Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Мен таңдаған мамандық

Мен таңдаған мамандық

Журналист - өз шығармашылығы арқылы қоғамға, адамға қызмет ететін, әркез жаңаны жақтаушы, бар жақсылықты қолдаушы жан. Журналист қандай дәрежеде жұмыс істесе де, қоғамдық ақпараттық саланың қызметкері болып есептеледі. Әлемде, тіпті елімізде орын алып жатқан оқыс оқиғалар, қуанышты хабарлар менің осы мамандықты таңдауыма түрткі болды. Содан осы мамандықтықты игеріп, білікті маман болып, халқыма қызмет етуім керек деген мақсат қойдым.
Мақсатымның алғашқы баспалдағы, болашағымның іргетасы – Қорқыт Ата атындағы Қызылорда университетінде қаланды. Қазір «Журналистика» мамандығының 4-курс студентімін. Бүгінде білікті, білімді ұстаздардан дәріс алып, журналистика саласының қырсырын меңгеру үстіндемін. Университет қабырғасында білім ала жүріп, шығармашылық дамуға мол мүмкіндіктер қарастырылғаны ерекше қуантады. Дәрістегі теориялық білімімізді практика жүзінде шыңдауға мүмкіндік беретін, соңғы үлгідегі құралдармен жабдықталған телестудияда күніміздің қалай өткенін аңғармай да қаламыз. Бүгінде онда «Сіз білесіз бе?», «Кино әлеміне шолу», «Ой-перне», «Сәті түскен сұқбат» сынды тұрақты бағдарламалар жүргізіліп отыр. Өзім тізгіндейтін «Тіл мәдениетін сақтайық!» атты ақпараттық танымдық бағдарлама осы уақытқа дейін үзбей көрерменге жолданып отырды. Қазір университет бітіруімізге аз ғана уақыт қалған соң, ғылыми дипломдық жұмыстарды басты назарға алып жатырмыз. Бастысы, білім ошағын тәмамдамай жатып-ақ, өз саламыздың бір маманы болып шығарымыз анық.
Ұстазы мықтының- ұстанымы мықты дейді. Әрқашан ақиқаттан айнымау – журналист парызы деп үйретіп, мамандықтың машақатына машықтатып, әр баланың бойынан ізгілікті, ізденісті іздеп отыратын – ұстаздарымыз. Университет қабырғасынан түлеген талай түлек бүгінде республикалық, облыстық телеарналарда, баспасөз беттерінде қызмет етіп жүр. Осы тұрғыда қаламы қарымды журналист тәрбиелеуде аянбай еңбек етіп жүрген ұстаздарымызға ерекше алғысымды айтамын. Сексен бес жылдық тарихы бар Қорқыт Ата атындағы Қызылорда университеті – білікті маман даярлаудағы іргелі оқу орны қатарында. Балалық шақтаң бастауың алған арманымның негізі осы білім ошағында қаланғанына шексіз ризашылығымды білдіремін. Болашақта кәсіби маман ретінде қалыптасып, Алаш жұрты үшін қызмет етеріме сеніммен қараймын.
Әсел АСЫЛБЕК

Фото: vk.com
13 ақпан 2024 ж. 269 0