғали Абдуллаға айтқанмын. Ол дереу сөзге келместен қалта телефонынан Ресейдің «Халық ерлігі» («Подвиг народа») сайтынан көкем жайлы мен бұрын-соңды кездестірмеген тың деректерді тауып берді. Бұл менің жылдар бойы іздестіріп, үмітімді үзбеген қуанышты хабар еді.
Сол сәтте шіркін әжем мен әкем тірі болғанда ғой, сексен жылдан бері бір көруге, тіпті бір хабарын білуге зар болған ана мен баланың мынадай қуанышты хабардан төбелері көкке бір елі жетпей қалар еді-ау деп ойладым.
Жаңағы мәліметке көзім түскенде жүрегім атқақтай соға жөнелді. Онда былай деп жазылған екен: «Итбай Тоқанов 1907 жылы туған. 92-ші қосалқы атқыштар дивизиясы, 89-шы қосалқы атқыштар полкінің қатардағы жауынгері. 1943 жылы қазан айында хабарсыз кеткен. 4171 әскери бөлім. Далалық пошта. Туысы Кенжебай Жанабаев. Оның баласы 1920 жылы туған Абибулла Кенжебаев (бұлар біздің немере туысымыз. Кенжебай көкем Тоқан (Тоқмағамбет) көкемнің бірге туған төрт бауырының кенжесі. Ал, оның баласы Абибулла да майдан даласында хабар-ошарсыз кеткен көрінеді».
Әлгі мәліметті одан әрі оқи түстім. Көкемнің 1942 жылдың 4 желтоқсанында Қызылорда облысы Қазалы аудандық әскери комиссариаты арқылы сұрапыл ұрыс жүріп жатқан Сталинград майданына аттанғанын білдім. Бұл мәліметте сондай-ақ о кісінің Арал ауданындағы №10 ауылдың (қазіргі Бөген ауылдық округі) құрамындағы Қаратүп колхозының тұрғыны, білімі бастауыш, бейбіт кезеңдегі мамандығы етікші болғандығы тайға таңба басқандай жазылыпты. Тіпті отбасында әйелінің (әжемнің) аты Кульди (дұрысы Күлбарам, орыс тілді адамның қате жазғаны көрініп тұр) 1 баласы бар, партияда жоқ деп көрсетілген.
Онан төменірек 1942 жылғы қазан айында Сталинград майданына Қазалыдан Найзыбаев (мүмкін Найзабаев шығар) Ералы деген кісімен аттанғанын, оның туған жері, тұрғылықты мекен-жайы Қармақшы ауданы, №10 ауыл, «Ідіріс» колхозы деген деректі оқыдым.
Бір қызығы, көкемнің әскерге Бөген ауылынан Бақым Жұмахметов және 1918 жылы туған өзінің туған інісі ҮсенТоқановпен бірге алынғаны жазылыпты осы мәліметте. Оқыдым да ойға шомдым. Сұм соғыстың қасырет-қайғысын тілмен айтып жеткізу аса қиын. Оны тек жүрекпен ғана ұғыну керек. Ал Арал ауданы бойныша екінші дүниежүзілік соғысқа он екі мыңға жуық жерлестеріміз аттанып, соның екі мың төрт жүзі майдан даласында хабар-ошарсыз жоғалып кеткен көрінеді. Ал алғы шепте амалсыз тұтқынға түскен концлагерлерде ажал құшқан, азап көрген жауынгерлердің көрген күндерін адамның басына бермесін. Олар Отандарына өлместің күнін көріп оралған жағдайда Магадан, Иркутск, Батыс Сібірлерде алды ату жазасына кесіліп, соңы жиырма бес, он-он бес жыл арқалады. Тылдағы еңбектенген бала, еңкейген қартқа қоса азапты уақыт айдай жүздерін әжіммен торлаған әйелдерге де сұм соғыс аса зор ауыртпалық әкелді. Осының бәрі басқалармен бірге біздің әулеттің де басынан өткен еді.
Адам қайда жүрсе де, қандай жағдайда болса да үмітпен өмір сүреді. Арманмен алға басады. Таң атырады, күн батырады. Менің қолымда әжем де, әкем де үмітпенен күткен, тым құрыса бір хабарын білуді армандаған көкем жайлы көне деректер осы еді. Бәлкім, мұнан да басқа тың деректер табылып қалар деп үміттенемін. Алдыңғы ата буынның бастан кешкен азап-қияметін жас ұрпақ көрмесін. Аспанымыз ашық, егеменді еліміз бен ел-жұртымыздың бүгінгісі бекем, ертеңі ертегідей ғажап болғай.
Толыбай АБЫЛАЕВ,
немересі
02 маусым 2026 ж. 51 0