ҰСТАЗ – МЕЙІРІМІНЕН ТУҒАН ҰЛЫ ЖОЛ
Адам ғұмырының мәні – артында қалдырған еңбегі мен ұрпаққа берген үлес. Әр адамның өмір жолында өзіне ғана тән із, өзіне ғана тиесілі белес бар. Ал сол ізін білім көшіне арнап, шәкіртінің жүрегіне шырақ үрлеген жан – нағыз ұстаз. Осындай ардақты тұлғалардың бірі – тәжірибелі педагог, география пәнінің білікті маманы, Ыбырай Алтынсарин атындағы медаль иегері Жанар Князбекқызы Жумашева. Мырзашөлден басталған арман
1971 жылы Өзбекстан, Жыззақ облысы, Мырзашөл ауданының кең даласында дүние есігін ашқан Жанар Князбекқызының тағдыры ауыл топырағынан нәр алған қарапайым қазақ қызының әдемі ғұмыр баянын еске салады. Балалық шағы күн шуағы мол Мырзашөлдің баурайында өтіп, алғашқы білімін №15 Ф.Э.Дзержинский атындағы мектептен алды. Кейін Шымкент қаласындағы №12 мектепте білімін жалғастырып, ерте бастан қалыптасқан бір ғана асыл мақсатына берік болды – ұстаз болу.
Жастықтың жігері мен талаптың күші оны үлкен қала – Алматыға жетеледі. 1988-1994 жылдары Қазақтың Қыздар Педагогтік Институтында алған терең білім, көрген орта, шыңдалған тәжірибе болашағының берік іргетасын қалады. Институтты «Үздік дипломмен» аяқтауы –жастайынан ізденгіштік пен талаптылықты серік еткенінің айғағы.
Шижаға мен Арал арасындағы ұстаздық ғұмыр
Жанар Князбекқызы 1991 жылы Қызылорда облысының тумасы Қалыбай Махамбетжанұлымен отбасын құрып, азаматтық жолы мен ұстаздық қызметін қатар алып жүрді. Бес перзент сүйген ата-ана үшін отбасы – тұғыр, ал бала тәрбиесі – өмірдің ең үлкен байлығы болды.
Отбасы жағдайына байланысты бірнеше жыл жұмыстан алшақтағанымен, ұстаздыққа деген махаббат оның жүрегінде еш өшкен емес.
1993 жылы Сазды ауылындағы №60 мектепте география-биология пәнінің мұғалімі қызметін атқарып, қайтадан шәкірт алдындағы жауапты жолды бастады. Әр сабақта табиғаттың қыр-сырын қызықты етіп жеткізіп, балалардың пәнге деген құштарлығын арттырды.
2001 жылы Шижаға елді мекеніне қоныс аударып, №57 Е.Көшербаев атындағы мектепке қабылданды. Бұл мектепте ол жас ұрпаққа тек білім ғана емес, өмірлік бағдар, ынта мен жігер беруді басты мақсат етті.
2004 жылдан бастап Аралқұм ауылындағы №61 мектепте еңбек етіп, кәсіби білігін одан әрі шыңдады.
2012 жылы тағдыр оларды қайтадан Шижағаға әкеліп, өзіне ыстық ұжымына, №57 мектепке қайта оралды. Содан бері туған ауылдың білімін көтеріп, талай шәкіртін білім тағдырына бағыттап келеді.
Шәкірттің биігі – ұстаздың жүрек жылуы
Жанар апайдың ұстаздық жолындағы ең үлкен жетістігі – оның шәкірттері. Ұстаз жүрегінің жылуын сезініп өскен әрбір оқушының табысы оның еңбегінің шынайы жемісі.
Мырзаханова Анель – география әлемін сүйетін, пәнге құштар, табиғатты тануға ерекше ынталы шәкірттердің бірі. Ол 2024 жылы өткен Республикалық ауыл олимпиадасында ІІ орын алып, ауыл мектебінің де биік белестерге жете алатынын дәлелдеді. Ал ғылым жолына қадам басқан Нұралы Данагүл 2025 жылғы Республикалық ғылыми жобалар конкурсында ІІІ орын иеленді. Әрбір деректі талдап, табиғи құбылыстарды ғылыми тұрғыда зерттеу тәсілі — болашақ ғалымға тән қасиеттің белгісі. Бұл табыстар — ұстаз еңбегінің шынайы нәтижесі.
Марапаттарға толы мәнді еңбек
Ұстаздық жол – үздіксіз ізденіс пен талмай еңбек етуді талап етеді. Жанар Князбекқызы осы талаптың биігінен көрініп, кәсіби шеберлігін дәлелдеп келеді. Оның есімі түрлі деңгейдегі байқаулар мен педагогикалық шараларда бірнеше мәрте үздік аталды. «Менің инновациялық сабағым» І Халықаралық оқытушылар байқауында ІІ орын («Ұшқыр ойдың майталманы» номинациясы), «Үздік география пәні мұғалімі – 2017» байқауында І орын, ҚР Білім қызметкерлерінің ІІ Республикалық педагогикалық оқуларының І кезеңінде ІІІ орын, География пәні мұғалімдері олимпиадасында І орын және 500 000 теңге көлеміндегі жүлде, 2023 жылғы «Үздік авторлық бағдарлама» байқауында І орын.
Бұдан бөлек, аудандық және облыстық білім бөлімдерінің Құрмет грамоталары, Алғыс хаттары, сондай-ақ Оқу-ағарту министрлігінің мерекелік Алғыс хаты ұстаз еңбегінің жоғары бағаланғанын көрсетеді.
Ең бастысы — педагогика саласына қосқан елеулі еңбегі үшін Ыбырай Алтынсарин атындағы медальмен марапатталуы. Бұл – кез келген ұстаз үшін кәсіби биіктің шыңы, қажыр-қайраттың лайықты бағасы.
Бүгінгі биік, ертеңгі үміт
Жанар Князбекқызы – кәсібін сүйген, өмірін бала тәрбиесіне арнаған нағыз педагог. Оның әрбір сабағы – тек білім беру емес, ұрпаққа бағыт көрсету, адамгершілікке баулу, ұлт болашағына қызмет ету.
Ол үшін ұстаздық — жай қызмет емес, жүректен туатын үлкен жауапкершілік. Оның өмір жолы – табандылықтың, адалдықтың, ұстазға тән ізеттіліктің, білімге деген нәзік құштарлықтың үлгісі.
Ұстаз еңбегі — ұлт болашағының іргетасы. Сол болашаққа мықты негіз қалап жүрген Жанар Князбекқызы сияқты ұстаздардың беделі биік, еңбегі елеулі болмақ.
Н.МАРАТ








