Құрылтай
Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Жастар әлеуетіне жол ашқан жарты жыл

Жастар әлеуетіне жол ашқан жарты жыл

«Жастар – кез келген мемлекеттің стратегиялық капиталы. Олардың сапалы білім алып, еңбек етіп, өз қабілетін толық жүзеге асыруына жағдай жасау – мемлекеттің басты басымдықтарының бірі». Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бұл пікірі елімізде жастар саясатының бағыт-бағдарын айқындайтын маңызды ұстаным. Соңғы жылдары жастарды жұмыспен қамту, кәсіпкерлікті қолдау, цифрлық сауаттылықты арттыру, еріктілік қозғалысын дамыту, бос уақытын тиімді ұйымдастыру бағытындағы жұмыстар жаңа мазмұнға ие болды.
Арал ауданында да мемлекеттік жастар саясатын іске асыру жүйелі түрде жүргізіліп келеді. Алты айдың қорытындысы көрсеткендей, негізгі басымдық тек мәдени-көпшілік шаралар өткізумен ғана шектелмей, жастардың еңбек нарығына бейімделуі, кәсіп бастауына мүмкіндік жасау, цифрлық технологияларды меңгеруі, қоғамдық белсенділігін арттыру және әлеуметтік қолдау шараларын күшейту бағыттарына басымдық берілді.
Статистикалық мәліметтерге сәйкес, Арал ауданында бүгінгі таңда 78 829 тұрғын өмір сүрсе, оның 25 743-і – 14 пен 35 жас аралығындағы жастар. Яғни аудан халқының 31,2 пайызын жастар құрайды.
Аталған бағыттағы жұмыстарды үйлестіруде аудандық жастар ресурстық орталығының орны ерекше. Орталықта 18 штат бірлігі бойынша директор, есепші, заңгер, екі үйлестіруші, сегіз статист, баспасөз хатшысы, іс қағаз жүргізуші, екі курьер және теолог қызмет атқарады. Сонымен қатар, Сексеуіл кентінде екі маман жастармен тұрақты жұмыс жүргізсе, барлық ауылдық округтерде жастар саясатын іске асыру тиісті мамандарға жүктелген.
Жастарды жұмыспен қамту мәселесі әрдайым назардан тыс қалған емес. 2025 жылы аудандық «Мансап» орталығына жұмыс іздеуші ретінде 647 азамат тіркелсе, олардың 637-сі жастар санатына жатады. Жыл басынан бері 48 жас тұрақты жұмысқа орналастырылды. Жастар тәжірибесі бағдарламасы арқылы 27 жасқа жолдама берілсе, қоғамдық жұмыстарға 101 жас тартылды.
Жазғы маусымдағы уақытша еңбекпен қамту шаралары да өз нәтижесін беруде. «Жасыл ел» еңбек жасағы арқылы маусым айында 40, шілде айында 40 және тамыз айында 30 жасты жұмыспен қамту жоспарланып, жалпы саны 110 жан еңбек маусымына қатысады.
Жастар арасындағы әлеуметтік осал топтармен жұмыс та тұрақты жүргізілуде. «Мансап» орталығымен бірлесіп жүргізілген өзектендіру нәтижесінде аудан бойынша NEET санатындағы жастар саны 199 адамды құрады. Оларды еңбек нарығына тарту мақсатында бос жұмыс орындарының төрт жәрмеңкесі ұйымдастырылып, түсіндіру жұмыстары жүйелі түрде жүргізілді.
Жастардың бос уақытын мазмұнды ұйымдастыру бағытында жыл басынан бері 12 бағыт бойынша 99 іс-шара өткізіліп, оған 3700-ден астам адам қатысты.

Олардың қатарында еңбек жолын енді бастаған жастарға арналған «Жас маман» жобасы бойынша 15 кездесу ұйымдастырылды. Рухани тұрақтылық пен діни сауаттылықты арттыруға бағытталған «Дін және жастар» жобасы аясында 6 кездесу өткізілді. «Еріктілер мектебі» жобасы бойынша 16 мәдени-көпшілік іс-шара жүзеге асырылды. Қоғамдық қауіпсіздік пен құқықтық мәдениетті қалыптастыруға бағытталған «Жастар қоғам назарында» жобасы аясында 24 рейд жүргізілді. Салауатты өмір салтын дәріптеген «Мен спортты таңдаймын» жобасы бойынша 5 спорттық жарыс ұйымдастырылды.
Кәсіпкерлікке қызығушылық танытып жүрген жастар үшін «Jas kasipker» жобасы аясында кәсібін жаңадан бастаған жас кәсіпкерлердің тәжірибесін насихаттайтын 13 бейнеролик дайындалып, кездесулер өткізілді. Бұл жұмыстар кәсіп бастауға ниетті жастардың тәжірибе алмасуына және мемлекеттік қолдау құралдары туралы ақпарат алуына мүмкіндік берді.
Бүгінде цифрлық технологияларды меңгеру жастардың жаңа мүмкіндіктерге жол ашатын маңызды құзыреттерінің біріне айналып отыр. Осы бағытта қолға алынған «Aral AI Hub» жобасы аудан көлеміндегі тың бастамалардың бірі болды. Жоба аясында жастар арасында жасанды интеллект мүмкіндіктерін кеңінен таныстыру мақсатында 20 ақпараттық бейнеролик әзірленіп, әлеуметтік желілерде жарияланды.
Сонымен қатар, 2026 жыл – Цифрландыру және жасанды интеллект жылы аясында жүзеге асырылып жатқан «ARAL AI HUB» жобасы шеңберінде оқыту бағдарламасының екі кезеңі өткізілді. Нәтижесінде 210 адам жасанды интеллект құралдарын тиімді пайдалану, заманауи AI платформаларымен жұмыс істеу, оларды білім беру, кәсіпкерлік және шығармашылық бағыттарында қолдану бойынша практикалық дағдыларды меңгерді. Бұл бастама аудан жастарының цифрлық сауаттылығын арттырумен қатар, еңбек нарығында сұранысқа ие жаңа құзыреттерді қалыптастыруға бағытталды.
Жастар кәсіпкерлігін қолдау жұмыстары да нақты нәтижелерімен ерекшеленеді. Бүгінде аудан бойынша 4 539 шағын және орта кәсіпкерлік субъектісі тіркелген болса, олардың 4 408-і тұрақты жұмыс істеп тұр. Жалпы субъектілердің 1 903-і жастарға тиесілі.
Мемлекеттік бағдарламалар мен қаржы ұйымдары арқылы жыл басынан бері жалпы құны 553 миллион теңгені құрайтын 63 жоба қаржыландырылды. Оның ішінде жастар жүзеге асырып отырған 18 жобаға 125 миллион теңге бағытталды. Бұл көрсеткіш жастардың кәсіпкерлікке деген қызығушылығының артып келе жатқанын және мемлекеттік қолдау тетіктерінің тиімділігін көрсетеді.
Аудан көлемінде жүзеге асырылып жатқан «Арал ауданы бойынша жастар саясатын жүзеге асыру» әлеуметтік жобасына 4,6 миллион теңге қаржы бөлініп, қаражат жастардың қоғамдық белсенділігін арттыруға, мәдени және спорттық іс-шараларды ұйымдастыруға бағытталды.
Жастардың азаматтық жауапкершілігін қалыптастыру бағытындағы жұмыстар да назардан тыс қалған жоқ. Мектеп оқушылары мен колледж студенттері арасында патриоттық және спорттық іс-шаралар ұйымдастырылып, «Заң мен тәртіп» қағидаттарын түсіндіруге арналған ақпараттық кездесулер өткізілді.
Аудандық жастар ресурстық орталығы жанындағы «Жас Толқын» еріктілер тобы қоғамдық жұмыстарға белсенді қатысып келеді. «Ардагерлерді ардақтайық» бастамасы аясында қарттарға әлеуметтік көмек көрсетіліп, түрлі қайырымдылық шаралары ұйымдастырылды. Сонымен қатар аудан жастары республикалық және өңірлік «Жайдарман» ойындарына қатысып, шығармашылық белсенділіктерін танытуда.
Экологиялық мәдениетті қалыптастыру мақсатында «Taza Qazaqstan» республикалық акциясы аясында «Мөлдір бұлақ» бастамасы жүзеге асырылып, Қамыстыбас елді мекеніндегі Қамбаш көлінің жағалауында тазалық жұмыстары ұйымдастырылды. Аталған шараларға ерікті жастар белсенді қатысып, табиғатты қорғау мәдениетін насихаттауға өз үлестерін қосты.
Ақпараттық жұмыстардың ауқымы да кеңейіп келеді. Жыл басынан бері әлеуметтік желілерде 447 жарияланым мен 113 бейнематериал жарияланып, бұқаралық ақпарат құралдарында 8 материал жарық көрді. Бұл жастар арасында мемлекеттік бағдарламаларды кеңінен түсіндіруге, жүзеге асырылып жатқан жобаларды насихаттауға және ақпараттың қолжетімділігін арттыруға мүмкіндік берді.
Алты айлық қорытынды көрсеткендей, аудандық жастар ресурстық орталығы жұмысының негізгі ерекшелігі нақты нәтижелерге бағытталған жобалардың көбеюімен, жұмыспен қамту көрсеткіштерінің жақсаруымен, жастар кәсіпкерлігінің дамуына көрсетілген қолдаумен, цифрлық технологияларды меңгеруге арналған жаңа бастамалардың іске асуымен және қоғамдық белсенді жастар қатарының артуымен сипатталады.
Алдағы кезеңде де жастардың кәсіби дамуына, әлеуметтік белсенділігіне, инновациялық жобаларға қатысуына және еңбек нарығындағы бәсекеге қабілеттілігін арттыруға бағытталған жұмыстар өз жалғасын табады. Себебі қоғамның тұрақты дамуы жастардың сапалы білім алып, нәтижелі еңбек етіп, жаңа бастамаларды жүзеге асыруына тікелей байланысты.
Гүлмарал САҚТАПОВА
09 шілде 2026 ж. 51 0