Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Журналистика – қоғамның қозғаушы күші

Журналистика – қоғамның қозғаушы күші

«Журналистика – аттың жалында, түйенің қомында жүріп қызмет ететін сала» деп Олжабай Сабырбек ағамыз айтқандай, журналистиканың үлкен жауапкершілікті талап ететінін, халықтың оң бағасын алу үшін тиянақтылық пен мамандыққа деген сүйіспеншіліктің маңызы зор екенін жоғарғы оқу орнына түскенде, таңдаудан жаңылмағанымда ұқтым. Халықтың жоғын жоқтап, мұңын мұңдап, мұқтажын түгендейтін журналист боламын деген ниетпен білім алып жүргенімде биыл, міне, 2 курс та тәмамдалыпты. Өзім таңдаған саланың кәсіби маманы боламын деген жалындаған жігермен оқуға түскен алғашқы жылым эпидахуалға байланысты қашықтан оқыту бойынша өтті. Жүзбе-жүз кесдеспесек те оқытушылар бар білгенімен бөлісіп, бағыт-бағдар берді. Екінші жылы университет қабырғасына бардық. Сол кезде теориялық алған білімді тәжірибе жүзінде шыңдап, өзіңді болашақ журналист ретінде қалыптастыратын да уақыт жетті. Айтпағым, «жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын» дегендей, журналистика мамандығының студенттеріне арналған студияны техникалық құралдармен жабдықтандырған университет ректоры Бейбіткүл Сәрсемханқызына студенттердің айтар алғысы шексіз. Заманауи талаптарға сай жасалған студия болашақ журналистерге керекті суфлер, камера, жарық, дыбыс жазу құралдарымен толыққанды қамтамасыз етілген. Өзімізден жоғары курс оқитын аға-әпкелерімізден үлгі ала жүріп, оқытушылардың жөн сілтеуімен біз де бірте-бірте мамандыққа үйренісіп, «Журналист үйірмесінің» мүшесі болдық. Осы жылдың өзінде аптаның әр күніне қойылған, университет ішінде көрсетілетін телебағдарламалардың бірнешеуін дайындадық. Нәтижесінде «Қорқыт жаңалықтары», «Кино әлеміне шолу», «Дұрыс сөйлей білейік», «Go Podcast», «Дәстүр Life», «Салт-сана», «Лайфхактар», «Қарғалдақ», «Сіз білесіз бе?», «Бір ақын – бір өлең», «Ой перне» сынды туындылар жарық көрді. Журналистика шығармашылықты талап ететіндіктен, жүйелі дүние жасап шығару үшін үйірмедегі әрбір студенттің орны ерекше. Бірінің дикциясы, бірінің бойы, келбеті, жауапкершілігі, ептілігі аса маңызды.Сонымен бірге сабақ барысында түрлі тұлғалармен сұқбаттасып, олардың өмір жолымен танысу, түсірілімдер барысында жиын-шараға барып, таным көкжиегіңді кеңейтудің өзі тың серпілістер беріп, мамандығыңа деген құштарлықты одан әрі оятады. Нағыз қызықты сәттер, тәжірибе жинап, маман болуға дағдыланатын кездер әлі алда. Күні-түні еңбектеніп, өзіңді өзің қамшылап, журналист ретінде қалыптасуға бар күш-жігеріңді салсаң, құшақ жая қарсы алатын, сапалы білім беретін білім ордасы алдымызда тұр. Осы ретте, бізді білім нәрімен сусындатып, мамандыққа машықтандырған «Журналистика» кафедрасының ұстаздарына ерекше алғысымды  білдіремін!Бастысы, журналистикаға деген жүректегі махаббатты, көздегі отты өшіріп алмай, кежегесі кейін тартқан кежірліктен арылсақ, бізден тәжірибелі маман, журналистиканың жілігін шағып, майын ішкен майталмандар шығатынына кәміл сенемін.
Асылзат ЖОЛДАСҚЫЗЫ,
Қорқыт ата атындағы Қызылорда Университетінің журналистика мамандығының 2-курс студенті
05 маусым 2022 ж. 996 0