Шалғайдағы ауылдың шипагері
Адамдардың игілігі үшін қай-қай мамандық та жақсы шығар. Дегенмен денсаулықтың шынайы сақшысы болатын ақ халаттылардың қызметі өте ерекше-ақ. "Бірінші байлық" деп аталатын денсаулықты сақтайтын, қорғайтын мамандықты бәрінен жоғары қоямыз.Біздің бүгінгі кейіпкеріміз Марат Нұрымбетов - өңір медицина саласының қарапайым бір қызметкері. Бүкіл ғұмырының әр күні, әр сағатын айналасына, қияндағы малшы қауымға шерепеті мол ем-домы мен шипасын алғаусыз ұсынып өткен арда азамат. Қарапайым фельдшердің халықтан, тұрғындардан алған алғысының көптігіне талай-талай куә болдық. Жұртшылықтың мұндай өлшеусіз құрметі екінің бірінің басына бұйыра бермейтін бақ. Мүмкін өмірдің өзі осындай жампоз, мейірбан жандардың алғаусыз, адал қызметінің арқасында ғажап шығар.
Бұл кейіпкеріміз туралы жазуға түрткі болған жай жақында аудандық "Толқын" газетінің 1984 жылғы бір нөмірінде жарияланған Арал аудандық денсаулық сақтау бөлімінің меңгерушісі Қаналы Балымбетовтің газет тілшісімен сұхбатында айдынды өңірдің халқына қалтықсыз қызмет еткен сала саңлақтарының қатарында аудан орталығынан тым-тым шалғайдағы Атанши ауылының фельдшерлік-акушерлік пунктінің меңгерушісі Марат Нұрымбетовтің есімін даралап айтады. Атанши-сол кездегі "Жіңішкеқұм" қой кеңшарының №1 фермасының орталығы. Бұл сұхбат маған да ой салды. Жақсының өзі өлсе де, аты өлмейді деген емес пе. Өйткені мен сол Атанши ауылына өткен ғасырдың 1980-жылдарының аяғында мұғалім боп барып, алты жыл ауыл балаларына білім нәрін бергенмін.
Атаншиге әп деп барғанымда-ақ малшылардан, ауыл тұрғындарынан фельдшер Марат Нұрымбетов туралы, оның кәсіби біліктілігі, дәрігерлік шеберлігі, адамдарға деген зор сүйіспеншілігі, шынайы жанашырлығы қақындағы "Мәкеңнің ауылдан қойып жіберген диагнозы ешқашан қате болған емес", "Көп адамды ажалдан ап қалды ғой", "Жоғары білімді дәрігерлерден кем түспейтін" дегенне бір сүйсіне айтылған ризашылықтарды нешеме мәрте естіген едік. Тіпті олардың әңгімесінен менің санамда нағыз "Аңыз адам" бейнесі қалыптасқан еді десем болар. Бір өкініштісі, мен ол кісіні көре алмадым, 49 жасында өмірден мезгілсіз өтіп кеткен екен. "Әулиенің өзі кетсе де, орны қалады" деп халық айтқандай, жұртшылықтың жүректен шыққан жақсы сөздері үнемі айтылып жататын.
Ауданымызға аты белгілі медицина саласының біртуар тұлғасы туралы дерек білмек мақсатпен қызы Шолпанмен хабарластық. Ол перзенттік махаббатпен әкесі туралы тебірене әңгіме тиегін ағытты.
-Өмір тірлігінде кейінгіге үлгі боларлықтай із қалдыру - үлкен бақыт. Адал еңбегімен елдің ықыласына, халықтың құрметіне ие болғандардың өмір жолы қанша уақыт өтсе де өнеге болып қала береді. Мұндай адамдар өздерінің табандылығы, қайсарлығы және еңбекқорлығы арқылы қоғамда ерекше орын алады. Жасаған игі істері мен еңбектері халық жадында сақталады. Өмірі - өнегеге, еңбегі - ерлікке тең түсетін, талайдың дертіне шипа, жанына дауа берген жандардың бірі - әкем Нұрымбетов Марат Жамашұлы 1936 жылы желтоқсан айында Арал қаласында қарапайым отбасында дүниеге келген. Әкесі Жамаш еті тірі, еңбекқор, елгезек азамат болған. Жастай балық шаруашылығына араласып, әуеліде балық аулау бригадасында балықшы, аулау бригадирі, құқық қорғау органында жұмыс атқарған. Өзінің алғырлығы арқасында және ел азаматтарының демеуімен Аманөткел балық колхозында басқарма төрағасы, мал өнімдерін дайындаушы агент, Ақбай елді мекеніндегі "40 жылдық Қазақстан" колхозының төрағасы қызметін атқарыпты. Анасы Көптілеуқызы Жәкен ауқатты, текті жердің қызы. Тұңғыштары болған әкем Марат өте зейінді болған. Досекешқызы Балхаш анамызбен 1958 жылы бас қосады. Орта мектептік біліммен 1959 жылы Қызылорда қаласындағы медициналық училищесінің күндізгі бөліміне оқуға түсіп, 1962 жылы фельдшер мамандығы бойынша аяқтады.
1962-1963 жылдары Барсакелместе фельдшерлік қызметін бастайды. Сол жерде аз уақыт болса да, қызықты әңгімелерін анамның аузынан талай құмарта тыңдағанбыз... Әкесі Жамаштың "Балам-ау, менің қызметім түзде, анаңа, өзіңнен кейінгі бауырларыңа бас-көз бол, осы қызметің ел жақтан да табылар, ағайынның қасына жақындасаңшы" деген сөзін жерге тастамай, 1963-1964 жылдары Қамыстыбас ауылында фельдшер-акушер қызметін жалғастырады. Жас маманның біліктілігі тез танылып, ем іздеген науқастардың батасын көп алады. Жас маманның беталысын байқаған басшылар 1964 жылы Құланды жылқы зауытының Қосаман ауылына жібереді. 1968 жылға дейін абыройлы еңбек етеді.

Кейін аудан орталығынан тым шалғай жатқан, мал шаруашылығымен айналысатын Көкқабаққа жібереді. Бұл 1969-1976 жылдар арасы болса керек. Ауданның Жаршағыл, Көкқабақ қыстаулары мен жаз жайылымында малшылармен бірге көшіп-қонып, оларға жедел және жоспарлы медициналық көмектер көрсетеді. Еңбек адамының өмірі табиғатпен тығыз байланысты болғандықтан, оның өзіне тән көптеген қиындықтары болады. Малшылар қыстың қатты аязына, жаздың ыстығына қарамастан мал бағады. Түнде тұрып малды қарау сияқты толып жатқан қиындықтары бар. Оған көшіп-қонуды қосыңыз... Осындай бейнетті әкем малшылармен қатар көре жүріп, табандылықпен еңбек етті. 1976 жылы "Жіңішкеқұм" кеңшарының №1 фермасы Атанши боп құрылған жылдан бастап фельдшерлік-акушерлік пунктте қызметін жалғастырды. Содан 1985 жылға дейін абыройлы жұмыс жасады.
Шалғайда еңбек еткен соң, адамдар арасында дәрігерлік көмекке жүгінетін түрлі жағдаяттар орын алып жатады. Қанша перзенттің дүниеге келуі, қателікпен құлау, шығу, сыну, тұмау тию, жөтелу, тіс, іш аурулары, тіпті баланы сүндеттеу секілді себептер әкемнің әмбебап дәрігер болмасына амалын қалдырмаған сияқты. Аудан орталығынан шалғай жатқан ауылдарды жылдың әр мезгілінде түрлі сала дәрігерлерінен жасақталған бригада аралайды. Ауданнан келген білікті дәрігерлер әкемнің ерлікке пара-пар еңбегіне тәнті болып, "Біздің Мәкең-терапевт, біздің Мәкең-стоматолог,біздің Мәкең -гинеколог, біздің Мәкең -хирург, біздің Мәкең травматолог, біздің Мәкең..." деп, арқасынан қағып жатады. Тіс жұлатын құралмен қатты қиналған науқастың тісін жұлып, скальпельмен жеңіл кесу, таңу сияқты жұмыстарды өзі жасай беретін. Бала болсақ та, соның бәрін көзіміз көрді. Осы қызметтердің басы-қасында анамыз кәсіби медбике ретінде көмекшісі бола білді. Ол кездегі аналарымыз қайбір жанын күтті дейсің?.. Бейнетімен жүріп, босанар уақытын да аңдамай қалады. Толғақ қысқан талай әйелді босандырып, кіндігін кесіп, тіпті есімін де қойып кете беретін. Бүгінде естелік айтып, естігенді жеткізу сондай жеңіл болғанымен, олай жасау үшін қанша рет тәуекелге барып, жанын шүберекке түйді екен қайран әкем!..
Әкемнің мұндай батыл болуы болмысынан десек те, қасында Балхаш анамыздай жарының үйдегі шаруаны тап-тұйнақтай қылып, бала-шағаның тәрбие-біліміне, ақыл-ой зеректігіне жіті мән бергенінен де болар деймін. Әкемнің күн-түн жүріп малшы ауылды "Сұржекей" деген атымен аралап, түзден келетін әрбір сәтінде тынымсыз ас-суын қамдайтын анамның бейнесі көз алдымызда кино лентасындай өріліп қалды. Көбіне біздің үй аурухана бөлмесі сияқты. Ауырып келген адамдардың ем-домын жасап, құлан-таза айықтырып қайтаратын. Анам ас-суын қамдап, сол науқастармен бір үйдің адамдарындай бір дастарқанда отырып асы ішетін едік. Не деген дархан көңіл, даладай кеңдік десеңші!..
Дәрігер еңбегі - адам өмірінің кепілі десек, алыс ауылда жүріп-ақ осынша елмен біте қайнасқан, Гиппократтың антына адал боп, азаматтық тұлғасымен сый-құрметке бөленген жаны жайсаң, дарқан мінезді әкемді құрдастары "Майкл" деп атаған. Әкемнің еткен еңбегі еленіп, ҚР Денсаулық сақтау Министрлігінің "Денсаулық саласының үздігі" атағын иеленген. Десек те, оның ең үлкен марапаты - сауығып шыққан науқастардың алғысы мен адамдардың сенімі болатын. Бұл әкем үшін омыраудағы төсбелгіден де, берілген мақтау қағаздан да артық құрмет еді... Бір әттеген-айы, алдына келген науқасты емдемей қайтармайтын әкемнің өз өмірі күрмеуге келмейтін қысқа жіптей болды… Әкем мен анамның отбасылық өмірді бірге бастап, тауқыметін бірге кешкен, ұл-қыздарын енді аяқтандырамын деп жүргендегі тағдырдың жазуына шара жоқ екен… Қазіргі таңда ұрпақтары Қазақстанның әр қаласында елдің экономикалық және әлеуметтік дамуына өз үлестерін қосып, ағарту мен сот, құрылыс пен бизнес саласында адал қызмет жасап келеді. Әке мен ананың берген тәлімі, отбасының ішкі құндылығы, балаларының да тұлға болып қалыптасуына зор үлесін қосты. "Жақсы әке балаға 40 жыл азық" дегендей, осы күнге дейін әкеміздің көзін көріп, анамыздың қолынан дәм татқан жандар "Е, Мәкеңнің баласы екенсің ғой!" деп жатады…
Атанши ауылында мұғалім боп жүргенімде көргенім, ауа-райы қолайсыз кезде аяқасты ауырған науқасқа қаладан жедел жәрдем шақырғанда, оншақты сағатта әзер жеткендерін көргеніміз бар. Сондайда барлық күш ауылдағы жалғыз фельдшерге түсетіні айқын. Өйткені фермадағы үш жүзден астам адамның еңбектеген баласынан еңкейген қарияларына дейін қарау - оның міндеті еді.
1976 жылдың қаңтарында, қытымыр қыстың күшіне мініп тұрғанда қойшы Дәулет Қызылбаевтың аяғы ауыр әйелі Күлсіннің толғағы басталады. Толғағы өте ауыр өтеді. Ауданға жетуге үміт жоқ. Содан қиналған ананың қасында Марат бар күшін салып жеті-сегіз сағат арпалысып, маңдай тері сорғалап отырып ақыры босандырып алады. Кіндігіне оратылып туған қызыл шақалақта жан жоқ. Өмір үшін күреске бір-жар минут қана берілген. Шақалақты қолға алып сілки қимылдап, аузынан үрлеп, іле құйрығынан шапалақпен шарт еткізіп ұрғанда, ол шар етеді. Ауыл әйелдері тірі қалған баланың аузына түкіртіп, дәрігердің кіндік баласы атандырған, есімін Жақсыбай қойдырған. Жалпы осы малды өңірдегі екі баланың бірін жарық дүниеге қабылдап алғандықтан, ауылда дәрігер ағаның кіндік балалары көп болатын. Мұндай ауыр жағдай өз жұбайымен де болған. Қарашаның қара суық күндері әйелі Балхаш бір жеті толғақ үстінде болады. Талай сәттер басынан өткен Марат қатты қиналады. Әбден талықсыған ана әлсірей бастайды. Енді еш шарасы қалмаған шипагердің тұйыққа тіреліп, темекі шегуге сыртқа шығады. Сол сәттегі жайын кейін былай де еске алады. "Шыбын жаным мұрнымның ұшына келді. Бір әрекет етпесем, жарым өмірмен қоштасары анық. Жанымда ойласатын ешкім жоқ. Жатырдағы баланы кесіп-кесіп алып тастап, әйелімді аман алып қалуға нық бекініп, үйге қайта кірдім. Әйелімді тағы бір мәрте құшағыма мықтап алып тұрып күш беруді ойладым. Алланың шексіз рақымы болар, шыр етіп Бақыткүл қызым дүниеге келді ғой" дейді. Міне, орталықтан шалғай, қиян шеттегі ауыл дәрігерінің дағдылы жұмысы осындай болған.
Атанши ауылындағы №69 мектептің байырғы мұғалімі Майданбай Байжанов дәрігер аға туралы "Білікті дәрігер" деген естелігінде: "Әр оқу жылының аяқталар кезінде 5-9-сынып оқушыларының практикалық жұмысы басталады. Онда шопандардың қыстайтын үйлеріндегі пештеріне арнап кірпіш басатынбыз. Ол жұмысты жүргізу менің мойнымда.
1983-1984 оқу жылын аяқтап, ауыл сыртындағы ауызсу құдығының басында кірпіш басу басталып кеткен. Сазды балалар аяқпен илеп, қыздар қамыр илегендей үлкен-үлкен домалақтар жасап, құмға домалатып дайындап қояды. Ересектері қалыптың бұрыштарына дәлдеп ұрып, толмаған жерлерін толықтырып береді. Әлі келетіндер қалыпты сүйреп барып, қатар-қатар төңкеріп тастап жататын. Жұмысымыз бір қалыпқа түскенімен, барлық ауыртпалық өзіме түсті. Өйткені кірпіш жарылмау керек, ол үшін иін қандырып илеу көп күшті қажет ететін. Мамыр айының аяғы, күн ыстық, мұздай суды үстіңе құйып, арасында шөл қысқанда сап-салқын суды әлсін-әлсін ішіп қоясың. Кетпенмен тартып беріп, аяқпен басып иін қандыру үлкен күшті қажет етті. Соның бәріне менің күшім керек болды. Жұмысты жайлы еткеніммен әлім кетіп, мазам болмағасын ауыл дәрігері Марат ағайға бардым. Ол орта бойлы, денесі мығым келген, шашы тіп-тік қайратты, үнемі ақ халатын үстінен тастамайтын кісі болатын. Күніге дәрігерлік пунктінде ауыл адамдарын қабылдап, ем-домын беріп, асқынғаны болса, қалаға жолдама беріп жіберіп отыратын. Марат ағай тексеріп көргеннен кейін:" Сары ауру болыпсың. Қалаға жұқпалы аурулар бөліміне жіберемін. Тезірек барып жатпасаң болмайды, ыстық-суықты су ішіп, бауырыңа күш түскен, бауырың іріп кетсе өлімге алып келеді" деп жолдама жазып берді. Қаладағы сары аурулар бөлімшесіне қабылданып, құлан-таза жазылып шықтым. Диагнозымды дәл тауып, дер кезінде жіберген ағамызға мың алғыс зор еді" дейді.
Ауыл тұрғындары Марат ағаның өз ем-домында халықтық емдерді де жиі қолданатынын бүгінге дейін айтып жүр. Ол аурудың тамырын ұстап, уқалау арқылы емдеу нүктелерін табатын. Өңірдегі науқасқа дауасы бар шөптерді мезгілінде жинап, кептіріп, ерекше дәрмектер жасап, оны ем барысында қолданған. Бұл да білікті шипагердің медициналық тәжірибесінен туындаған игі шаралары болғаны сөзсіз.
Ешқашан демалу дегенді білмеген ауыл дәрігері Марат Нұрымбетов кәсіби қызметін атқара жүріп денсаулығын сарп еткен. Қыстыгүні екен. Түнгі төрттерде малды ауылдан атпен жеткен қойшы есік қағады. Шешесі беймезгіл шақта сырқаттанып қалған. Жылы төсекте жатқан дәрігер тұра сала жүре жеңіл киініп, қобдишасын қолына алып, келген адаммен асығыс аяз буып тұрған далаға шығып кетеді. Қой ауыл - жеті-сегіз шақырым жер. Науқас жанға жетем дегенше таң бозарады. Оған алғашқы медициналық көмегін де береді. Алайда сол жолы қатты суыққа ұрынып, менингит ауруына ұшырайды. Қызылорда асып емделеді, денсаулығы қалпына келгендей болғанмен де, сол аурудың салдарынан төрт жылдан кейін дүниеден өтіп кетеді.
Ауданымыздың ең шеткері елді мекені Атанши ауылындағы фельдшерлік-акушерлік пункттің меңгерушісі боп өмірінің ақырғы күндеріне дейін мінсіз атқарған ақ халатты абзал жан, ҚР Денсаулық саласының үздігі Марат Нұрымбетовтің дәрігерлік дара қызметі - Гиппократ антына беріктіктің туған жеріміздегі бір ерен үлгісі.
Ерғали АБДУЛЛА, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі.










