BIR TOLQYNDA ДИАЛОГ АЛАҢЫНДА ЖАСТАР ҚҰҚЫҚТЫҚ ТӘРБИЕ ТАҚЫРЫБЫНДА ПІКІР АЛМАСТЫ
Бүгін Арал ауданында “BIR TOLQYNDA” жастар бастауыш партия ұйымының ұйымдастыруымен жастардың құқықтық мәдениетін арттыруға бағытталған кең көлемді диалог алаңы өтті. Жиынға аудан жастары, еріктілер, білім беру ұйымдарының өкілдері және бастауыш партия ұйымының белсенділері қатысты.Кездесудің негізгі мақсаты – жастар арасында құқықтық сауаттылықты күшейту, қоғамдағы құқықтық мәдениетті нығайту және мемлекеттік заңнамаларды түсіндіру арқылы жастардың азаматтық жауапкершілігін арттыру болды.
Диалог алаңы барысында қатысушылар құқықтық тәрбиеге қатысты ой-пікірлерін ортаға салып, қазіргі қоғамда кездесетін құқықтық мәселелер, жастардың құқық бұзушылықтың алдын алудағы рөлі, өз құқықтары мен міндеттерін білу қажеттілігі жөнінде пікір алмасты. Сонымен бірге, жастардың әлеуметтік желідегі жауапкершілігі, киберқауіпсіздік, жеке деректерді қорғау тақырыптары да жан-жақты талқыланды.
Спикерлер құқықтық мәдениеттің қалыптасуы мектептен басталатынын, әрбір жастың заңды білуі оның өзін қорғауына мүмкіндік беретінін атап өтті. Сонымен қатар, құқықтық сауаттылықты арттыруға бағытталған іс-шараларды тұрақты түрде ұйымдастыру қажеттігі айтылды.










