Конституция
Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Домбыраны серік еткен Абылайхан

Домбыраны серік еткен Абылайхан

5 шілде – домбыра күні. Қазақтың үнін, қазақтың мұңын әуелетіп, дәстүрлі өнерімізді көкте шырқатып жүрген қасиетті аспаптың құндылығын білген ұлтымыз үшін бұл елеулі күн. "Нағыз қазақ қазақ емес, нағыз қазақ – домбыра" деп айтылу да тегін емесін осыдан-ақ аңғаруға болады.
Иә, әмме жұртқа әуезді әнді ұлттың әлдиіндей жеткізіп, даңғаза өнердің қазанында қайнаған өнерпаздар ауданда да жеткілікті. Арыдан қозғамай-ақ, кеше ғана арамызда жүріп күйдің қасиетін қанымызға дарытқан Мұрат Сыдықтан бері қарай талай тарлан топта өздерін даралап көрсетіп жүр. Ал олардың ізінен ерген жас дарындардың тобы тіпті көп. Солардың бірі – Абылайхан Бектасов.
Бүгінде Абылайханның үніне тамсанып, жүзін танитындар осының анық дәлелі. Мереке қарсаңында қашанда киелі аспапты жанынан бір елі тастамайтын жас жыршымен жүздесіп, пікірін тыңдадық.
– Мен домбыраны 6 жасымнан Арал аудандық өнер мектебінде бауырыма бастым. Содан сол өнер мектебінде күй үйірмесін бес жыл дәріс алып, жыр-терме үйірмесі бойынша екі жыл оқыдым. Жалпы, жеті жыл оқып, Қызылорда облыстық Қазанғап атындағы жоғырғы музыкалық колледжіне түстім, – дейді.
Сондай-ақ жас талапкерлерге кеңесін айта кеткен Абылайхан: "Домбыраға көңілі кетіп ерекше ықыласпен бауырына басқысы келген кейінгі жас буынға айтар кеңесім: Сол әуелгі ықыласын жоғалтпай күй күмбірін, жыр жақұтын, мақпал мақамға деген ерекше құрметін сол ықыласпен ұштастыру керек. Профессор, жырау Алмас  Алматовтың "Біз өнерге бір күнде және бір күнге келген жоқпыз" деген қанатты сөзінде айтқандай, өнердің сан ғасырлық тарихы бар екендігін және сол тарих болашаққа шексіз, шетсіз сабақтаса беретіндігін ұрпақ түсініп, "Сол тарихқа мен де енем" деген жігермен қадам басса, міне сол кезде өнері өміршең бола бермек. Домбыра мен қазақ ұштасқан ұғым. Оның біреуі жоғалса екіншісінің өмір сүруге дәрмені қалмайды. Елдің рухын көтеретін де осы екі дүние" дейді.
Күмбірі көк аспандай күмбезімізді тербеткен дарындарымыздың қатары сиремей, қазақты жаһанға таныта бергей дейміз.
О.ҚОСБАРМАҚОВ
04 шілде 2026 ж. 39 0