Құрылтай
Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Оқырман алғысымен алға озған

Оқырман алғысымен алға озған

«Елу жылда – ел жаңа» деген халық даналығының астарында үлкен өмір шындығы жатыр. Мен сөз еткелі отырған кейіпкерім – Сатаева Ранай Піржанқызы. Онымен алғаш жүздесіп, танысқаныма биыл тура елу жылға жуық уақыт өтіпті. Мұны Ранай апайдың өзі де білмеуі мүмкін.
Бұл – шамамен 1977 жылдың кезі еді. Содан бері талай ұрпақ алмасып, қаншама жас есейді. Ал менің жадымда Ранай апайдың мейірімге толы жүзі, кітапхана төрінде күлімсіреп қарсы алған бейнесі әлі күнге дейін сол қалпында сақталған.
Бастауыш сыныпта оқып жүрген кезімізде мектептен босай салысымен кітапханаға асығатынбыз. Біздің сүйікті орнымыз – Арал қаласындағы Мұхтар Әуезов атындағы балалар кітапханасы болатын. Ол кезде кітапхана бұрынғы №177 мектептің іргесінде орналасқан еді. Қазір де жұмысын жалғастырып келеді, тек басқа ғимаратқа көшкен.
Кітапхана есігін ашқан сәттен-ақ Ранай апай бізді жылы жүзбен қарсы алып:
– Келіңдер, балалар! Кітап алуға келдіңдер ме? Қаласаңдар, осында отырып та оқуға болады, – деп оқу залындағы шағын парталарды көрсететін.
Біз алдымен таңдап алған кітаптарымызды сол жерде парақтап қарап, кейін үйге жаздырып алатынбыз.
Алайда Ранай апайдың кітап берудегі басты талабы біреу болатын.
– Егер оқитын болсаңдар ғана алыңдар. Босқа жаздырып алып, үйге апарып қоймаңдар. Келесі келгенде не оқығандарыңды міндетті түрде сұраймын, – деп ескертіп қоятын.
Шынында да, кітапты қайтаруға келген сайын әр баладан оқыған шығармасының мазмұнын сұрайтын. Кейде мұғалімнен де қаталдау көрінетін.
– Ал, кітап не туралы екен? Не түсіндің? – деп әрқайсымызға жеке-жеке сауал қоятын.
Оқығанын түсініп айтып берген баланың маңдайынан сипап, мақтау айтса, дайындықсыз келген балаға:
– Әй, сен кітапты оқымаған екенсің ғой, – деп ренішін білдіретін.
Сол кезде бұл талаптың мәнін толық түсінбеген шығармыз. Бүгін ойласам, Ранай апай бізге жай ғана кітап беріп отырған жоқ екен. Ол бізді кітапты құрметтеуге, ойланып оқуға, оқығанымызды саралап, пікір айтуға тәрбиелепті.
Мен ғана емес, менің қатарластарымның бәрі де кітап оқуға деген сүйіспеншілікті сол кісіден үйренді десем, артық айтқандық емес. Бүгінде кітапқа құмар болып өскен сол буынның өмірден өз орындарын тауып, елге қызмет етіп жүргеніне қарап, Ранай апайдың еңбегінің жемісін анық көруге болады.
Ол кісі үнемі:
– Кітап оқыңдар. Кітап оқыған адам ақылды болады. Ертең елге пайдалы азамат болып өсесіңдер, – деп ақылын айтып отыратын.
Жылдар өте келе осы сөздердің өмірлік шындық екеніне көзіміз жетті. Расында да, кітап – адамды білімге, парасатқа, ізденіске бастайтын рухани қазына.
Қазіргі таңда елімізде жүзеге асып жатқан «Оқитын ұлт» жобасының маңыздылығы да осы оймен үндеседі. Халық таңдаған «100 кітап» жобасы оқырманның кітапқа қызығушылығын арттырып, ұлттық әдеби мұраны жаңғыртуға қызмет етіп келеді.
Демек, кітап – рухани әлемге бастайтын жол, адамның ой-өрісін кеңейтетін тәрбие мектебі. Ал сол рухани қазынаға мыңдаған баланың жолын ашқан жандардың бірі – Ранай апай.
Сатаева Ранай Піржанқызы 1951 жылдың 15 қаңтарында Арал ауданының Қасқақұлан ауылдық кеңесінде балықшы отбасында дүниеге келген.
1958 жылы Қасқақұлан елді мекеніндегі №23 қазақ орта мектебінің табалдырығын аттап, 1968 жылы осы білім ордасын тәмамдайды. Өзінің айтуынша, мектеп қабырғасында жүрген кезінен-ақ қоғамдық жұмыстарға белсене араласып, түрлі мерекелік іс-шаралардың бел ортасында жүрген.
Ранай апайдың балалық шағы оңай болған жоқ. Әкесінен ерте айырылып, анасының қамқорлығында өседі. Анасы ауылдағы балық комбинатында ау тоқушы болып еңбек еткен. Жалғызбасты ананың бар ауыртпалығы иығына түскеніне қарамастан, Ранай сабағын жақсы оқып, зеректігімен көзге түседі.
Мектепті аяқтағаннан кейін анасына қолғабыс болып, ауыл тіршілігінің ауыр жұмыстарынан қалыс қалмайды. Жеке шаруашылықтың шөбін дайындап, қысқы отын қамын жасайды. Жаз айларында теңіз жағасында қайықпен ескек есіп, пішен шабуға қатысады. Қыста есекке шана жегіп, отынға қамыс орады. Сол кезеңдегі ауыл өмірінің қиындығы оны да айналып өтпейді.
Дегенмен талапты жас өмірден өз орнын табуды мақсат етеді. Қатарынан қалмай, білім алып, еңбек етуге ұмтылған ол Арал қаласына келіп, аудандық мәдениет үйіне автоклуб меңгерушісі қызметіне орналасады.
Ол жылдары автоклуб қызметкерлері шалғай ауылдарды аралап, шопандар мен балықшыларға кино көрсетіп, концерттік бағдарламалар ұйымдастыратын. Алайда күн-түн демей ел аралау жас қызға оңайға соқпайтынын байқаған аудандық мәдениет бөлімінің басшысы Құдайберген Жасекенов Ранайдың қабілетін ескеріп, 1971 жылы оны Мұхтар Әуезов атындағы қалалық балалар кітапханасына кітапханашы қызметіне ауыстырады.
Міне, Ранай Піржанқызының өмірлік жолын айқындаған еңбек сапары дәл осы кітапханадан басталады.
Кітапханадағы қызметі оның тағдырын ғана емес, мыңдаған баланың болашағын өзгерткен игілікті еңбекке айналды. Осы ұжымда жүріп отбасын құрып, кәсіби білімін де жетілдіреді.
1980 жылы Ақтөбе қаласындағы мәдени-ағарту училищесін сырттай тәмамдап, кітапханашы мамандығын алады. Теориялық білімін көп жылғы тәжірибемен ұштастыра отырып, кітапхана ісінің білікті маманы ретінде қалыптасады.
Еңбегі еленіп, әр жылдары бірнеше мәрте марапаттарға ие болады. Солардың қатарында Лениннің 100 жылдығына арналған мерейтойлық медаль, 1986 жылы Бүкілодақтық XIX партия конференциясының Құрмет грамотасы бар. Сонымен қатар аудандағы үздік еңбек адамдары қатарынан көрініп, суреті Құрмет тақтасына ілінеді.
Кәсіби біліктілігін арттыруға әрдайым мән берген Ранай апай кітапхана саласының мамандары үшін ұйымдастырылған республикалық оқу курстарына қатысады. Алматы қаласында өткен аудандық балалар кітапханалары меңгерушілеріне арналған республикалық мәдениет қызметкерлерінің білімін жетілдіру институтының екі мәрте курсынан өтіп, арнайы сертификаттарға ие болады. Кейін облыстық кадрлардың біліктілігін арттыру және ақпараттық технологиялар институтында да білімін жетілдіріп, бірнеше сертификат алады.
Бұл жетістіктердің барлығы – оның өз мамандығына деген адалдығының, үздіксіз ізденісінің және өскелең ұрпақты кітап арқылы тәрбиелеуге қосқан өлшеусіз үлесінің айқын көрінісі.
Ранай Піржанқызы үшін кітапхана – жай ғана жұмыс орны емес, жас ұрпақтың рухани дүниесін қалыптастыратын тәрбие мектебі болды. Саналы ғұмырының жарты ғасырдан астам уақытын кітап пен оқырманға арнаған ол мыңдаған баланың жүрегіне кітапқа деген сүйіспеншілік ұялатып, оқуға деген ынтасын оята білді. Бұл – кез келген маманға бұйыра бермейтін үлкен бақ әрі зор жауапкершілік.
Зейнеткерлік жасқа жеткенімен, Ранай Піржанқызы қоғамдық өмірден бір сәт те қол үзген емес. Қайта, ел игілігіне бағытталған игі бастамалардың бел ортасында жүріп, өзінің өмірлік тәжірибесін кейінгі буынға үлгі етіп келеді.
Бүгінде ол көше комитетінің жұмысына белсене араласады, қалалық әкімдік жанындағы қоғамдық кеңестің мүшесі ретінде қоғамдық мәселелерге үн қосып келеді. Сонымен қатар аудандық №50 сайлау учаскесі комиссиясының мүшесі, Орталық кітапханалар жүйесі ұйымдастыратын «Жүз кітап: Руханиятқа жүз қадам» жобасының әділқазылар алқасының мүшесі ретінде жастардың кітап оқуға деген ынтасын арттыруға атсалысып жүр.
Білім мен тәрбие ісінен де қол үзген жоқ. №83 орта мектептің ата-аналар комитетіне жетекшілік етіп, мектептің қамқоршылық кеңесінің төрайымы ретінде білім ордасының қоғамдық жұмыстарына белсенді қатысып келеді. Бұл – ұстаздық мамандық иесі болмаса да, тұтас бір ұрпақтың рухани тәрбиесіне өлшеусіз үлес қосқан азаматтың өмірлік ұстанымының айқын көрінісі.
Өмірлік серігі Жақсыбай Төребеков те – мәдениет саласының ардагері, аудандық өлкетанушылар қоғамының белсенді мүшесі. Руханиятты серік еткен қос ардагер саналы ғұмырын мәдениет пен ел игілігіне арнап келеді.
Олар үш қыз, екі ұл тәрбиелеп өсіріп, бүгінде 21 немере мен 11 шөберенің қызығын көріп отырған өнегелі отбасы. Ұрпақ тәрбиесін өмірінің басты құндылығы санаған Ранай апай келіндерін де өз баласындай баулып, отбасындағы сыйластық пен ізгіліктің үлгісін көрсетіп келеді.
Мақаланы әзірлеу барысында Ранай апайдың шығармашылық қырымен де жақынырақ танысуға мүмкіндік туды. Сол кезде көңілге: «Егер отбасы тіршілігі мен қоғамдық жұмыстарға соншалықты көп уақыт бөлмегенде, бәлкім, қазақ әдебиетіне танымал жазушылардың бірі болар ма еді?» деген ой келді.
Өйткені оның қаламынан туған «Киелі құлан», «Көк қаяз», «Тұрсынбике сұлу» атты ертегілері, бірнеше жұмбақтары, «Қайдасың, Қасқақұланды», «Кіндік су» атты эссе-әңгімелері бар. Сонымен қатар балаларға арналған «Менің ғажайып ертегім» сериясымен жарық көрген жинаққа «Киелі құлан» ертегісі енгізілген.
Бұл – Ранай Піржанқызының кітапханашы ғана емес, балалар әдебиетіне өзіндік үлес қосқан шығармашыл тұлға екенін аңғартады.
Оның шығармашылық табыстары мұнымен шектелмейді. Облыстық «Әжем айтқан ертегі» байқауына немересімен бірге қатысып, өз шығармасы «Көк қаяз» ертегісін сахналап, 13 қатысушының арасынан І орынды иеленуі – соның айқын дәлелі.
Өмір бойы кітап пен баланы қатар сүйген Ранай апайдың басты еңбегі – жүздеген емес, мыңдаған баланың жүрегіне кітапқа деген сүйіспеншілік ұялата білуінде. Ол қызмет бабымен ғана емес, жүрек қалауымен оқырман тәрбиеледі. Бүгінде әлеуметтік желілер арқылы да жастарды кітап оқуға шақырып, өз ой-пікірін бөлісіп жүргенін көріп жүрміз.
Қазіргі қоғамда кітап оқуға қызығушылықты арттыру мемлекеттік деңгейде қолға алынып отырған шақта, осындай азаматтардың еңбегін лайықты бағалау – уақыт талабы. Сондықтан өмірін ұрпақ тәрбиесіне, кітап мәдениетін қалыптастыруға арнаған Ранай Піржанқызын Үкімет тарапынан берілетін жоғары марапаттардың біріне ұсынуға әбден болады деп есептеймін. Бұл – бір адамның ғана емес, тұтас кітапхана саласының еңбегіне көрсетілген құрмет болар еді.
Ранай апайдың ғұмыр жолына көз жүгіртсек, оның саналы өмірі кітаппен, оқырманмен және руханиятпен біте қайнасқанын көреміз. Ол мыңдаған баланың қолына кітап ұстатып қана қойған жоқ, олардың жүрегіне білімге деген құштарлықтың шырағын жақты. Мұндай еңбек ешқашан өлшенбейді, ел жадында мәңгі сақталады. Жастарды кітап оқуға баулудағы қажырлы еңбегі мен ағартушылық қызметі әлі талай буынға үлгі болып, оқуға құштар ұрпақ тәрбиелеу жолындағы ізгі ісі жалғаса берсін деген ақ тілегімді білдіремін.
Шолпан  ЖІБЕКӘЛИҚЫЗЫ,
Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, ақын
04 тамыз 2026 ж. 30 0