Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Көңілдің күйін шертеді

Көңілдің күйін шертеді

Қазақ халқының музыкалық мәдениетінің басты символы әрі ұлы аспабы домбыра екендігі сөзсіз. Онсыз бірде-бір шара өтпейді. Көшпенділер заманында да, қазіргі заманда да солай. Шертпелі, екі ішекті аспап түрлі мамандық иелерінің, діні мен ұлты басқа жандардың басын қосады. Домбыраның күмбірлеген дыбысы терең ой-толғауларды сөзден артық жеткізе алады. Міне, осындай ерекше қасиетке ие аспап 2010 жылы Гиннестің рекордтар кітабына енгізілді.
Міне, осынау қасиетті қара домбыраның қоңыр әуенін әуелетіп, қазақтың күйімен көңілдің күйін толқытып жүрген жандар аз емес. Үні дархан даламызбен үндесіп жататын қос ішекті құнды жәдігерді жанына серік еткендердің бірі бүгінде арамызда жүрген Ақмарал Төлекенова.
1982 жылы Атырау облысы, Исатай ауданы, Х.Ерғалиев ауылында дүниеге Ақмарал Сисенғалиқызы күйшілік өнердің бойынан табылуын тегін қасиет деп санамайды. Арғы атасы Төлекен дүлдүл күйші Құрманғазының шәкірттерінің бірі болған. Қырыққа жуық күйдің авторы атанған атасынан бүгінге жеткені «Балқаймақ», «Қаражорға» күйлері. Бұл қасиет кейіпкеріміздің әкесінің бойынан да табылған. Өз уақытында Р.Ғабдиев, Ә.Есқалиевтермен есімі қатар аталған азамат та күйшіліктің керегесін кеңіте білген.
Иә, әр сөзінде тәлім бар қазақтың «Тектіден текті туар жарқылдаған» деуі де бекер емес болса керек-ті. Осындай жандардың ұрпағы Ақмарал әкесінің тәрбиесімен 4-5 жасынан бастап қолына домбыра алған. Алғаш қос ішекті қатар шертуді де өмірлік ұстазынан үйренген ол 1992 жылы Ш.Шәріпов атындағы музыка мектебінің домбыра сыныбына қабылданады. 1996 жылы Ж.Мұхиденов мектебін үздік бітірген кейіпкеріміз мектеп бітірген соң да өнер жолынан бір қадам алыстаған емес. 1998-2002 жылдары Д.Нұрпейісова атындағы Атырау музыка колледжінде профессор Б.Мұхтарованың класынан үздік бітірсе, 2002 жылы Құрманғазы атындағы Қазақ Ұлттық консерваториясын К.Сахарбаева сыныбынан үздік бітірді.
Жастайынан ұлы өнерге жаны құмар жанның өмірлік серігі де өнер адамы. Құрманғазы атындағы Қазақ Ұлттық консерваториясының қабырғасында оқып жүріп, аралдық азамат Есбол Қадырқұловпен танысқан ол 2005 жылы шаңырақ көтерген. Бүгінде қатар отырып 4 бала тәрбиелеуде.
Оқу бітірген соң Арал аудандық балалар өнер мектебінің домбыра сыныбына ұстаздық еткен Ақмаралдың еңбегі халықтың көз алдында. Оның өнерін бүгінде Арал халқы өте жоғары бағалайды. Біз ол жағынан хабардармыз. ҚР Мәдениет қайраткері, белгілі күйші, сазгер, ақын, жырау, «Халық алғысы» төсбелгісінің иегері, Арал ауданының құрметті азаматы Мұрат Сыдықовтың кешінде түрлі күйге салып, жаныңды баурап ала кететін «Мұраттың төкпесін» күмбірлете орындаған Ақмаралға шараға жиналған барша халық тік тұрып қошемет жасады. «Табалдырықтан биік тау жоқ» деген осы болар.
Еңбегі еленген жанның өз саласында алған марапаттары мен алғыс хаттарын айтып тауыса алмаймыз. Киелі өнердің қос қанатындай болған отбасы қатар жүріп те талай биікті бағындырды. Бірақ ұстаздық еткен жанға шәкірттерінің жетістігінен асқан бақыт жоқ шығар. Талай шәкірті халықаралық, республикалық, облыстық байқаулардың жеңімпазы, жүлдегері атынып жүрген Ақмаралдан тәлім алған Нұртілек Қапанов Қазанғап атындағы музыкалық колледжін бітіріп, Құрманғазы атындағы Қазақ Ұлттық консерваториясының студенті атанса, Темірлан Райсов Қазанғап атындағы музыкалық колледжде, Айбол Амангелдиев Ж.Мусин атындағы қазақ педагогикалық колледжінде білім алып жатыр.
Домбыра күнінің ұлттық мерекеге айналуы – көнеден жеткен рухани байлығымызға берілген лайықты баға. Сондықтан ұлттық мәдениетімізді әлемге асқақтататын қасиетті аспаптың ұлықталуы заңдылық. Ал осы қазақтың қасиетті қара домбырасын жаһанға танытып келе жатқан жандарға біз де шығармашылық табыс тілейміз.
О. ЖЕКСЕМБАЙҰЛЫ

01 шілде 2023 ж. 266 0