Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Өмірге қанат қақты жас түлектер

Өмірге қанат қақты жас түлектер

Бүгін аудандағы барлық орта мектептерде бітіруші түлектерге аттестат тапсыру рәсімі өтті. Он бір жыл бойы білім нәрімен сусындап, білім ордасын тәмамдаған тағы бір жас толқын үлкен өмірге қанат қақты.

Арал қаласындағы №62 мектеп-лицейінде өткен салтанатты аттестат тапсыру рәсіміне аудан әкімі С. Сермағамбетов қатысып, түлектерді өмірлеріндегі ерекше қуанышты сәттерімен құттықтады.
– "Бүгін Сіздер үлкен өмірдің алғашқы баспалдағынан өтіп, биік сатыларына қадам басқалы тұрсыздар. Біз Сіздерден жаңалыққа жаны құмар, әлемнің көшіне ілесетін, озық ойлы жастар ретінде үлкен үміт күтеміз. Жаңа Қазақстанның негізгі тірегі де өздеріңіз. Тарихы тереңнен сыр шертетін қасиетті Арал өңірінің айбынын асқақтата беріңіздер. Ендеше, қай кезде де терең білім алу жолында жалықпай, талмай ізденіп, ел тізгінін ұстайтын азамат болуларыңызға тілектеспін, –деп ізгі лебізін білдіріп, түлектерге салтанатты түрде аттестат табыстады.

Аталған білім ордасын бітіруші 50 түлектің арасынан 5-еуі «Алтын белгі», 5-еуі «Үздік аттестат» иегері атанып отыр.
Одан соң, мектеп бітіруші түлектер сөз алып, ұстаздар мен ата-аналарға алғыс айтып, олардың артқан сенімдерін ақтауға тырысатындарын жеткізді.

Көңілдерін шаттық пен қимастық сезімі кернеген бітіруші түлектердің қуанышты сәтіне куә болған ардагер-ұстаз Аманжол Жолмағамбетов ықыласын білдіріп, сәт сапар тіледі.
Салтанатты шара мектеп бітіруші түлектердің вальсімен жалғасты.

Айта кетейік, биылғы оқу жылында аудан бойынша 933 оқушы орта мектепті аяқтаса, олардың арасынан 44-і «Алтын белгі» иегері, 47-сі «Үздік аттестат» иегері атанды.
"Толқын" ақпарат

16 маусым 2022 ж. 745 0