Конституция
Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Асқақ арман мен жасампаздықтың қаласы

Асқақ арман мен жасампаздықтың қаласы

6 шілде – Қазақстанның жүрегі, елдігіміздің символына айналған Астана қаласының туған күні. Бұл – ел тарихындағы ерекше күндердің бірі. Өйткені Астана – тәуелсіздіктің тұғыры, елдің еңсесін көтерген, болашаққа деген сенімнің сәулесіндей болған қасиетті мекен. Сарыарқаның сайын даласында бой көтерген сұлу шаһар бүгінде әлем таныған заманауи мегаполиске айналды.
Астана – уақытпен бірге өсіп, жыл өткен сайын жаңа келбетке еніп келе жатқан қала. Мұнда әр келген сайын жаңа ғимараттар бой көтеріп, жаңа саябақтар мен демалыс орындары ашылып, көшелері кеңейіп, қаланың сәулеті бұрынғыдан да ажарлана түскенін байқайсың. Елорда тек сәулетті ғимараттарымен ғана емес, тазалығымен, тәртібімен, тұрғындарының мәдениетімен де ерекше әсер қалдырады.
Менің Астанаға деген сүйіспеншілігім 2024 және 2025 жылдары екі жыл қатарынан  қала күні қарсаңында осы шаһарда болған сапарларымнан кейін тіпті арта түсті. Мереке күндері елорданың ерекше құлпырып кететініне көзім жетті. Кешкісін шамдармен көмкерілген көшелер, Есілдің жағалауындағы серуен, сахналардағы әсерлі концерттер, түрлі мәдени шаралар мен әсем отшашулар мерекенің сәнін кіргізіп, қалаға ерекше көрік сыйлайды. Мыңдаған адамның жүзіндегі қуаныш пен мақтаныш сезімі елорданың мерейін үстем ете түседі.
Астанадағы сәулетті ғимараттардың ішінде маған ерекше әсер қалдырғаны – Ақорда. Сырттай қарағанның өзінде оның айбары мен көркі адамды таңғалдырады. Ақ мәрмәрмен көмкерілген еңселі ғимараттың сәулеті ел тәуелсіздігі мен мемлекеттілігінің айбынын айқын аңғартады. Оны сыртынан тамашалап тұрып, бір күні ішіне кіріп, еліміздің ең маңызды шешімдері қабылданатын тарихи залдарын өз көзіммен көрсем деген арман пайда болды. Ақорданың әр кірпіші елдің өткені мен бүгініне, жарқын болашағына деген сенімді бейнелеп тұрғандай әсер қалдырды.
Сапар барысында Ұлттық музейді де аралау бақыты бұйырды. Бұл – тек музей ғана емес, халқымыздың мыңдаған жылдық тарихын көз алдыңа әкелетін үлкен рухани қазына. Мұнда тас дәуірінен бастап бүгінгі тәуелсіз Қазақстанға дейінгі тарихи кезеңдер кеңінен қамтылған. Археологиялық қазбалар, ежелгі адамдардың тұрмыс-тіршілігі, сақ, ғұн, түркі дәуірінің құнды жәдігерлері, Қазақ хандығының тарихы, ұлт азаттық қозғалыстары, тәуелсіздік жылдарындағы жетістіктер – бәрі де жүйелі түрде көрсетілген. Әрбір залды аралаған сайын туған еліміздің терең тарихына деген құрметің артып, қазақ халқының бай мәдениеті мен өркениет жолына тағы бір мәрте тәнті боласың.
Ұлттық музейден шыққаннан кейін еліміздің сан ғасырлық даму жолын бір күнде шолып шыққандай ерекше әсерде қалдым. Өткенін құрметтеген елдің ғана болашағы баянды болатынын тағы да терең сезіндім.
Биыл да Астана өзінің даму қарқынын бәсеңдеткен жоқ. Қалада жаңа әлеуметтік және мәдени нысандар іске қосылып, тұрғындардың игілігіне қызмет ететін заманауи жобалар жүзеге асырылуда. Әрбір жаңа құрылыс елорданың көркін аша түсіп, оның халықаралық деңгейдегі беделін арттыруға үлес қосып келеді. Мұның бәрі Астананың болашаққа нық қадам басып келе жатқанын көрсетеді.
Астана – арман қуған жастардың, ғылым мен білімнің, мәдениет пен өнердің, еңбек пен табыстың ордасы. Мұнда еліміздің түкпір-түкпірінен келген азаматтар бір мақсатқа жұмылып, Қазақстанның дамуына өз үлестерін қосып келеді. Сондықтан Астана – тек әкімшілік орталық қана емес, ұлттық бірліктің, татулықтың және жасампаздықтың символы.
Жыл сайын көркейіп, жаңарып келе жатқан елордамызды көрген сайын жүректі мақтаныш сезімі кернейді. Бұл қала – тәуелсіз Қазақстанның жетістігінің жарқын бейнесі. Оның әрбір көшесі мен сәулетті ғимараты, әрбір саябағы мен мәдени нысаны елдің өркендеу жолынан сыр шертеді.
Қасиетті Сарыарқаның төсінде қоныс тепкен айбынды Астана жасай берсін! Көк байрағымыздай көкте желбіреп, әлемге танылған елордамыздың мерейі артып, көркіне көрік, сәулетіне сәулет қосыла берсін. Астана – әр қазақтың мақтанышы, тәуелсіздігіміздің мәңгілік тұғыры болып қала бермек.
Назерке МАРАТҚЫЗЫ
05 шілде 2026 ж. 19 0