Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Мектеп-лицей мәртебесін алды

Мектеп-лицей мәртебесін алды

Ел болар ұлттың рухани байлығы – білімінде болса, ұстанар бағыты – тәрбиесінде демекші, жарты ғасырдан аса шежірелі тарихы бар, жас жеткіншектерді білім нәрімен сусындатып келе жатқан киелі қара шаңырақ – №220 орта мектебі үшін ерекше тарихи сәт. Өз уақытын аямай, өзгелердің бақытын аялаған ұлағатты ұстаздар мекені үлкен мәртебеге ие болды: Облыс әкімінің қаулысына сәйкес, мектепке «Мектеп-лицей» мәртебесі берілді.
Қарт тарихтың қойнауына көз жүгіртсек, бұл білім ошағының іргесі сонау 1970 жылы қаланың батыс беткейіндегі жаңа мөлтек ауданның пайда болуымен қаланған еді. Ал 1972-1973 оқу жылында толық орта мектепке айналып, содан бері қарай білікті басшылары мен ерен педагог кадрларының арқасында сан мыңдаған шәкіртті қияға ұшырды. Бүгінде мектеп түлектері республикамыздың түкпір-түкпірінде ғылым, білім, денсаулық сақтау мен өнер саласында абыроймен еңбек етіп, ұясының атын асқақтатып жүр.
Бұл жаңа мәртебе – мектеп ұжымының жылдар бойғы тынымсыз еңбегі мен сапалы білім беру жолындағы жүйелі жұмысының заңды жемісі. Жаңа атақ оқушылардың пәндерді тереңдетіп оқуына, заманауи инновациялық тәжірибелерді меңгеруіне және дарынды балалардың талантын шыңдауға даңғыл жол ашпақ.
Ендігі күні ауданымыздағы инновациялық білім беру ұйымдарының саны төртеуге жетіп отыр.
№220 мектеп-лицейінің ұжымын, ардақты ұстаздарын, білімге құштар оқушылары мен арқасүйер ата-аналарын осы үлкен жетістікпен шын жүректен құттықтаймыз. Жаңа мәртебе білім мен тәрбиенің жаңа белесін бағындыруға жол ашып, киелі ордадан еліміздің мақтанышына айналар талай дарынды тұлғалар түлеп ұша берсін.
«Толқын» ақпарат
13 маусым 2026 ж. 26 0