Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » » Домбыра – қазақ рухының коды

Домбыра – қазақ рухының коды

"Бұл – халқымыздың тамыры тереңде жатқан төл өнерін дәріптейтін мейрам. Қазақ пен домбыра – бір-бірінен бөле-жаруға болмайтын егіз ұғым. Домбыра – көне заманның аңыздарына арқау болған киелі аспап. «Ақсақ құлан» күйінің шығу төркінін білмейтін қазақ кемде-кем. Ежелгі дәуірден жеткен қастерлі домбыра ұрпақтан-ұрпаққа мирас болып келеді. Қазақ сан ғасырлық шежіресінің куәсі болған қасиетті аспапты бойтұмарына балаған. Қазіргі тілмен айтсақ, бұл – біздің ұлттық брендіміз" деген Мемлекет басшысының сөзі тақырыбымыз айшықтап беріп отырғандай.
Расында ұлттығымызды ұғындырып, тарихымыздың тереңдігін түйсіндіретін қастерлі аспап қазақтың болмысын да бағамдап бергендей. Қазақтың бір туар перзенті, ақын Жұмекеннің:
Майысып қос шегіңнен күй өткенде,
Ой туар жүрек түгіл, сүйектен де.
Домбырам қайран менің, қайран менің,
Ризамын сені маған сый еткенге.
Қолтықтап көктем келсе жыр-сұлуды,
Ізіне жыр сұлудың гүл шығулы...
Мені де қойдың ақыр жұмбақ қылып,
Күлу мен үйреттің де күрсінуді.
Сырласам көкірегіме сүйеп тұрып,
Жанымның жазығына күй ектіріп.
Ой, арман – екі шегің болсын сенің,
Берейін жүрегімді тиек қылып.
...Күй екен мынау аққан бұлақ десек,
Бұлақтар таудан ғана туад десек.
Ал, кәне, бір тыңдайық домбыраны,
Төсіне туған жердің құлақ төсеп... – деген жыр жолдары домбыраны қазақтың тек үнін әуелетіп, сазын сәндеуші емес, жанын емдеуші етіп те көрсетіп тұрғандай.
Аңызда астары бар аспап
Иә, бұл жайында бізде талай аңыз бар. Елдің шығыс өңірінде тараған мына бір аңыз көпшілікке кеңінен таныс. Тарбағатайлық күйші Бағаналы Саятөлековтың айтуынша, "Ерте заманда тауқұдірет деген құс болған екен. Домбырада жалғыз ғана ішек, тауқұдіретте жалғыз ғана қанат болыпты. Тауқұдіреттің жалғыз қанаты еркегінің оң жағына, ұрғашысының сол жағына бітеді екен. Домбыраны жасаған шебер жалғыз ішекпен көсілтіп күй тарта алмайды. Ал жалғыз қанатты тауқұдірет қалықтап ұша алмайды. Домбырашы не істерін білмей іштен тынады. Тауқұдірет болса күндіз-түні Тәңірге мұңын шағып, қалықтап ұша алатын қос қанат сұрап жалбарынады. Күндердің бір күнінде тауқұдіреттің аталығына Тәңір ой салады: "Бүйтіп зарлап жүре бергенше, талпынып тірлік етіп көріңдер" – дейді. Содан аталық тауқұдірет пен аналық тауқұдірет қолдасып ұшуды ойлайды. Бірінде – оң қанат, екіншісінде – сол қанат, екі тауқұдірет бір-бірімен қолдасып, қанаттарын кере серпеді. Сол кезде жерден бауырлары көтеріліп, қалықтай ұшып жөнеледі. Көңілі шаттанған қос тауқұдірет қуанышын жасыра алмай Тәңірге ризашылығын білдіріпті. Кейін бұл тауқұдіреттен туған балапандарға тәңір қос қанат дарытты дейді. Осы оқиғаға куә болған домбырашы "қос қанат бірігіп еді – ұшты, егер домбырада қос ішек болса қалай?" – дейді де, екінші ішек тағады. Содан кейін қос ішекті домбырасын тартса, ғажайып үн шығады. Домбырашының қуанышында шек болмайды. Тіптен, риза болғандығы сонша, ең алғашқы күйін тауқұдіретке арнайды".
Домбыраға құрмет
Ұлттық домбыра күні – әр жылдың шілде айының бірінші жексенбісінде атап өтілетін, қазақ халқының бай музыкалық мұрасын, дәстүрлі өнерін дәріптейтін ерекше күн. 2018 жылғы ел президентінің Жарлығымен белгіленген бұл мереке тек бір аспаптың ғана емес, тұтас қазақ руханиятының ұлықталуы болып саналады.
Расында домбыра – қазақ халқының тарихи санасын, ішкі жан-дүниесін, өмірге деген көзқарасын жеткізетін киелі аспап. «Нағыз қазақ – қазақ емес, нағыз қазақ – домбыра» деп Қадыр Мырза Әлі айтқандай, домбыра – ұлттың рухани паспорты. Оның екі ішегінен төгілген күй ғасырлар қойнауынан жеткен шежіре секілді. Ал ұрпақтан-ұрпаққа жетіп, тіпті талайды ажалдан арашалаған асыл аспаптан төгілген тәтті күй тағылымы тым бөлек. Себебі күй – үнсіз шежіре. Домбырамен тартылған әрбір күй – халықтың тыныс-тіршілігінің көрінісі. Құрманғазының «Сарыарқасы» – кең байтақ даланың символы, Тәттімбеттің «Сылқылдағы» – нәзіктік пен лиризмнің көрінісі, Дина Нұрпейістің күйлері – ананың мейірімін, әйелдің өр мінезін сипаттайтын сиқырға ие құдірет.
Домбыра – ұрпақтар сабақтастығы
Домбыраның ерекше құндылығы – оның ұрпақтан ұрпаққа жететін тәлімдік мәнінде. Ол – тек өнер құралы емес, тәрбие құралы. Бала домбыра тартса – ол тарихты таниды, естіледі, сөйлейді. Күй үйрену – тек саусақ қозғалысы емес, бұл – жүрек тәрбиесі. Көнеден кестелі өсисет жеткізетін дала аспабы әріден басталған әсемдігін әліге дейін жойған емес. Бүгінде домбыра тек дәстүрлі өнермен шектелмейді. Ол заманауи сахнада да өмір сүріп келеді. «The Spirit of Tengri», «Ұлытау» сияқты жобаларда домбыра рок, джаз бағыттарымен үндесіп, жаңаша сипат алуда. Тіпті десеңіз TikTok пен YouTube секілді платформаларда жастар күйді жаңаша түсініп, жаңа аудиторияға жеткізуде. Мәдени саясат және домбыра – бұл мемлекеттің руханиятқа берген бағасы. Бұл күн арқылы халық ұлттық бірегейлігін нығайтады, мәдени тәуелсіздігін күшейтеді. Домбыра үні – егемен елдің үніндей қабылданады.
Домбыра күні – қазақ болмысының, ұлттық кодының, тарихы мен тағылымының мерекесі. Домбыра үнін тыңдау – өз-өзіңді тыңдау. Оның шанағынан шыққан әр үн – халықтың жүрегінен шыққан сөз. Елдің үніне айналғандығы турасында осы бір 2015 жылы Жезқазған қаласында «Ұлытау ұлағаты» атты форум аясында өткен айтыс еске түседі. Елдің сөзін өлеңмен өрген ақындар айтысында қарағандылық ақын Мақсат Ақанов айтыстың ақтаңгері Бекарысты сынамақ болып баршамызға белгілі Жошы ханның өлімі ақсақ құланнан келуі жайлы күдікті ойды сауал етеді. Расында ханның мінген тұлпары өзі ақсақ құланға қалай бой берді деген жыр-сұхбатта Бекарыс Шойбеков домбыраның құдіретін
"Дейсің бе ақсақ құлан қалай тепкен?
Тарихқа көз жіберсең талай да өткен.
Ол деген – Кетбұғаның кереметі,
Қаһанға жеткізуді қолайлы еткен.
Ол кезде де саясат бүгінгідей
Билікке бірдеме айту оңай деп пе ең?
Заманбек өзін өзі қалай атса,
Ақсақ құлан Жошыны солай тепкен!" – тағы бір танытыпты.
Қай кезден де төрден түспей, қазақтың иісін аңқытып, өнерін шалқытқан аспаптың абыройы көк сөнгенше сембесін!
Оңталап ЖОЛДАСОВ

Фото: автордан 
09 шілде 2025 ж. 66 0