Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » » Домбыраға құрмет – ұлтқа құрмет

Домбыраға құрмет – ұлтқа құрмет

Домбыра – ертеден келе жатқан қазақ халқының ең сүйікті, ел арасына кең тараған, түрлі шежіреге бай музыкалық аспабы. Ол ұлттың тарихында қарапайым халықтың қуанышы мен қайғы-қасіретін тең бөлісіп, қазақтың басын торлаған ауыр кезеңдерінде жұбаныш бола білген алып та ұлы аспап. Домбыра – жазу-сызу мен қазақтың қаламы мен сахнасының қызметін тең атқарған теңдессіз құндылық. Сонымен қатар ішекті аспаптардың ең көне түрі. Оның қасиетін жырлайтын этнологиялық аңыздар өте көп. Тіпті ел арасында атауының шығуы жайлы таластар жетерлік.
Енді шығу тарихына бір тоқтала кетсек. Біздің заманымыздан бұрын-ақ 5 мың жыл бұрын пайда болған. Алтайдан Анадолыға дейінгі түркі халықтарында домбыра аспабы кең таралғанын білеміз. Қазақтың қара домбырасы да тарихы терең екендігін айғақтайтын деректер мынау. Әбу Насыр әл-Фарабидің еңбектерінде тамбур аспабы жайлы айтылады. Өзбектердің дутары алғаш рет әл-Хусейнидің «Музыкалық канон» деген трактатында кездеседі. XI
ғасырда Махмұд Қашқари ежелгі түріктердің бірнеше аспаптарының түрін атап кеткен. Ол – қобыз, бубен, тамбурин, барабан, қоңырау, сыбызғы, сигналдық
барабан.
Бірақ мына бір деректің дәлелдемесі нақты уақытты көрсететіндей.
– Хорезм маңынан табылған балбал тастағы суретте бала қолына бір аспапты ұстап отыр. Оған әлемде ең ұқсасы қазақтың домбырасы. Осы балбал тастың тарихы біздің заманымызға дейінгі 5 мыңыншы жылдан басталады. Қазақ дегеннің аты да, иісі де жоқ кез. Демек қазақтан бұрын домбыраның болғандығын осымен айғақтай аламыз. «Домбыра адамның силабикалық сезімін бере алады, ішкі ырғақ пен әсем суретті көріністі тұтастай көз алдыңа әкеледі. Ұлттық код, генетикалық жады деп көп айтып жатамыз. Осы генетикалық жады домбыраның үні мен пернеден төгілген дыбыс иірімдерінде бар, – дейді Бекболат Тілеухан.
Ал енді музыка мен домбыраның арасындағы байланыс не? Біреуі аспап болып, екіншісі сол аспапта ойналатын шығарма болса, олар қалай үндеседі? Егер әнші болса, онда үш түрлі үйлесім бір арнаға шоғырлану қажет. Сондықтан күйге арналған домбыра мен әншіге керекті домбырада айырмашылық бар. Оны әрбір өнерпаз, мейлі ол шебер болсын, мейлі орындаушы болсын жақсы білуі қажет.
Мәселен, күйге арналған домбыраға әр пернедегі дыбыс таза шығуы керек, әрі осы дыбыстардың деңгейі айнымайтын және бір-бірімен үйлесімділігі де таза болуы қажет деген талап қойылады. Сондай-ақ домбыра жинақы, қоңыр үнді болуы керек. Сонда ғана қазақ күйлерінің ішкі жан-дүниесін, тілін кім болса да тыңдай алады, түсінеді. Дарылдаған шарқыш үнді домбыра адам құлағына түрпідей тиіп, кез келген шығарманы құрдымға жібереді. Оның үстіне мойны жуан, ұстауға ыңғайсыз ішектерінің қаттылығы қолыңды ауыртып әрі іліп тұрса ойнаушының мазасы кетеді. Жақсы домбыраның тағы бір сыны — ол ойнауға өте жеңіл болу, әсіресе пернені қуалай ойнағанда саусақтардың ешбір қиындықсыз, әрі жеңіл қозғалуы. Мұны бір сөзбен айтқанда бауыры жұмсақ домбыра дейді.
Қазіргі кезде домбыраның 20-дан астам түрлері бар. Ән және күй домбырасынан бөлек торсық, тұмар, кең шанақты(екі нұсқасы), балдырған, балашық, шіңкілдек, аша, үш ішекті, қуыс мойын, шертер, оркестр домбыралары, қоңыр дауысты домбыра (альт), жіңішке дауысты (прима), ащы дауысты (секунда), бас домбыралар (екі нұсқасы), іші ішекті, әмбебап домбыра, бүктемелі домбыра, өкшеқұлақ домбыра, контрабас, домбыра- тенорлар соның дәлелі.
Жалпы, домбыра дегенде қазақты осы заманға дейінгі рухтандырып келе жатқан музыкалық аспабы еске оралары сөзсіз. Елдің қуанышы мен мұңын естіртті. Қазіргі кезде домбыра ұлттық тәрбие мен білімнің кілтіне айналып отыр. Сондықтан өзгеден орны биік домбыраны құрметтеу, ұлтты құрметтеу деу білемін.
Ақмарал Төлекенова,
Арал аудандық балалар өнер мектебінің
домбыра сыныбының мұғалімі
16 қараша 2021 ж. 2 103 0