Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Өшпейтін ізі мен өлмейтін ісі қалды

Өшпейтін ізі мен өлмейтін ісі қалды

Құдекең, Құдайберген Саржанов Сыр өңірінің ғана емес, күллі республикамызға есімі алтын әріптермен жазылатын санаулы азаматтарымыздың бірі де бірегейі еді ғой. Арал теңізінің тағдырына жаны ашып, жағалаулық жерлестеріне титтей жәрдемі тиетін «емен есіктерді» де қаймықпай қағып, шырылдап жүретін сәттеріне азды-көпті куә болғаным бар-ды. Ағамыз соңғы демі таусылғанша туған жерден тамыр үзген жоқ, бойындағы қайрат-жігерін өзін кішкентайынан қанаттандырған атамекеннің келешегіне арнады. Арнап қана қоймай, соның жан жадыратарлықтай нәтижесіне көтергенше тыным таппады. Басқасын айтпағанның өзінде, жан-жаққа сұрау салып, өлкенің өткені мен бүгінгісін айшықтайтын құжаттарды жинастырып, жағалауға шығып қалған балықшылар кемесінің іші-сыртын жамап-жасқап, музей ашқандығының өзі неге тұрады десеңші!
Бәлкім, келешекте мәңгілік есімін еске сақтау шаралары ұйымдастырылғанда сол музейге де Құдекеңнің аты берілер... Тағдыры теңізбен тығыз байланысты, жаны жайсаң ағамыз адам жатырқа­майтын және қолынан келген жәрдемін де аяньп қалмайтын.
Алқалы топқа түскенде айбын бола білетін асыл ағамыз арамызда әлі де жүре тұрса дейші едік. Амал не... Жатқан жеріңіз жайлы, нұрыңыз пейіште шалқысын, Құдайберген аға! Артыңызда қалған ұл-қыздарыңызға ұзақ ғұмыр берсін!
Қуаныш Жиенбай,
жазушы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері,
Астана қаласы
05 қыркүйек 2026 ж. 23 0