Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Қалам ұшындағы ғалам

Қалам ұшындағы ғалам

Қазақ әдебиетінің классигі, Қазақстанның Еңбек Ері, Қазақстанның халық жазушысы, КСРО Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, заңғар жазушы Әбдіжәміл Нұрпейісовтің есімі ұлт тағдыры мен адамның ішкі әлемін эпикалық деңгейде суреттеген шебер ретінде мәңгі есте қалады. Оның шығармашылығы арқылы ұлттық әдебиет әлемдік кеңістікке қанат жайып, қазақтың болмысын шет елдерге танытты. Айдынды Арал өлкесі ұлы тұлғаның есімін ұлықтау мақсатында осыдан екі жыл бұрын 100 жылдығына орай «Қалам ұшындағы ғалам» атты халықаралық суретшілер симпозиумының көрмесін өткізген болатын.  
Шара аясында халықаралық суретшілер симпозиумына қатысушы суретшілер заңғар жазушы Әбдіжәміл Нұрпейісовтің туған жеріне саяхат жасап, Әбенің шығармаларында айтылған жерлерімен танысып, шығармашылық шабытпен өміршең өнерді дүниеге әкеліп, бүгін бізге тарту етті. Сонымен бірге, кәсіби суретші ағаларымыз біздің жас суретшілеріміз бен олардың ұстаздарына шеберлік сағатын өткізіп, өз тәжірибелерімен де бөлісті.
Шығармашылығы уақытпен, ежелгі әдет-ғұрып, салт-санамен, бабалардың рухани сабақтастығымен, экологиялық мәселелермен, Арал тағдырымен тығыз байланысты Қазақстан суретшілер Одағының мүшесі, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген өнер қайраткері, Халықаралық «ТҮРКІСОЙ» ұйымы сыйлығының иегері Қайырбай Зәкіров Аралға арнайы келген еді.
Суретішілер айдынды өлкенің киелі орындарын аралап, тағдырлы мекеннің тарихымен танысып шықты. Көргенін көркем туындыға айналдырған ҚР Суретшілер одағының төрағасы Өмірбек Жұбаниязов, Астана қалалық суретшілер одағының төрағасы Өмірәлі Исмаилов, Қазақстан Суретшілер одағының мүшесі Оразбек Есенбаев, Өзбекстан Суретшілер одағының мүшесі Нортойлок Диеров, Республикаға белгілі кескіндемеші Жандарбек Сугуров, Орал Суретшілер одағының төрағасы Қайыр Оразғалиев, Қырғызстанның белгілі суретшісі Чынгыз Ормонбеков, ҚР Суретшілер одағының мүшесі Берік Бөкешовтер ерекше еңбектерімен көрмеге келушілерді тәнті етті.
Осылайша Қазақстан бойынша Аралда Халықаралық суретшілер симпозиумын ұйымдастырып жатқан алғашқы ауданның бірі ретінде танылды. Аталған суретшілер симпозиумында көпшіліктің талғамынан шығып, сүйіспеншілігін оятқан көркем дүниелерді қалың оқырманның назарына ұсынуды жөн көріп отырмыз.
Редакциядан
29 тамыз 2026 ж. 36 0