Ардақты аға еді...
Қым-қуыт тірліктің сан тарау сүрлеулерінде алас-күлес атқа мініп, арман-мұратыңды алдыңа салып ағындап жүргенде талай адамдармен жолың түйіседі. Жүрегінің кірі жоқ жандармен туысасың, табанының бүгі жоқ пенделерден суысасың. Арқасы қозған ағаларды ардақтап, іздері бөлек інілерге ардақталасың. Осындай ардақты ағалардың бірі де бірегейі Құдайберген ағамыз болатын.
Қашанда жарқылдап-жайнап, қабағынан күн көрініп тұратын, үлкен-кішіге ықыласын аямай төгетін, жүрегінде жақсылықтан басқаға орын жоқ абзал ағаны мен сонау жетпісінші жылдан бері білетінмін. Аға болудың батпан жүгінің салмағы мен жауапкершілігін бір білсе, өмірде ағалық орны бар Құдайберген аға білетін.
Менің пайымдауымша, құдды құдай берген Құдайберген ағамыз Арал аймағының ғана емес, ел ағасы атанды. Мейірімді министр, қабілетті басшы, еліміздің ересен тұлғасы ретінде қоғамды мойындатты. Қатардағы балықшылық кәсіптен еңбек жолын бастандырып, балық шаруашылығы министрі дәрежесіне дейін баруы екі адамның бірінің басына бұйыра бермейтін бақ болатын.
Құдекең әрдайым айтарын бүкпесіз ашық айтып салып, ешкімді де сыртынан сөз етпей, қашанда ешкімге кек сақтамайтын ақкөңіл азамат еді. Құдекеңнің қай кез болсын шындық пен әзілді араластырып сөйлеуі, біздерге аға ретінде жолы бола тұра, кей сәттерде жолдас, тіпті кей сәттерде құрдас болып ойын мен күлкі араластыра жөн сілтеп, бағыт-бағдар беруі ерекше болатын. Ол кісінің сөйлеу манерасы, киім кию үлгісі, тіпті қай ортада болмасын, сол ортаның ығына қарай ыңғайланып кете беретін еркіндігі бір төбе.
Сөз соңында айтарым, Құдайберген ағаны өлді деуге әсте болмайды. Өйткені, ағамыздың артында өшпейтін ізі мен өлмейтін ісі қалды. Демек, Құдекең секілді болмысы биік, өмірде қалдырған ізі өрнекті, ғұмыры ғибратты жанның бейнесі бүгінгі және келер ұрпақтар жадында мәңгілік жаңғырып тұрары сөзсіз.
Жатқан жеріңіз жайлы, жаныңыз жәннатта, иманыңыз жолдас болсын, ардақты Құдайберген аға!
Еркін ӘБІЛ,
Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, Арал ауданының құрметті азаматы.









