Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » » Сырлы сандық

Сырлы сандық

Әкемнің үйінде сонау жылдары сырты өрнекті қаңылтырмен қапталған ағаш сандық тұратын. О бастан төрден ойып тұрып орын алған ою бедерлі әлгі сандықты әжем байғұс көзінің қарашығындай көріп, қызғыштай қорушы еді. Жалаңаяқ шапқылап жүрген қара сирақ бізді маңайына жолатпайтын. Неге екенін білмеймін, сол бір сандықтың қақпағының ашылар ауызына таман «1942» деген төрт сан болар-болмас көрініп тұратын. Бұл не екен? Әжемнен сұрауға батпаймын. Әжем қатал адам. Әлгі сандыққа жоламақ түгілі, ретсіз сөйлесең, жоныңнан таспа тігіп алады. «Көп сөйлегенде, көбік ауыз Көбенге ұқсап кетесің» дейді. Сондықтан аяғымды ұшынан басып, үйде тыныш жүремін.
Сонан әлгі сырлы сандықтың сары майдай сақталған сырын Жеңістің жиырма жылдығын ауыл болып ат шаптырып атап өтіп жатқан күні әжемнің өзі көзіне жас алып отырып айтты.
– Мен теңіз қойнауындағы Кіші Қаратүп, Үлкен Қаратүп деген жерді жайлаған Жолмақан деген байдың орташа ауқатты байдың қызымын. Әкеміздің Ораз, Қораз атты екі ұлы, Мамық пен мен және Жамал деген үш қызы болған. Мен сенің атаңа 1927 жылдары ұзатылып келдім. Аралда екі жыл өткенде 1929 жылы сенің әкең дүниеге келді. Кіндіктен жалғыздығын білдірмей, табанына жер, бетіне жел тигізбей атамның қызы Аққаным екеуін мәпелеп өсірдім. Атаң да, оның ата-бабалары да Қарашалаңдағы, Қызылжар мен Батпақты деген жерлерді жайлаған балықшы болатын. 1939 жылы соғыс басталмастан екі жыл бұрын «Қалақай» атты аралшықтан көшіп келіп, Ескібөгенде отырғанбыз. Суық хабар төбемізден жай түсіргендей болды. Елдің іші жылап-сықтау...
1901 жылдары туған атам сонан 1942 жылы Арал аудандық әскери комиссариаты арқылы қырық бір жасында әскер қатарына шақырылады. Соғысқа аттанардан бұрын Арал қаласында тұратын Шакат зергер деген жекжаттығы бар өнерлі кісіге осы сандықты жалғыз ұлына арнап соқтырып, маңдайшасына «1942» деген жазуды шекіп жаздырады.
Аты-шулы 1942 жылдың күзінде Сталинград майданына түскен атамнан бір-екі рет үш бұрышты хаттар сағындырып келеді. Артынан сап тыйылды. Сонан атам да, өзімен бірге майданға үйленбей кеткен інісі Үсен де хабар-ошарсыз кетеді. Өлісі-тірісі белгісіз. Бірақ әжем қосағын, қайнысын өлді деуге қимай оқта-текте төрдегі сандықты саусақтарымен сипалап, ыңылдап отырушы еді. Сол сурет жадымда сақталып қалыпты. Үй дейтіні де есімде. Сонан бері қаншама жылдар өтті. Әжем байғұс осыдан 50 жыл бұрын 67 жасында қосағын күте-күте көз жұмды. Атамнан қалған сандық бұл күндері әкемнің қара шаңырағының төрінде тұр. Сонан бері сексен жыл уақыт өтсе де талайлар дүниеге келіп, талайлары бұл пәниден кеткелі қай заман?! Атамыз қазақтың «Адам тозады, дүние тозбайды» дегені осы шығар.
Толыбай Абылаев,
Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі

Фото: baribar.kz
30 сәуір 2024 ж. 1 048 0