СЫБАЙЛАС ЖЕМҚОРЛЫҚҚА ҚАРСЫ МӘДЕНИЕТТІ ҚАЛЫПТАСТЫРУ ЖҰМЫСТАРЫ ЖАЛҒАСУДА
Қызылорда облысы Әділет департаментінде сыбайлас жемқорлықтың алдын алу және мемлекеттік қызметшілердің қызметтік әдеп нормаларын сақтау бағытында кешенді жұмыстар тұрақты жүргізілуде. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпарат алаңында Әділет департаментінің басшысының орынбасары Ұзақбай Оразгелдіұлы мәлімдеді.Спикердің айтуынша, сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру және құқық бұзушылықтардың алдын алу мақсатында мемлекеттік қызметшілер арасында түсіндіру және профилактикалық шараларға басымдық берілуде. Атап айтқанда, қызметкерлерге мемлекеттік қызмет туралы заңнама талаптары, Әдеп кодексінің нормалары, қызметтік тәртіпті сақтау және қоғаммен тиімді қарым-қатынас орнату мәселелері бойынша тұрақты түрде түсіндіру жұмыстары жүргізіледі. Сонымен қатар, сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет мамандарының қатысуымен семинарлар ұйымдастырылып, құқық бұзушылықтардың салдары түсіндірілуде.
-Қоғамда сыбайлас жемқорлыққа мүлдем төзбеушілік қағидатын қалыптастыру-негізгі міндеттердің бірі. Осы мақсатта жоғары және арнаулы орта оқу орындарының студенттерімен кездесулер өткізіліп, жастар арасында адалдық пен парасаттылық құндылықтары кеңінен насихатталуда. Сондай-ақ тұрғындардың құқықтық сауаттылығын арттыру үшін «Әділет органдарының ашық есік күні» және «Әділет кеңес береді» акциялары тұрақты ұйымдастырылып келеді. Бұл шаралар азаматтардың құқықтық көмекке қолжетімділігін арттыруға және халық пен мемлекеттік органдар арасындағы ашық диалогты нығайтуға мүмкіндік береді,- деді Ұзақбай Оразгелдіұлы.
Брифинг барысында мемлекеттік қызметшілердің кәсіби және моральдық жауапкершілігін арттыруға ерекше көңіл бөлінетіні айтылды. Осы бағытта қызметкерлер арасында іскерлік әдепті сақтау, құмар ойындарға қатысудың алдын алу, деструктивті діни ағымдардың ықпалынан сақтану және құқық бұзушылықтарға жол бермеу мәселелері бойынша профилактикалық жұмыстар тұрақты жүргізілуде.
Спикердің сөзінше, адалдық, әділдік және жауапкершілік қағидаттарын нығайту мемлекеттік қызмет сапасын арттырып қана қоймай, азаматтардың мемлекеттік институттарға деген сенімін күшейтеді. Осыған байланысты облыстық Әділет департаменті сыбайлас жемқорлықтың алдын алу, заң мен тәртіп қағидаттарын сақтау және мемлекеттік қызметшілердің әдеп нормаларын нығайту бағытындағы жұмыстарды алдағы уақытта да жүйелі түрде жалғастыра береді.
Өңірлік Коммуникациялар қызметі










