Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Мамандығым – мақтанышым

Мамандығым – мақтанышым

Мамандық таңдау – адам өміріндегі ең маңызды қадамдардың бірі. Болашақта қандай маман иесі болғым келеді, қай мамандықты таңдасам болады? Осы бір сұрақ өмірге келіп, сана-сезімі жетілген әрбір адамды толғандырары сөзсіз. Әр адам асқақ арманға, биік мақсатқа ұмтылады. Әр мамандық өзінше тартымды, өзінше ерекше, қажетті болып саналады.
Жақсы маман болу үшін ең алдымен өзің таңдаған мамандықты сүйіп қана қоймай, сол мамандықтың қыры мен сырын жете меңгеруің керек. Сонда ғана өзің таңдаған мамандықтың қаншалықты құнды әрі маңызды екенін біле түсетін боласың.
«Адам өмірінде маңызды екі күн бар екен, бірінші – өмірге келген күнің, ал екінші – өмірге не үшін келгендігіңді түсінген күнің» деген екен Марк Твен. Бұл сөзден түйіндейтініміз: адам өзіне сұрақ қоя білу керек, менің өмірдегі мақсатым қандай, Жаратушы Алла тағала маған қандай кәсіпке бейімділік берді, мен қалай сол ісімді шыңдап, арман -мақсаттарыма жете аламын деген.
Әр адамның бойында табиғатына сай өз мінез-құлқы, ықыласпен істейтін сүйікті мамандығы болады. Сол мамандыққа сай адам өзін шыңдай біледі, кемшіліктерін түзеуге тырысады, әр уақытын тиімді пайдаланып, мамандығын зерттеп, білім алуға ұмтылады.
Бала кезден бастап, мен осы журналистика саласына қызығып, сол салаға байланысты барлық білімді алуға ұмтылатынмын, өлендер шығарып, тіл байлығымды дамытуға, сауатты сөйлеуге, камера алдында өзіңді еркін ұстауға дағдыларын үйренуге ұмтылдым.
Журналист мамандығы тазалықты, шыншылдықты, білімділікті, әр оқиғаны өз жүрегіңнен өткізе алатын сезімталдықты талап ететін ерекше мамандық болып саналады. Журналист мамандығы әрқашан болып жатқан ақпараттың алғы шебінде жүру, қайнаған қызу тіршіліктің бел ортасынан табылуымен, жаңалықтың жаршысы болуымен ерекшеленеді. Бүгінгі күннің журналистерінің тіршілігі жылдан-жылға даму үстінде. Халықка жылдам әрі нақты ақпарат беру, берген ақпаратыңның шынайы болуы саған зор жауапкершілік жүктейді.
Осы мамандықтың қыры мен сырына үңіліп, қиындығы мен қызығы қатар жүретін ғажайып мамандықты жаңа бір қырынан танытсам деймін. Жаны жабырқаған адамдарға көмектесіп, әділдік жолын ұстанғым келеді. Халыққа тез әрі сапалы жаңалықтар жеткізгім келеді. Үнемі ізденісте жүріп, жаңалыққа жаны құмар, еліне жаны ашитын адал журналист болу – менің басты міндетім.

Асылгүл МҰРАТБЕКҚЫЗЫ
15 қыркүйек 2022 ж. 3 025 0