Топ-баннер
Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Жемқорлықпен күрес – ел дамуының маңызды шарты

Жемқорлықпен күрес – ел дамуының маңызды шарты

Сыбайластық заңмен Сыбайлас жемқорлықпен күрес-Қазақстан Республикасының мемлекеттік саясатындағы стратегиялық маңызы бар басым бағыттардың бірі. Бұл бағыттағы жұмыс кешенді және жүйелі түрде жүзеге асырылады, себебі жемқорлықтың алдын алу мен оны жою тек қана құқық қорғау органдарының міндеті емес, мемлекеттің барлық құрылымдарының үйлесімді әрекетін талап етеді. Қазіргі таңда Қазақстанда сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл заңнамалық, институционалдық және ұйымдастырушылық деңгейлерде іске асырылуда.
Сыбайлас жемқорлық–бұл бір адамның пара беруі немесе бір лауазымды тұлғаның оны алуы ғана емес. Бұл–тұтас қоғамның санаға сіңген дертінің көрінісі. Парақорлық–қағаздағы заңды емес, халықтың сенімін бұзатын құбылыс. Оны жеңу үшін тек бақылау мен жазалау жеткіліксіз – нағыз күрес әр азаматтың өз ішінде басталуы қажет.
Бүгінгі қоғамда кейбіреулер сыбайлас жемқорлықты “мәжбүрлік”, “дағды”, “қалыптасқан жүйе” деп қабылдайды. Мұндай көзқарас — адал еңбекке деген сенімнің жойылғанын көрсетеді. Біреу кезексіз баласын балабақшаға орналастырады, екіншісі жұмысқа парамен тұрады, үшіншісі мемлекеттік қызметтің «қысқа жолын» іздейді. Осы әрекеттердің барлығы – әділдікке емес, айлаға негізделген өмір салтына жол ашады.
Сыбайлас жемқорлықтың ең үлкен зияны – ұрланған қаражатта емес, болашақ ұрпақтың сана-сезімінде. Адал еңбек еткен адамның емес, “жолын тапқанның” алға шығуы–жастардың дүниетанымын бұзады. Осылайша, қоғамда “адал болу – ақымақтық” деген бұрыс түсінік қалыптасады.
Біздің қоғамда пара беруді ұят емес, ұсталып қалуды ұят санайтын түсінік қалыптасқан. Ал бұл түсінік өзгермейінше, мың заң да, жүз науқан да жемқорлықты тоқтата алмайды. Шын өзгеріс – әр адамның ішінде басталуы керек.
Мемлекеттік деңгейдегі күрестің ең маңызды элементтерінің бірі – заңнамалық база. Қазақстанда «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы» заң, «Мемлекеттік қызмет туралы» заң және бірқатар салалық нормативтік актілер қабылданған. Бұл құжаттар сыбайлас жемқорлыққа жол бермеудің құқықтық негізін құрайды. Аталған заңдарда сыбайлас жемқорлық қылмыстарының нақты анықтамалары, жауапкершілік шаралары және алдын алу тетіктері белгіленген. 
Қазақстан Республикасының заңнамасында сыбайлас жемқорлыққа нақты анықтама берілген. «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы» заңға сәйкес, бұл – адамдардың заңсыз материалдық немесе бейматериалдық игіліктер алу мақсатында өзінің қызметтік жағдайын пайдалануы. Мұндай әрекеттер қоғамда теңсіздікті тереңдетіп, әділ бәсекелестіктің жойылуына әкеледі. Сонымен қатар, сыбайлас жемқорлық ұлттық қауіпсіздікке тікелей қауіп төндіреді, себебі ол мемлекеттік институттардың тиімділігін төмендетеді.
Сыбайлас жемқорлық – көпқырлы және көпдеңгейлі құбылыс. Онымен күресу үшін тек заңнаманы жетілдіру жеткіліксіз, сонымен қатар, қоғамда адалдық пен әділдікке негізделген өмір салтын қалыптастыру қажет. Бұл – мемлекет пен азаматтардың ортақ жауапкершілігі. Қазіргі таңда Қазақстан үшін сыбайлас жемқорлықпен күрес – ел дамуының, ұлттық қауіпсіздіктің және халықаралық беделдің маңызды шарты.
Г. СМАҒҰЛОВА,
Арал аудандық отбасын қолдау орталығының заңгері
30 маусым 2026 ж. 47 0