Спорттағы серпін
Бүгінгі таңда Қазақстанда бұқаралық спортты дамыту, өскелең ұрпақтың спортпен шұғылдануына қолайлы жағдай жасау және заманауи спорттық инфрақұрылымды қалыптастыру мәселесіне мемлекеттік деңгейде үлкен мән беріліп келеді. Сыр өңірінің киелі топырағы Арал ауданында бой көтерген жаңа заманауи спорт нысаны туған жерге деген шынайы жанашырлықтың кезекті айқын дәлелі болды.Арал қаласында зор қуанышпен пайдалануға берілген жаңа нысан – №19 Арал ауданының олимпиадалық резервтің мамандандырылған балалар-жасөспірімдер мектебінің бокс залы аумағында бой көтерген заманауи шағын футбол алаңы. Бұл спорттық кешен аймақтағы бұқаралық спорттың, әсіресе миллиондардың ойыны саналатын футболдың кеңінен қанат жаюына даңғыл жол ашпақ.
Бұл жоба – толықтай отандық бизнестің қолдауымен жүзеге асқан әлеуметтік бастама. Заманауи спорт нысаны Арал ауданының тумасы, белгілі кәсіпкер әрі меценат, Астана қаласының Бокс федерациясының басшысы және «Almara Petroleum» ЖШС директоры Алмат Маратұлы Досымовтың тікелей демеушілігімен салынды. Кәсіпкер аталған жобаның сәтті жүзеге асуы үшін өзінің жеке қаражаты есебінен 12 миллион теңге көлемінде қаржы жұмсап, ауыл балаларының заманауи алаңда доп тебуіне мүмкіндік жасады.
Жаңа футбол алаңының салтанатты ашылу рәсіміне жергілікті тұрғындар, спорт ардагерлері мен жас спортшылар қатысты. Шараға арнайы қатысқан аудан әкімінің орынбасары Нұрмұхамед Бохаев құттықтау сөз сөйлеп, бұл игі бастаманың жастар арасында салауатты өмір салтын қалыптастыруға, оларды зиянды әдеттерден алшақтатып, спортқа баулуға тигізер септігі орасан зор екенін атап өтті.
Бүгінгі таңда аталған спорт кешені – Арал өңіріндегі нағыз чемпиондар тәрбиелейтін алтын ұяға айналған. Қазіргі уақытта мұнда 220 жасөспірім төрт білікті әрі тәжірибелі жаттықтырушының жетекшілігімен спорттың қыр-сырын меңгеріп, тұрақты түрде жаттығып келеді. Бұл орталықтан облыс пен республика деңгейінде жоғары жетістіктерге жеткен, халықаралық ареналарда көк туымызды желбіретіп, ел намысын қорғап жүрген талантты спортшылар шыққан және алдағы уақытта да шыға бермек. Жаңадан ашылған шағын футбол алаңы осы жасөспірімдердің физикалық дайындығын шыңдауға таптырмас құрал болмақ.
Салтанатты жиын барысында туған жердің әлеуметтік-мәдени дамуына, спорт пен білім саласына тұрақты қолдау көрсетіп келе жатқан кәсіпкер Алмат Досымовтың еңбегі ерекше аталып өтті. Аудан әкімінің орынбасары Н.Бохаев аудан жұртшылығы мен тұрғындары атынан азаматқа шынайы алғысын білдіріп, ауданның ең жоғарғы марапаты – «Құрмет грамотасын» салтанатты түрде табыс етті.
Шын мәнінде, Алмат Маратұлының туған жерге жасаған жақсылығы тек бұл футбол алаңымен шектелмейді. «Ел үмітін ақтаған азамат» ретінде ол бұған дейін де көптеген қайырымдылық жобаларына ұйытқы болған.
Жұртшылық куә болған жаңа шағын футбол алаңы жас спортшылардың шеберлігін шыңдап, жетістіктерін еселеуге, Арал топырағынан болашақ олимпиада және әлем чемпиондарының қалыптасуына ұзақ жылдар бойы адал қызмет етпек Тұғырлы азаматтардың туған жерге деген осындай перзенттік махаббаты өзге де кәсіпкерлерге үлгі.
Г.ДАУЫЛБАЙ










