Арал: Тындырымды іс көп
Арал ауданына қарасты Сексеуілге бардық. Орталықтан әрірек Тербенбес тауының етегіндегі 11 мың халқы бар кент. Мұндағы тіршілік теміржолмен өзектес. Ақ патшаның заманында қолға алынған теміржол жобасы тарихтан белгілі. Алаш зиялысы Мұхамеджан Тынышбаевтың бұған тер төккенін әркім білуі тиіс. Ол кезде Сексеуілдің аты басқа еді. Құмсай деп аталыпты. Неге Сексеуіл десеңіз, теміржол түскенде барлық паровоз көмірмен жүрді. Көмір болмаса, теңіз маңындағы томар сексеуілді жақты. Арнайы сексеуіл қабылдайтын база да болған мұнда. Арал маңы туралы жазылған көркем шығармаларда осындай дерек бар.Құмсай мен қауын
Сексеуіл базасының аты осылай станцияға таңылғанын айттық. 1905 жылы құрылған Құмсай шеберханасы бүгінде үлкен тепловоз жөндейтін депоға айналған. Арадағы ғасырдан асқан уақытта халық саны өсті.
Құмсай демекші, осы аттас бөгет бар. Қыс бойы жауған қар мен жазғытұрым жауған жаңбыр суы осында құйылады. Кентте тұратын Ахметжан мен Ақжол осы суды өздері баптайтын бақшалықта пайдаға асырып жүр.
– Бұл кәсіп атадан балаға ауысып келеді. Әкелеріміз ілгеріден «Құмсай» бөгеті маңында бақша салып, егін еккен. Біз де бес жылдан бері диқан жолындамыз. Шағын жылыжайымыз да бар. Жылына тоннаға жуық қияр өсіріп, өз ауылдастарымызға сатамыз. Сондай-ақ осы жылыжайға қауын, қарбыз, тағы басқа дақылдардың тұқымын егіп, көшетін алып, төрт гектар жерге отырғызамыз. Үш гектар бақшаға тамшылату суару әдісін қолдандық. Қазір қауын-қарбызымыз түйнектеп жатыр. Алдағы уақытта шыққан өнімді жылдағыдай Арал қаласы тұрғындарына саудаға шығарамыз, – дейді Ақжол Боханов.
Әу баста бақша кәсібін Үкімет қолдауымен қайтарымсыз грант ұтып бастаған қос азамат жылыжайдан жылына екі рет өнім алады. Бұдан бөлек, жігіттер биыл бақша айналасына 150 түп жеміс ағашын отырғызған.
Арал аудандық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары бөлімі берген мәліметке сүйенсек, биыл мұнда 726 гектар жерге егіс егу жоспарланған. Қазір 387 гектар жерге егін егіліп, 180 гектар ескі жоңышқа суарылыпты.
– Өзіңізге белгілі, Арал жері егін шаруашылығына аса қолайлы емес. Бірақ кейбір ауылдық жерлерде бақша дақылдарын жол бойы үзбей егіп келеміз. Мал азығынан бөлек, бақша дақылдарын, сондай-ақ қауын мен қарбыз, асқабақты жергілікті тұрғындар күзде сатылымға шығарады. Қазір Сексеуіл кенті, Ақирек, Жаңақұрылыс ауылдық округтерінде 80 гектар жерге тамшылату және пленка асты әдісімен ауыл шаруашылығы дақылдарын ектік, – дейді аудандық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары бөлімінің басшысы Жәнібек Жұбанов.
Айталық, ауданға қарасты Ақбай ауылындағы «Асхат» шаруа қожалығының төрағасы Алдоңғар Қаныбетов 5 гектар жерге бақша еккен. Оның 1 гектарына пленка асты әдісін қолданыпты. Өнімдерін жылда өзге аймақтарға шығаратын азаматтың алдағы айда қауын-қарбызы жеуге жарап қалатындай. Екі адамды тұрақты жұмысқа алған ол мал азығын да дайындайды. Қазір шаруашылықтың 9 гектар жоңышқасы жайқалып тұр.
Аралдық диқандар биыл өзіне қажетті тұқым қорын көршілес аудандардағы шаруашылықтардан алған. Сондай-ақ елді мекендердегі егістікке баратын ішкі шаруашылық каналдарды қамыс пен борықтан тазалау жұмыстары уақытылы жүріпті. Ауданда егін мен шабындық жерді суаруға 6 дизельді су насосы жұмыс істейді. Қосымша 10 ДНУ-200/75 дизельді су насосы дайын тұр. Көктемгі дала жұмыстарына 39 трактор, 7 соқа, 5 тұқымсепкіш, 20 жүк көлігі мен 22 трактор тіркемесі қатысқан.
«Ауыл аманатының» арқасында…
Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен жүзеге асып жатқан «Ауыл аманаты» бағдарламасымен Сексеуілде өз кәсібін ашқандар бар. Айталық, біз аялдаған көлік жөндеу орталығы былтыр ғана ашылыпты. Кентте тұратын Гүлзада Жетесова осы кәсіпке арнап 6,5 млн теңге несиені 2,5 пайызбен алғанын айтады. Қолы жеткен қаражатқа керекті құрал-жабдығын алдырған кәсіпкер қосымша жұмыс көзін де ашқан. Қазір жеңіл көліктердің жай-күйін тексеретін орталықтың маңайында қызмет алушылардың қарасы қалың.

Ал екінші кейіпкеріміз сексеуілдік Қазыбек Жақсылықов екі жылдан бері брусчатка дайындап жүр.
– 2024 жылы «Ауыл аманаты» бағдарламасымен жеңілдетілген несиеге қол жеткіздік. 5 млн теңге қаражатқа өз елімізде дайындалған құрал-жабдықтарды сатып алған соң құрылыс материалдарын шығарып келеміз. Өзім бұған дейін Ақтөбе қаласында осы кәсіпті оқып үйренген едім. Алдымен брусчатка, ал биыл үй сыртын қаптайтын фасад түрлерін өндіріске қостық. Ел ішінде сұраныс жоғары. Қазір цехтан күніне 50 мен 100 шаршы метр құрылыс материалдары шығуда. Келешек арманым өндірісті ұлғайтып, кент ішінен үлкен цех ашқым келеді. Өнім түрлерін де көбейту жоспарда бар, – дейді кәсіпкер.
Қазыбектің кәсібіне жерлестері дән риза. Өйткені, мұндай өнімді ат арытып, аудан орталығынан тасымайды. Қажетті құрылыс затына тапсырыс беріп, дер кезінде алатыны тағы бар. Әсіресе, жеке тұрғындардан бөлек, Сексеуіл ішіндегі абаттандыру жұмыстарына да керекті зат Қазыбектің цехынан табылып тұр.

Кәсіпкер қазір үш жерлесін тұрақты жұмыспен қамтыған. Сондай-ақ өнімге керекті шикізаттың барлығы да отандық кәсіпорындарда қолжетімді.
– Өткен жылдың соңында «Ауыл аманаты» бағдарламасына 122 жоба ұсынылып, оның 72-сі несие комитетінің отырысында қаралған болатын. Қазір 42 жоба мақұлданды. Олардың көбісі өңдеу, яғни өнім шығару саласына қатысты болып отыр. Қосымша мал мен егін шаруашылығы, қызмет көрсету саласындағы кәсіпкерлік жобалар да бар, – дейді Ж.Жұбанов.
Инвестициялық жоба игілігі
Жалпы Арал ауданында ауқымды жоба көп. Мұнда балық өндірісі мен төрт түлікті өрістетуден бөлек, кейінгі жылдары инвестиция тарту арқылы өндіріс орындарын ашу жолға қойылған. Былтыр аудан көлемінде «Ase Invest» ЖШС-ның «Тұрмысқа қажетті құрғақ ұнтақтар өндіру», «Sinooil» ЖШС-ның «Жанар-жағармай құю станциясын салу» және «Қарашалаң балық» ЖШС-ның «Арал қаласында балық өңдеу зауытын ашу» жобасы жұмысын бастады. Сондай-ақ жол бойында қызмет көрсету орталығы да бой көтерді.

Арал аудандық кәсіпкерлік және өнеркәсіп бөлімі берген мәліметке сүйенсек, биыл да бірнеше инвестициялық жобаның тұсауы кесілмек. Ресми түрде ашылмаса да «Qazaq Camel» ЖШС түйе сүтінен құрғақ ұнтақ шығаруды бастап кетті. Сондай-ақ «Тоғыс-Аралотын» ЖШС-ның жоғары сұрыпты ас тұзы өндірісі және мотоцикл құрастыру, балық шаруашылығын ұйымдастыру, «Эко Энерджи Плюс» ЖШС құрылысын салатын жол бойы қызмет көрсету кешені сияқты ірі кәсіпкерлік нысандар бар.
Сапар кезінде «Эко Энерджи Плюс» ЖШС-ның метан газын толтыру компрессорлық станциясына аялдадық. 1 млрд теңгеге бағаланған инвестициялық жоба аймақтағы алғашқылардың бірі болып қолға алынған. Аталған кешен Арал және Шиеліде қатар салынған еді. Қазір Аралдағы жобаның бірінші кезеңі аяқталып, 15 адам жұмысқа қабылданған.
– Метан газын қолдану – қазіргі көп көлікке тән. Мұнда күніне келетін түрлі көлікке мың кубқа дейін газ құямыз. Ал кешеннің жылдық қуаттылығы 12 мың автокөлікті метан газымен қамтамасыз ете алады. Алдағы жоспар бойынша мұнда газ құю бекетінен бөлек, азық-түлік дүкені, асхана, көлік жөндеу орталығы мен қонақүй іске қосылады. Бұл жобаның екінші кезеңіне екі гектар жер де бөлінген, – дейді метан станциясының басшысы Қайрат Бейісов.
Арал қаласынан көз дәрігері кабинетін ашқан Марат Ердіхалықов халық денсаулығына қатысты нағыз сұранысты қанағаттандырып отыр десек те болады. Кәсіпкер «Қызылорда» өңірлік инвестициялық орталығы» микроқаржылық ұйымы арқылы 9,8 млн теңге қаржылай несие алған. Қазір аудан тұрғындарына сапалы қызмет көрсетуді бастап кетті.
– Бұл отбасылық бизнесті ашам дегенімізге 10 жылдың көлемі болған. Былтыр ғана сәті түсті. Кәсіпкерлік мақсатта 6 пайыздық жеңілдікпен несиеге қол жеткізіп, көңілді бірледік. Дәрігер кабинетін жасақтадық, қажетті медициналық құрал-жабдықтарды өзге мемлекеттерден алдырдық. Мұның барлығы – көз ауруларын анықтауға керектілер. Үш айдан бері халыққа диагностика, кеңес беру және емдеу қызметін көрсетіп отырмыз. Мұнда келуші емделіп қана қоймай, сапалы көзілдірік те таңдайды. Ол өнімдер Қытай, Корея және Жапониядан келген, – дейді дәрігер Ағия Алмағамбетова.
Оның сөзінше, бұл жоба Аралда алғаш рет қолға алынып отыр. Бұған дейін көз ауруларын емдейтін жеке орталық болмаған. Тұрғындар аудандағы көз дәрігеріне барғанмен қабылдау уақыты тым ұзарып кететін көрінеді. Бір күнде 24 адамнан артық қабылдауы тиіс болса, келушілер бұдан асып кететін. Қазір аралдықтар емханадан бөлек, жаңадан ашылған кабинетте емделіп жүр, яғни бұрынғыдай кезек жоқ. Облыс орталығына, көршілес ауданға да сабылмайды.
Тың жобаны қолға алған кәсіпкер алдағы уақытта елге көрсетілетін қызмет түрін кеңейтіп, орталықты жаңа медициналық жабдықтармен толықтыруды жоспарлап отырғанын да айтты.
Уақытында мыңдаған тонна балық аулап, төл кәсіпті түлеткен аралдықтар енді бүгінгі нарыққа бейімделген. Ауыл шаруашылығынан бөлек, өзге кәсіп түрлерін кеңейтуге ынталы көп. Бірі наубайхана, екіншісі құрылыс материалын, тағы бір кәсіпкер сұранысқа ие өнім шығаратын цех құрған. Жұртқа қажеттіні зерттеп, соған кәсібін орайластырған бизнес өкілдерінің мұндай қадамы қуантарлықтай. Иә, теңізді өлкедегі тындырымды істің қатары толыға беретініне сенім мол.
Ержан ҚОЖАС,
«Сыр бойы».
Қызылорда-Арал-Қызылорда
syrboyi.kz










