Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Жалқаулықты қалай жеңуге болады?

Жалқаулықты қалай жеңуге болады?

Қазақта "жалқаулық дерті" деген тіркес бар. Алайда бұл сөз тіркесі тектен-тек айтылмаған. Себебі жалқаулық дертінің де суықтаудың бір түрі секілді белгілері болады. Аурудың алғашқы кезеңінде науқас әлсіреп, шаршайды немесе зерігеді. Екінші кезеңінде жалқаулық науқасты төсекке таңады. Адамның әр жері аурудан сыр бере бастайды. Бұл жағдайда жалқаулық атты дерттің вирусын жұқтырдым деп есептей беріңіз. Ал одан қалай құтылуға болады? Назарларыңызға жалқаулық дертінен арылудың бірнеше тәсілін ұсынамыз. Ерте тұрып үйреніңіз "Ерте тұрған еркектің ырысы артық, ерте тұрған әйелдің бір ісі артық" деген ертеден келе жатқан мақал жадыңызда үнемі жүрсін. Себебі таңертең ерте бастаған іс те, ойлаған ой да жұмыс істеуге деген шабытты оятып, белсенді әрекетке жол ашады. Есесіне түсте немесе кешке демалатын, өзгелерге көңіл бөлетін уақыт көп болады. "Ертең" сөзін азайтыңыз Жалқаудың ауыр күні ертеңгі күн. Себебі бүгінгіні ертеңге қалдырғысы келеді де тұрады және ол ісін ертеңге қалдырады. Енді мұндайға жол бермеңіз. Жұмыстан кеш қайтсаңыз да тірлікті бітіріп кетіңіз. Нәтижесінде таңертең жұмысқа асықпай келесіз және өзіңізді жеңіл сезінесіз әрі жаңа жұмыс бастайсыз. Уақыт үнемдеп үйреніңіз Жалқаулық ұстағанда "Тірлікті жалғастыру керек пе немесе осы жерден тоқтатқан дұрыс па?" деген ой маза бермейді. Ал мұндай жағдайда ішкі түйсікке сенудің қажеті жоқ. Себебі осы жұмысты бітірсем уақытымды үнемдеймін деген ой ғана тұру қажет. Тау қопаруға асықпаңыз Жай ғана бір мысал келтірейік. Алдыңызда үлкен алма тұр. Ол тәтті, тәбетіңіз тартып-ақ тұр, денсаулыққа пайдалы. Алайда ол өте үлкен, оны бір өзіңіз жеп тауыса алмайсыз. Сондықтан оны бірнеше бөлікке бөліп жейсіз. Орындағалы жатқан жұмыс та сол жеміс секілді. Бәрін бірден орындап тастау мүмкін емес, дегенмен оны әр бөлікке бөліп, орындалу мерзімін белгілеп қою қажет. 5 минуттың өзі сізді құтқарады Жалқаулық ұстағанда жұмыс істеу өте қиын, түсінеміз. Егер 5 минут белсенді болып көрсеңіз, талай тірлікті бітірер едіңіз. Аз уақытта жұмысты бастайсың және тезірек бітіріп тастауға тырысасың. Тіпті ертеңгі жұмысқа жеңілдік жасауыңыз мүмкін. Жалқаулық – өте жұқпалы Бұл дертпен бір адам ғана ауырып қоймайды. Тұмау секілді біріншісінен екіншісіне жұқпалы келеді. Ұжымда немесе айналаңдағы араласатын адамдарыңның бос уақыты, әңгімесі, әзілі тым көп болса олардан вирус жұғады. Мұндай адамдармен жиі қарым-қатынас жасаудың қажеті жоқ. Жоспар құрып үйреніңіз Берілген тапсырманы орындау үшін дұрыс жоспар құрып үйреніңз және уақытыңызды есептеңіз. Сонымен қатар оның міндетті түрде бүгін орындалуын қадағалаңыз. Себебі ертең алдыңызда не күтіп тұрғанын нақты білмейсіз. Өзіңізді мақтауға лайықсыз ба? Осы сұрақты өзіңізге әуелі қойып көріңіз және сіз сол мақтауға лайық болуға тырысыңыз. Істің бір бөлігі біткен соң сүйікті тәттімен кофе ішіңіз, аздап қыдырып немесе 5 минут үзіліс жасаңыз.
https://massaget.kz
13 мамыр 2019 ж. 1 205 0