Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Аралда жаңа футбол алаңы пайдалануға берілді

Аралда жаңа футбол алаңы пайдалануға берілді

Бүгін №19 Арал ауданының олимпиадалық резервтің мамандандырылған балалар-жасөспірімдер мектебінің бокс залы аумағында жаңа шағын футбол алаңы пайдалануға берілді.
Заманауи спорт нысаны ауданымыздың тумасы, белгілі кәсіпкер әрі меценат, Астана қаласының Бокс федерациясының басшысы Алмат Досымовтың демеушілігімен салынып, жобаға жеке қаражаты есебінен 12 миллион теңге қаржы жұмсалды.

Салтанатты шараға қатысқан аудан әкімінің орынбасары Нұрмұхамед Бохаев бұл игі бастаманың жастардың спортпен тұрақты айналысуына, салауатты өмір салтын қалыптастыруға және бұқаралық спортты дамытуға серпін беретінін атап өтті.

Бүгінде аталған спорт кешенінде 220 жасөспірім төрт білікті жаттықтырушының жетекшілігімен жаттығып келеді. Мұнда облыс пен республика деңгейінде жоғары жетістіктерге жеткен, халықаралық жарыстарда ел намысын қорғап жүрген талантты спортшылар тәрбиеленуде.
Шара барысында аудан әкімінің орынбасары Н.Бохаев туған жердің әлеуметтік дамуына тұрақты қолдау көрсетіп келе жатқан кәсіпкер Алмат Досымовқа аудан тұрғындары атынан алғыс білдіріп, ауданның ең жоғарғы марапаты «Құрмет грамотасын» табыстады.

Айта кетейік, туған жердің бүгініне бей-жай қарамай, ертеңіне жанашырлық танытып жүрген кәсіпкер, "Almara Petroleum" ЖШС директоры Алмат Маратұлы бұған дейін де көптеген әлеуметтік жобаларға демеушілік жасап келеді. Соның бірі ретінде қаладағы №62 мектеп-лицейі базасынан заманауи телестудия кабинетінің ашылуына көрсеткен қолдауын айтсақ болады.
Мұнан бөлек осы мектепке музыкалық құрылғы және өзі оқыған №14 мектеп-лицейіне 8 интерактивті тақта, 2 кеңсеге орындығымен 30 парта және музыкалық құрылығы алып беріп, қайырымдылықтың айрықша үлгісін көрсеткенін бірі білсе, бірі білмес.

Бүгін жұртшылық куә болған жаңа футбол алаңы жас спортшылардың жетістіктерін еселеп, болашақ чемпиондардың қалыптасуына қызмет етеді деп сенеміз.

Аудан әкімдігінің баспасөз қызметі

10 маусым 2026 ж. 72 0