Ақорда төрін көрген аралдық жас
Арал қаласындағы №64 орта мектептің 7-сыныбын үздік тәмамдаған оқушы Аяла Алпысбаева аудан оқушылары арасынан іріктеліп, елордадағы Ақорда резиденциясына арнайы барып қайтты. Бұл – білім мен тәрбие жолында үздік нәтиже көрсеткен оқушыларға берілген үлкен мүмкіндік әрі зор құрмет.Жас өреннің Астана қаласына жасаған сапары ерекше әсерге толы болды. Ел басқарылатын басты саяси нысан – Ақорданы аралап көрген оқушы мемлекет тарихы мен ел дамуы туралы мол мағлұмат алды. Сонымен қатар, елордадағы көрікті орындарды тамашалап, заманауи Астананың тыныс-тіршілігімен танысты.
– Мен бұл мүмкіндікке оқу мен қоғамдық жұмыстардағы жетістіктерімнің арқасында ие болдым. Мектептегі білім сайыстарына, сонымен бірге олимпиадаларға және түрлі іс-шараларға белсенді қатысып, жақсы нәтижелер көрсеттім. Осы жетістіктерімнің негізінде аудан оқушылары арасынан іріктеліп, Ақордаға бару бақыты бұйырды. Бұл – мен үшін үлкен мәртебе, әрі болашақта одан да биік мақсаттарға жетуге берілген шабыт болды. Бұл жаңалықты алғаш естігенде қатты қуандым. Сондай-ақ Астана қаласына бару менің негізгі арманым еді. Бастапқыда сенер-сенбесімді білмей, ерекше әсерде болдым. Бұл жетістігіме қуанып ғана қоймай, өзіме үлкен жауапкершілік жүктелгенін де сездім. Сол сәтте ата-анама, ұстаздарыма және маған қолдау көрсеткен жандарға алғысымды білдірдім, – деді Аяла жаңалықты алғаш естігендегі әсерімен бөлісіп.
Мұндай тағылымды сапарлар жас ұрпақтың Отанға деген сүйіспеншілігін арттырып, олардың болашаққа деген сенімін нығайтады. Ақорда төрін көрген аралдық оқушы бұл сапардың өзіне үлкен серпін бергенін айтып, алдағы уақытта білім мен ғылым жолында биік жетістіктерге жетуге талпынатынын жеткізді.
– Арал ауданынан іріктеліп, еліміздің бас қаласы Астанаға және Ақорда резиденциясына бару мен үшін ерекше әсерге толы ұмытылмас сапар болды. Сапар барысында біз Қазақстан Республикасы Президентінің резиденциясы – Ақорданың тарихымен танысып, оның маңызды залдарын аралау мүмкіндігіне ие болдық. Еліміздің ең басты мемлекеттік ғимараттарының бірін өз көзіммен көру мен үшін зор мәртебе әрі үлкен мақтаныш болды. Зәулім сарайдың сәулеті мен сән-салтанаты таңданысымды арттырып ғана қоймай, мемлекетіміздің қалыптасу жолы мен жетістіктері туралы тың мәліметтер алуыма мүмкіндік берді. Сонымен қатар, елорданың көрікті жерлерін аралап, танымдық экскурсияларға қатыстық. Біз еліміздің символына айналған «Бәйтерек» монументінде болып, халықаралық деңгейдегі бірегей нысан – EXPO көрме кешенін тамашаладық. Сондай-ақ Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президентінің музейіне барып, еліміздің тарихы мен тәуелсіздік жылдарындағы маңызды кезеңдер жөнінде мол мағлұмат алдық.
Бұл сапардың тағы бір ерекшелігі – еліміздің әр өңірінен келген дарынды оқушылармен танысу мүмкіндігі болды. Олардың жетістіктері мен алға қойған мақсаттары туралы естіп, өзіме үлкен мотивация алдым. Осындай талантты жастардың қатарында болу мен үшін үлкен жауапкершілік пен мақтаныш сезімін сыйлады.
Ақордаға жасалған бұл тағылымды сапар менің Отанға деген сүйіспеншілігімді арттырып, болашаққа деген сенімімді арттырды. Еліміздің жарқын болашағы білімді де талапты жастардың қолында екенін терең түсіндім. Бұл сапар менің жадымда ұзақ сақталатын, жаңа белестерге жетелейтін ерекше әрі шабыт сыйлаған оқиға болып қала береді, – деді Аяла Алпысбаева.
Ақордаға жасалған тағылымды сапар жас буынның жүрегінде елге қызмет ету, туған жердің абыройын асқақтату сияқты асыл мұраттарды қалыптастыратыны сөзсіз. Сонымен бірге Аяла ұйымдастырушылар мен ұстаздарына да алғысын жеткізді.
– Осындай керемет мүмкіндік сыйлаған ұйымдастырушыларға және маған әрдайым қолдау көрсетіп, білім мен тәрбие берген ұстаздарыма шын жүректен алғысымды білдіремін. Сондай-ақ осындай жетістіктерге жетуіме себепші болған ең алдымен анам Айгүл Нысамбаева айтар едім. Анам кішкентайымнан маған сенім артып, қолдау көрсетті. Сонымен қатар оқушылар үйіндегі ұстазым Гүлнар Садықбаева апайым, №64 орта мектеп басшысы Кенжебек Тлепов ағайға, сынып жетекшім Ақжүніс Есмағамбетова апайға, жетекшім Несібелі Бекешова апайға және де қолдау көрсеткен барлық ұстаздарыма алғысымды айтамын. Ұстаздарым маған әрдайым бағыт-бағдар көрсетіп, алға жетелеп келеді. Сенімдеріңізді ақтап, бұдан да биік жетістіктерге жетуге бар күшімді саламын. Сонымен бірге, менің болашақтағы үлкен армандарымның бірі – дәрігер маманы болу. Адамдарға шипа сыйлап, денсаулығын сақтауға көмектесіп, ел игілігіне қызмет еткім келеді, – деп, Аяла болашақтағы арманымен де бөлісті.
Аяланың бұл жетістігі тек өзінің ғана емес, №64 орта мектеп ұжымының және Арал ауданының мерейін үстем еткен қуанышты жаңалық.
А. НҰРЛАНОВА










