Конституция
Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Менің таңдауым – Қорқыт ата атындағы Қызылорда университеті

Менің таңдауым – Қорқыт ата атындағы Қызылорда университеті

Адам өміріндегі ең маңызды шешімдердің бірі – мамандық пен білім ордасын таңдау. Өйткені бүгінгі таңдау – ертеңгі тағдырдың бағытын айқындайтын маңызды қадам. Әр адамның арманына бастар жолы әртүрлі болғанымен, сол жолдың берік іргетасы сапалы білімнен қаланады. Мен үшін сондай білімнің, үміттің және үлкен мүмкіндіктердің мекені – Қорқыт ата атындағы Қызылорда университеті.
Бала кезімнен журналист болуды армандадым. Себебі журналистика – жай ғана кәсіп емес, ол – қоғамның үнін жеткізетін, ақиқаттың шырағын сөндірмейтін, халықтың мұң-мұқтажын айтып, елдің сөзін сөйлейтін қасиетті мамандық. Журналистің қаламы кейде мыңдаған адамның тағдырына әсер етіп, қоғамдағы маңызды мәселелердің шешілуіне ықпал етеді. Сондықтан бұл мамандықты таңдаған жанның білімі терең, ойы сергек, жүрегі ел деп соғуы керек. Осындай азамат болып қалыптасу үшін маған мықты білім мен кәсіби орта қажет. Сол ортаны мен Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінен көрдім.
Бұл университет туралы алғаш рет Study in Kazakhstan жобасы арқылы білдім. Сол сәттен бастап оқу орнының тыныс-тіршілігін жіті бақылауға кірістім. Университеттің ресми әлеуметтік желілеріндегі жаңалықтарды үзбей оқып, студенттердің жетістіктеріне қызыға қарадым. Ғылыми жобалардағы жеңістер, халықаралық байқаулардағы жоғары нәтижелер, шығармашылық кештер, студенттік бастамалар мен жастардың белсенді өмірі мені ерекше әсерге бөледі. Әр жаңалықты оқыған сайын бұл оқу орнына деген қызығушылығым артып, уақыт өте келе ол сенімге, ал сенім нақты мақсатқа айналды.
1937 жылы негізі қаланған Қорқыт ата атындағы Қызылорда университеті – Сыр өңірінің ғана емес, еліміздің жоғары білім беру жүйесіндегі беделді оқу орындарының бірі. Ғасырға жуық тарихында бұл білім ордасы мыңдаған білікті маман тәрбиелеп, елдің дамуына елеулі үлес қосқан тұлғаларды қанаттандырды. Бүгінде университет дәстүр мен жаңашылдықты үйлестіре отырып, білім мен ғылымның жаңа белесіне көтеріліп келеді.
Қорқыт ата университетінің халықаралық деңгейдегі жетістіктері де ерекше мақтаныш сезімін ұялатады. Әлемдік QS World University Rankings рейтингіне енуі, Азия университеттерінің беделді рейтингтерінде лайықты орын алуы – оқу орнының сапалы білім берудегі табысының айқын дәлелі. Бұл жетістіктер университет қабырғасында білім алып жүрген әрбір студенттің әлемдік деңгейдегі бәсекеге қабілетті маман болып қалыптасуына мүмкіндік береді.
Мені ерекше қызықтыратыны – университетте студенттердің жан-жақты дамуына барлық жағдайдың жасалуы. Заманауи зертханалар, медиа орталықтар, шығармашылық үйірмелер, ғылыми жобалар, дебат клубтары, жастар ұйымдары мен халықаралық академиялық ұтқырлық бағдарламалары – мұның бәрі студенттің тек білім алып қана қоймай, тұлға ретінде қалыптасуына ықпал етеді. Әсіресе журналистика мамандығы үшін тәжірибенің орны бөлек. Сондықтан университеттің шығармашылық орта қалыптастырудағы мүмкіндіктері мен үшін өте құнды.
Мен журналистиканы таңдаған себебім – халық пен биліктің арасындағы алтын көпір болу, қоғамдағы өзекті мәселелерді көтеру, ұлттық құндылықтарды дәріптеу және шынайы ақпараттың салтанат құруына үлес қосу. Болашақта елдің сеніміне ие болатын, өз ұстанымынан таймайтын, әділдік пен ақиқатты ту еткен журналист болғым келеді. Меніңше, мұндай үлкен мақсаттарға жетудің алғашқы баспалдағы – дұрыс таңдалған университет.
Қорқыт ата атындағы Қызылорда университеті – мен үшін тек жоғары оқу орны ғана емес. Ол – арманға бастар жол, жаңа мүмкіндіктер мекені, талантты жастардың ордасы, болашаққа сенімді қадам жасайтын білім шаңырағы. Мен дәл осы университеттің студенті атанып, білімімді тереңдетіп, шығармашылық қабілетімді шыңдап, ұстаздарымның тәлімін алып, қазақ журналистикасының дамуына өз үлесімді қосқым келеді.
Әрбір үлкен жетістік алғашқы қадамнан басталады. Менің сол алғашқы қадамым – Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетін таңдау. Себебі мен өз болашағымды сапалы біліммен, биік мақсатпен және туған елге адал қызмет етумен байланыстырамын. Сондықтан менің таңдауым – тарихы терең, беделі биік, болашағы жарқын Қорқыт ата атындағы Қызылорда университеті. Мен осы білім ордасында оқып, арманымды ақиқатқа айналдыратыныма кәміл сенемін.
АНАР АМАНКЕЛДІ
03 шілде 2026 ж. 44 0