Жеңіс күні туған жанмын
Бүгін – менің туған күнім. Әр адам үшін туған күн – өміріндегі ерекше дата. Ал мен үшін 1994 жылдың 9 мамырында, күллі адамзатқа бейбіт өмір сыйлаған Ұлы Жеңістің рухы асқақтаған қасиетті күні дүниеге келуім – тағдырдың айрықша сыйы, өмірдегі алғашқы жеңісім секілді.Мен өмірге келген сәтте еліміз Ұлы Жеңістің 49 жылдығын атап өтіп жатқан еді. Бақыран атам соғыстан алған ауыр жарақаттың зардабын тартып, ақыры сол дерттен өмірден өткен екен. Артында қалған жесір Айжамал әжемнің жалғыз үміті – ұлы Мараттың тұңғышы мен болдым. Қазақта «қос тойың қабат болсын» деген сөз бар ғой. Анам Нағиманың айтуынша, дәл мереке күні дүниеге келуім жалғызының тілеуін тілеген әжем үшін зор қуаныш болыпты. Тіпті есімімді Жеңісгүл қоймақ та болған екен. Алайда туыстарымыз «заманауи ат қояйық» деп, атым Назерке болыпты.
Балалық шақ – адам өмірінің ең жарқын кезеңі. Менің балалық шағым тіпті шаттыққа толы болды. Әжем марқұм маңдайыма жел тигізбей өсірді. Бірақ менің мектеп табалдырығын аттағанымды көре алмай өмірден өтті.
Бала күнімде ел аузынан майдангер атамның ерлігі жайлы бірен-саран әңгімелер естіп қалатынмын. Өкінішке қарай, бүгінде атамның көзін көрген жан қалмады. Дегенмен есімде сақталғаны – оның қайсар, қарулы азамат болғаны. Майдан даласында жараланса да шегінбей, ерлік көрсеткен деседі. Сол ерлігі үшін алған орден-медальдары әлі күнге дейін сақтаулы.
«Адамның жақсы болуы – нағашыдан» дейді халқымыз. НағашыатамӘнапия да майдангерболған. Сұрапыл соғыстан бір аяғынан айырылып оралған екен. Анам – ол сегіз баласының кенжесі. Қос атам да Отан үшін оқ пен оттан тайсалмаған қайсар жандар болса, менің бойымда қалайш аөр рух болмасын?!
Араға жылдар салып, сол сәби бүгінде ел сөзін сөйлеп, қоғам тынысын қалт жібермейтін журналист, отбасының ұйытқысы болған көпбалалы ана атанып отыр. Биыл мен 32 жасқа толамын.
9 мамыр – жай ғана күнтізбедегі дата емес. Бұл – ерлік пен өрліктің, тағдыр мен тарихтың тоғысқан күні. Осындай ұлы мерекеде дүниеге келудің өзі үлкен жауапкершілік секілді. Себебі Жеңіс күні – бейбіт өмірдің қадірін ұғындыратын, адамды сабыр мен шүкірге тәрбиелейтін күн. Сол рухпен мен де өсіп келемін. Өмірлік ұстанымымның елге қызмет етуге, шындықты қолдауға, халықтың мұңын мұңдап, жоғын жоқтауға бағытталуы да содан шығар.
Журналистика – жүректің ісі. Бұл мамандық менің бала қиялымда бүр жарып, жылдар бойы жетелеген асқақ арманым еді. Қоғамдағы әр өзгерісті жүрекпен сезініп, халыққа шынайы ақпарат жеткізу – үлкен жауапкершілік. Осындай маңызды жолда еңбек етіп жүргенім – кәсібіме деген адалдығым мен еңбекқорлығымның айғағы.
Мен үшін өмірімдегі ең үлкен бақыттың бірі – ана атану. Перзент тәрбиесі мен қызметті қатар алып жүру, әрине, оңай емес. Ана болу – мейірімнің мекені болса, көпбалалы ана болу – төзім мен даналықтың мектебі. Балаларымды елдің адал азаматы етіп тәрбиелеу – менің ана ретіндегі басты ұстанымым.
Бүгін мен 32-ші көктемімді қарсы алып отырмын. 32 жас – толысу кезеңі. Бұл – жастық жалын мен өмірлік тәжірибенің тоғысқан шағы. Артыңда өнегелі ісің, жаныңда отбасың, алдыңда асулар мен армандар тұрған кезең.
Осындай белесте туған күнімнің Жеңіс күнімен тұспа-тұс келуі де ерекше символикаға ие. Себебі әр адамның өмірі – өз алдына бір майдан. Ал сол майданда отбасы бақыты мен ел сенімін қатар алып жүру – үлкен жеңіс.
Назерке БАҚЫРАН










