«Денсаулық аралы»: МӘМС жүйесіндегі жаңашылдықтар түсіндірілді
Kyzylorda-news.kz «Жібек жолы» сауда-ойын-сауық орталығында Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының Қызылорда облысы бойынша филиалының ұйымдастыруымен жыл сайынғы «Денсаулық аралы» акциясы өтті.Іс-шара аясында №1 қалалық емхананың мамандары тұрғындарға тегін экспресс-тексеруден өтіп, денсаулықты сақтау мәселелері бойынша кеңес алу мүмкіндігін ұсынды. Акцияның мақсаты – қауіп факторлары мен ауруларды ерте кезеңде анықтау, сондай-ақ халықтың профилактиканың маңыздылығы туралы хабардарлығын арттыру.
Қатысушылардың артериялық қан қысымы, бойы мен салмағы өлшеніп, қандағы қант пен холестерин деңгейі анықталды. Сонымен қатар, саламатты өмір салтын ұстану және созылмалы аурулардың алдын алу бойынша кеңестер берілді.
Акция қала тұрғындарының үлкен қызығушылығын тудырды. Көптеген тұрғындар денсаулық көрсеткіштерін тексертіп, медициналық мамандардың ұсынымдарын алуға мүмкіндік алды.
Іс-шара барысында Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының облыстық филиалы қызметкерлері МӘМС мәселелері бойынша түсіндіру жұмыстарын жүргізді. Тұрғындарға медициналық сақтандыру жүйесіндегі жаңашылдықтар, сақтандырылған мәртебесін алу тәртібі, жарналар мен аударымдарды төлеу қағидалары, сондай-ақ жүйеге қатысудың артықшылықтары туралы ақпарат берілді.
2026 жылдан бастап күшіне енген өзгерістерге ерекше назар аударылды: МӘМС пакетіне диспансерлік есепте тұрған пациенттер үшін бірқатар созылмалы аурулар бойынша емдеу және динамикалық бақылау қызметтері енгізілді. Барлық қатысушыларға ақпараттық материалдар таратылды.
Қор филиалының сарапшысы Әлия Убисултанованың айтуынша, МӘМС жүйесі сақтандырылған азаматтарға медициналық қызметтердің кең ауқымын ұсынады, оның ішінде қымбат диагностикалық зерттеулер мен жоғары технологиялық оталар да бар.
«Денсаулыққа қамқорлық профилактикадан және медициналық көмекке дер кезінде жүгінуден басталады. Сапалы медициналық қызметтерге қол жеткізіп, емдеуді қаржылық себептермен кейінге қалдырмау үшін МӘМС жүйесінде сақтандырылған болу маңызды», – деп атап өтті маман.
kyzylorda-news.kz









