Әке жолын жалғаған ұстаз
Мектеп дәлізінде қоңырау үні естілген сәтте сыныпқа асықпай бет алған ұстаздың жүрісінен-ақ байыптылық байқалады. Қолында журнал, жүзінде сабыр. Сырттай қараған адамға қарапайым көрінгенімен, оның артында ондаған жылдық еңбек, жүздеген шәкірттің тағдыры жатыр. Сексеуіл кентіндегі №231 орта мектептің тарих пәні мұғалімі Жанәділ Имлядинұлы Төрединов осындай ұстаздардың қатарынан. Жарты ғасырға жуық өмірін ауыл тіршілігімен, ал отыз алты жылын шәкірт тәрбиесімен байланыстырған ұстаздың өмір жолы да, ұстаздық ұстанымы да бөлек назар аудартады. Ол 1966 жылдың 26 қарашасында Арал ауданына қарасты Ақбасты елді мекенінде дүниеге келген. Балалық шағы Арал теңізінің жағасында өтті. Ол кезде ауыл баласының тіршілігі бүгінгідей емес еді. Қыс түсе мал бағу, су тасу, от жағу, жазда шөп шабу – бәрі күнделікті өмірдің бір бөлігі болатын. Ойынға уақыт аз тисе де, сол еңбек оны ерте есейтті. Жанәділ ағайдың айтуынша, еңбекке үшінші сыныптан бастап араласқан. Әкесі жанынан қалдырмай, үнемі қасына ертіп жүрген. Сол жылдардағы бейнет төзімділікке, сабыр сақтауға, қандай іске де жауапкершілікпен қарауға үйретті. Үйде он бала болып өскен ол үшін отбасы тәрбиесінің орны бөлек. Әкесі 47 жыл бойы ұстаздық етсе, анасы медицина саласында еңбек еткен. Осындай ортада өскен бала үшін мұғалім болу жай таңдау емес, өмірдің заңды жалғасы сияқты көрінген. Әрине, бала күнінде ұшқыш болуды да, ғарышкер болуды да армандаған. Бірақ уақыт өте келе әке жолын жалғау туралы шешім оның өміріндегі ең маңызды таңдауға айналды.Жанәділ Имлядинұлы еңбек жолын бірден мектептен бастаған жоқ. Алдымен Ақтөбедегі индустриалды-педагогикалық техникумды бітіріп, техник мамандығын игерді. Біренеше жыл теміржол саласында жұмыс істеді. Алайда ауылдағы жаңа мектепке мұғалім жетіспей, сол жаққа шақырту алғаннан кейін ұстаздық жолға бет бұрды. 1990 жылы Сексеуілдегі №231 мектепке еңбек пәнінің мұғалімі болып келді. Кейін білімін жалғастырып, Қызылорда білім және бизнес институтында тарих мамандығын тәмамдап, 1999 жылдан бастап тарих пәнінен сабақ бере бастады. Алғаш қолына журнал ұстап, сыныпқа кірген сәтін ол әлі ұмытпаған. Өзі қатарлас балалар таңырқап қарап, кейбірі жымыңдап күліп, жас мұғалімді сынағандай болған. Бірақ сол күннен басталған жол бүгінде тұтас ғұмырға айналған. Осы жылдар ішінде ол талай шәкіртті тәрбиелеп шығарды. Бүгінде оның шәкірттері Астанада, Жамбылда, Қытайда білім алып, әр салада еңбек етіп жүр. Бір шәкірті Қытайда докторантурада оқып жүрсе, енді бірі Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде сабақ берген. Тағы бір шәкірті дизайнер мамандығын тәмамдап, Жамбыл өңірінде жұмыс істеп жүр. Оның айтуынша, ұстаз үшін ең үлкен жетістік – шәкіртінің өз жолын тауып, қоғамға пайдасын тигізуі. Есте қалған шәкірттерінің бірі – кезінде оқу үлгерімі төмен болған оқушы. Көпшілік одан нәтиже күтпеген. Бірақ Жанәділ ағай сол оқушымен кешкі уақытқа дейін қалып дайындалып, жүздеген тест шешкен. Ақырында сол шәкірті грант иегері атанып, бүгінде өзі де мұғалім болып жүр. Бұл оқиға ұстаздың өзіне де ерекше әсер қалдырған. Оның шәкірті Ақнұр Қуандық ағайының тарихты ерекше әдіспен түсіндіретінін айтады. Тарихи оқиғаларды жай жаттатпай, олардың мәнін терең түсіндіруге тырысатын ұстаздың сабағы оқушыларға әрдайым әсерлі өтетін көрінеді. Сол еңбектің нәтижесінде Ақнұр аудандық кезеңде бірінші орын алып, облыстық кезеңде үшінші орын иеленген. Ал әріптесі Алтын ұстаздың сабырлы мінезін ерекше атап өтті. Оның айтуынша, Жанәділ ағай қандай қиын жағдай болса да байыппен шешуге тырысады және жас мамандарға дұрыс бағыт-бағдар бере алады. Өзінің де ұстанымы айқын: «Мұғалім оқушыдан бірнеше есе артық білуі керек». Бұл сөздің астарында үлкен жауапкершілік жатыр. Бүгінгі білім саласындағы өзгерістер, технологияның дамуы, жасанды интеллектінің енуі – бәрі ұстазға жаңа талаптар қойып отыр. Бірақ Жанәділ ағай үшін басты нәрсе өзгермейді: білім мен тәрбие қатар жүруі керек.
Жұбайы Гүлімай Байниязованың айтуынша, Жанәділ Имлядинұлы үйде де өз орнын сақтай білетін, салмақты, сабырлы адам. Қоғам ішінде ашық-жарқын, әзілқой болғанымен, отбасында әкелік жауапкершілікті бәрінен жоғары қояды. Балаларына ақылын айтып, жөн сілтеп отырады. Бірақ қаталдықтан бұрын жақындықты таңдайды. Баламен баладай, үлкенмен үлкендей сөйлесе алатын қасиеті оны айналасына жақын етеді. Жұбайы оның қанағатшылдығын, дүниеқоңыз еместігін ерекше бағалайтынын айтады. Сонымен қатар, Жанәділ ағайдың көпшілік біле бермейтін қырлары да бар. Ол сурет салып, газет оқып, домбырамен қос ішекке жан бітіреді. Техникаға қызығушылығынан бөлек, саясаттан да хабардар болып шықты. Осындай жан-жақтылық оның дүниетанымын кеңейтіп, ұстаз ретіндегі болмысын толықтыра түскендей. Өзінің айтуынша, бүгінгі қоғамда адамның киіміне емес, біліміне қарайтын уақыт келген. Сол себепті ол үшін оқу мен ізденіс ешқашан тоқтамауы керек. «Адам қанша жасқа келсе де тоқтап қалмауы керек» деген сөзі оның өмірлік қағидасын анық аңғартады. Ұстаздық жолдағы ең ауыр сәттердің бірі – шәкіртінің сенімін ақтай алмау. Ал ең үлкен қуаныш – сол шәкірттер туралы жақсы хабар есту.
Жанәділ Имлядинұлы үшін ұстаздық – жай мамандық емес, әкеден қалған аманат, өмірлік жауапкершілік. Сол аманатты арқалап келе жатқан ұстаздың еңбегі бүгінде талай шәкірттің тағдырынан көрініс тауып отыр.
Жұлдызай Нағашыбаева,
СДУ университетінің 2 курс студенті









