Жеке тұлғаның санасын қалыптастыру – болашақ шекарашыларды тәрбиелеудің маңызды бағыты
Қазақстан Республикасы ҰҚК Шекара академиясында курсанттардың рухани-адамгершілік құндылықтарын дамытуға және тұлғалық әлеуетін арттыруға бағытталған тәрбие жұмыстары жүйелі түрде жүргізілуде. Осы бағыттағы маңызды іс-шаралардың бірі – 13-арнайы кафедрасының аға оқытушысы подполковник А.К. Сариева мен аға лейтенант Ү.О. Бейбитованың ұйымдастыруымен 1-оқу дивизионының 111-оқу заставасы курсанттарының жеке құрамымен өткізілген «Жеке тұлғаның санасын қалыптастыру әдістері» атты тәрбие жұмысы болды.
Іс-шараның негізгі мақсаты – курсанттардың ой-өрісін кеңейту, тұлғалық дамуға деген жауапкершілігін арттыру, өмірлік ұстанымдарын айқындау және болашақ офицер ретінде кәсіби әрі адамгершілік қасиеттерін қалыптастыруға ықпал ету. Тәрбие жұмысы барысында қатысушыларға жеке тұлғаның санасын дамытуға бағытталған заманауи әдістер таныстырылып, өзін-өзі талдау, мақсат қою, топтық пікірталас, рөлдік ойындар және психологиялық тренинг элементтері қолданылды. Практикалық тапсырмалар арқылы курсанттар өз көзқарастарын жүйелі жеткізуге, ұжым ішінде тиімді әрекет етуге және нақты жағдайларға сараптамалық тұрғыда баға беруге машықтанды.

Сонымен қатар, курсанттар түрлі өмірлік жағдаяттарды талқылап, қабылданатын шешімдердің жауапкершілігі мен салдарын саралау дағдыларын жетілдірді. Топтық жұмыстар жеке тұлғаның моральдық, этикалық және әлеуметтік құндылықтарын нығайтуға бағытталды.
Өткізілген тәрбие жұмысы курсанттардың шығармашылық ойын дамытуға, сыни көзқарасын қалыптастыруға және өз мүмкіндіктеріне деген сенімділігін арттыруға оң әсерін тигізді. Қатысушылар алған білімдері мен тәжірибесін алдағы оқу үдерісі мен кәсіби қызметте қолданудың маңызын атап өтті.

Мұндай іс-шаралар болашақ шекарашылардың кәсіби даярлығын жетілдірумен қатар, олардың жан-жақты дамыған, жауапкершілігі жоғары және саналы тұлға ретінде қалыптасуына ықпал етті.










