Мемлекет басшысы заманауи журналистиканың айрықша рөлін атап өтті
Фото: ашық дереккөзденБұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлерінің кәсіби мерекесі қарсаңында Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев медиа саласының өкілдерін құттықтап, қазіргі заманда кәсіби журналистиканың айрықша рөлін атап өтті.
Мемлекет басшысы жалған ақпараттың таралуына қарсы күрестегі журналистердің маңызына арнайы тоқталды:
«Заманауи технологиялар цифрлық алаңда алауыздықты әдейі ушықтыратын «ботофермалардың» пайда болуына түрткі болды. Көпе-көрінеу жалған ақпарат тарату, адамды қаралау, өтірікті шындай соғатын қауіпті құбылыс қалыптасты. Оны қазір дипфейк деп атайды. Яғни объективті фактілер эмоцияның көлеңкесінде қалып, қасақана арандатушылық туғызады. Қоғамның ынтымақ-бірлігіне сына қағып, мемлекеттік институттардың атына кір келтіру үшін жасанды интеллект құралдары қолданылады. Танымал тұлғалардың жасанды цифрлық бейнелерін түпнұсқадан ажырату мүмкін емес. Мұндай технологияларды түрлі алаяқтар мен деструктивті күштер белсенді пайдаланады. Сондықтан медиа саласының қызметкерлері жауапкершілік танытып, мемлекеттің аталған гибридті, аса қауіпті қатерлерге төтеп беруіне атсалысуға тиіс. Осы орайда сіздердің еңбектеріңіз орасан», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мұндай жағдайда сапалы журналистика қоғамды жалған ақпараттан қорғаудың негізгі құралдарының бірі болып қала береді. Журналистердің кәсіби қызметі азаматтарға ақпарат ағынында бағдар табуға, фактілерді жорамалдан ажыратуға, сондай-ақ тексерілген мәліметтерді манипуляциядан айыра білуге көмектеседі.
Жалған ақпаратқа қарсы іс-қимыл орталығы фактілерге адалдық танытып, жоғары кәсіби стандарттарды ұстанатын және таратылатын ақпараттың шынайылығы үшін қоғам алдында жауапкершілікті терең сезінетін медиа өкілдеріне алғыс білдіреді.
aqmeshit-aptalygy.kz









