Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » » Жүрекке жол тапқан ұстаз

Жүрекке жол тапқан ұстаз

Көкжиектен қызыл шырайға бөленіп таңы атты. Сексеуіл кентінде орналасқан №177 орта мектептің дәлізінде балалар күлкісі, қоңырау үні, дәптер сыбдыры естіледі. Осы таныс әуен отыз екі жылдан бері бір адамның өмір ырғағына айналған. Ол – Тәңірбергенова Ақбота Жолмағанбетқызы. Бұл есім сексеуілдіктер үшін ұстаздық ұғымымен қатар аталатындай. Өмір жолын мұғалімдік ұлы қызметкен арнаған осы жанның адамдық һам мамандық болмысына терең үңілетін боламыз.
Ұстаздыққа апарар жол
Ақбота Жолмағанбетқызы 1971 жылы Арал ауданы, Сексеуіл кентінде дүниеге келді. Бала күнінен ұстаздыққа жақын өсті. Мектеп қабырғасындағы ақ тақта, иісі сіңген бор, кітапқа толы сөмке – оның балалық арманының бөлшегі еді. 1993 жылы жоғары оқу орнын тәмамдаған жас маман бір сәт те ойланбастан, өзі білім алған №177 орта мектептің табалдырығын ұстаз болып аттайды. Сол күннен бастап бұл мектеп оның тағдырына айналды.
Жас мұғалім алғашқы жылдары-ақ еңбекқорлығымен, жауапкершілігімен, бала жанына үңіле білетін сабырлы мінезімен көзге түсті. Ол үшін сабақ беру – тақырып түсіндіру ғана емес, ең алдымен жүрек тәрбиесі еді.
Алғашқы сынып – ұстаздықтың бастауы
2000-2001 оқу жылында Ақбота Жолмағанбетқызына 5 «В» сыныбы сеніп тапсырылды. Бұл оның алғашқы сынып жетекшілігі болатын. Осы сәттен бастап ол өзін жай пән мұғалімі емес, тәрбиеші, бағыт беруші, кейде ана, кейде дос ретінде сезінді.
Сол сынып ұстаз жадында ерекше сақталған. Өйткені бұл балалармен бірге ол да өсті, ізденді, қателесті, қуанды, жеңіске жетті. Сыныптастар арасындағы ауызбірлік, ортақ мақсат, үздіксіз еңбек өз нәтижесін берді. Олар түрлі олимпиадаларда, шығармашылық сайыстарда, мәдени шараларда белсенді болды. Ең бастысы – адам болып қалыптасты.
Биыл мектеп бітіргендеріне жиырма жыл болатын 2006 жылы алтын ұясынан түлеп ұшқан сол шәкірттер бүгінде еліміздің түкпір-түкпірінде еңбек етіп жүр. Бірі – дәрігер, бірі – инженер, бірі – ұстаз, бірі – кәсіпкер, бірі – депутат, енді бірі – теміржолшы. Қай-қайсысы да өз орнын тапқан азаматтар. Өмірлік жолын айқындап берген ұстаздарына шәкірттерінің құрметі шексіз.
– Олардың әр жетістігі – менің жүрегіме жазылған алғыс, – дейді ұстаз.
Үш буын… төртінші толқын…
Ақбота Жолмағанбетқызы кейінгі жылдары тағы екі сыныпты түлетіп ұшырды. «Алдыңғы арба қалай жүрсе, соңғы арба да солай жүреді» дегендей, бұл сыныптар да мектептің мақтанышына айналды. Ұйымшылдық, тәртіп, жауапкершілік – осы үш ұғым оның тәрбиесінің өзегі.
Қазіргі таңда ұстаз төртінші буын шәкірттерін тәрбиелеп отыр. Сыныбы – 10-сынып оқушылары. Олар түрлі пәндік олимпиадаларда, өнер және спорт байқауларында жүлдегер атанып жүр. Әр баланың бойынан қабілет іздеп, соны ашуға ұмтылу – ұстаздың күнделікті еңбегі.
Әуелі – адам, содан соң маман
Ақбота Тәңірбергенованың педагогикалық ұстанымы айқын: алдымен адам тәрбиелеу. Оның сабағында бағадан бұрын – бағалау, талаптан бұрын – түсіну, қаталдықтан бұрын – мейірім тұрады.
– Әр бала – бір тағдыр. Сол тағдырдың бұзылмай, жоғалмай, жарқырап қалыптасуына ықпал ету – мұғалімнің ең үлкен жауапкершілігі, – дейді ол.
Сондықтан оның шәкірттері мектеп қабырғасында жүріп-ақ қоғамдық шараларға, қайырымдылық акцияларына, мәдени жобаларға белсене қатысады. Олар тек білім алып қана қоймай, өмір сүруді, ортада өз орнын табуды үйренеді.
Еңбек еленбей қалмайды
Ұзақ жылғы қажырлы еңбегі көптеген марапаттармен бағаланды. «Үздік тәрбие маманы» аудандық байқауының жеңімпазы, республикалық және халықаралық өнер, педагогикалық, шығармашылық байқаулардың бірнеше дүркін дипломанты. Оның шәкірттері республикалық кинофестивальдерде, өнер сайыстарында, шығармашылық жобаларда жеңімпаз атанып жүр. Ұстаздың өзі де педагогикалық олимпиадаларда жоғары нәтиже көрсетіп, кәсіби шеберлігін дәлелдеген.
Оның тәжірибесі облыстық, республикалық жинақтарға енгізіліп, үздік педагог ретінде энциклопедияға енгені – еңбегінің тағы бір дәлелі.
Ақбота Жолмағанбетқызы – тек шәкірт тәрбиелеуші ғана емес, жас мамандарға бағыт-бағдар беріп жүрген тәлімгер. Мектеп өмірінің барлық саласына белсене араласып, әдістемелік жұмыстарға, тәрбие жобаларына, қоғамдық іс-шараларға ұйытқы болып келеді. Әріптестері оны сабырлы мінезі, әділдігі, қолдауға әрдайым дайын тұратын адами болмысы үшін ерекше құрметтейді.
Ұстаз – жар, ана және әже
Мектептегі мұғалім Ақбота – өмірде көпбалалы ана. Төрт баланың ардақты анасы, бүгінде немере сүйіп отырған бақытты әже. Ол үшін отбасы – рухани тірек, ал шәкірттері – екінші бір үлкен жанұясы.
– Отбасында алған мейірімімді шәкірттеріме, шәкірттерімнен алған қуатымды отбасымда бөлісемін, – дейді ол.
Өмірлік миссия
Ақбота Жолмағанбетқызы үшін ұстаздық – қызмет емес, миссия. Таңмен тұрып, кеш батқанша бала тағдырымен бірге өмір сүру – оның күнделікті дағдысы. Биыл 55 жастың төріне шығатын ол қуанышты да, уайымды да, жеңісті де, қиындықты да шәкірттерімен бірге өткеріп келеді.
Отыз екі жыл. Мыңдаған сабақ. Жүздеген ата-ана. Төрт буын түлек. Бірақ бір ғана өзгермеген қағида бар - балаға деген адалдық.
Сексеуіл кентіндегі қарапайым бір мектептен басталған бұл жол – бүгін талай тағдырға сәуле түсірген үлкен өмір жолына айналды. Ұстаздың жүрегінде әр шәкірттің ізі бар. Ал сол шәкірттердің тағдырында – бір ұстаздың мейірімі мен еңбегі бар.
Осындай ұстаздар барда мектеп – тек білім ордасы емес, рух ордасы болып қала береді.
Н.БАҚЫРАН
17 қаңтар 2026 ж. 63 0