Шілдеде Қазақстанның бірқатар өңірінде құрғақшылық пен аптап ыстық болады
"Қазгидромет" мамандарының алдын ала болжамына сәйкес, шілде айында еліміздің бірнеше облысында бірқалыпты құрғақшылық күтіледі. Сонымен қатар, маусымның соңғы күндері Қазақстанның оңтүстік және шығыс өңірлерінде ауа температурасы +42°C-қа дейін көтерілуі мүмкін. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.Синоптиктердің мәліметінше, шілде айында ауа температурасының жоғарылауына байланысты құрғақ құбылыстарға бейім аумақтар ұлғаюы ықтимал. Бұл кезеңде жауын-шашын негізінен жергілікті сипатта болып, қысқа мерзімге ғана созылады.
Бірқалыпты құрғақшылық Павлодар, Қарағанды, Шығыс Қазақстан, Абай, Алматы, Жетісу, Жамбыл, Түркістан және Қызылорда облыстарының бірқатар аудандарында күтіледі. Ал Қостанай мен Ақтөбе облыстарының кейбір өңірлерінде бірқалыпты ылғалдылық сақталады. Еліміздің қалған бөлігінде ылғалдану жағдайлары климаттық нормаға жақын болады деп болжанып отыр.
Сонымен қатар 25-27 маусым аралығында республика аумағындағы ауа райына солтүстік-батыс циклоны әсер етеді. Соның салдарынан көптеген өңірде жаңбыр жауып, найзағай ойнайды, кей жерлерде бұршақ түсіп, жел күшейіп, шаңды дауыл көтерілуі мүмкін.
25 маусымда солтүстік және солтүстік-батыс өңірлерде, 25–26 маусымда шығыста, ал 26-27 маусымда батыс пен солтүстік-батыста қатты жаңбыр жауады.
Осы кезеңде солтүстік, орталық және солтүстік-батыс аймақтарда аптап ыстықтың беті қайтып, күндіз ауа температурасы +23...+28°C-қа дейін төмендейді. Алайда оңтүстік және шығыс өңірлерде Ашхабад маңынан келетін құрғақ әрі жылы ауа массаларының әсерінен ыстық сақталып, сынап бағаны +33...+38°C-қа дейін көтеріледі. Кей жерлерде ауа температурасы +40...+42°C-қа жетуі мүмкін.
Фото: magnific.com










