Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » » Бас балықшы/Алтын балыққа қайырылу/

Бас балықшы/Алтын балыққа қайырылу/

Біздің Арал о бастан екі ұғыммен өмір сүреді. Халық және балық. Қалың елдің күнделікті кәсібі - балық шаруашылығына қатысты ешбір мәселе назардан тыс қалмайды. Теңіз беткейде балықтың шығымы жақсы болса, халықтың ахуалы да жаман болмайды. Сондықтан жағалау жұрты балық аулау ісінің басы-қасында жүрген көшелі кісілерді бес саусақтай білетін. Соның бірі ардақты ағамыз, бұрынғы Балық шаруашылығы министрі Құдайберген Саржанов еді.
Осыдан біраз жыл бұрын Арал өңірінде ешкім күтпеген ерекше оқиға болды. Өмір бойы Алматыны мекендеп келе жатқан Құдайберген аға туған жеріне қайтып оралды! Туған жер болғанда, облыс орталығына не аудан орталығына емес, кәдімгі өзінің кіндік қаны тамған Аманөткел ауылына қоныс тепті. Бастапқыда бұған бәрі «О, несі» дегендей таңғалып, таңдай қағысты. Зейнетке шыққан ағамыз ауылда жай тынығып жату үшін келмепті. Шынында да, экс-министр қасына бұрынғы екі-үш министрді ертіп алып, ел жағалап, балық жеп, шұбат ішіп жүрсе де ешкім қой демес еді. Бірақ ол тоған шаруашылығымен айналысып, баяғы нәсілі асыл қаяз балығын өсірмек көрінеді. Оны сәл ғана қоңдандырғаннан кейін теңізге жібермек. О, тоба, о заманда, бұ заман, министр болған адамның аядай ауылда балық өсірумен айналысқанын көргеніңіз бар ма?!
Бұл жаңалық бізге қатты әсер етті. Ол кісіні жақсы білетін едім. Бір кезде «Аралрыбпром» өндірістік бірлестігінің бас директоры Құдайберген Саржановтың қарамағында жұмыс істегенмін. Басшымыз өте жігерлі адам еді. Біресе жұмысшылардың арасында, біресе ғимараттардың төбесінде жүреді. Ілгеріде құрамына біздің Қаратерең де кіретін Қуаңдария балық аулау базасын басқарған-ды. Әкеміздің құрдасы еді. Құдайберген аға ол кезде жап-жас. Тұрқы қолтақпақтай ғана. Аяғында - сол кезде жаппай сәнге айналған қызыл тұмсық "платформа" туфли. Жұмысты жетік біледі. Өзіне де, жұртқа да тыным таптырмайды.
Бір күні бірлестіктің үлкен-кішісі шу ете қалды. Құдайберген ағам министр болып тағайындалыпты! Содан табаны күректей оншақты жыл бойы орынтағында тапжылмай отырды.
Студент кезімізде Құдайберген аға­мыздың талай шарапатын көрдік. Бізді баласынбай қабылдап, баласындай сырласатын. Сондықтан кабинетіне еркін кіріп, еркелеп жүретінбіз. Бұл біздің өзіміз өз болғалы көрген алғашқы министріміз еді. Қонаевтың қолтоқпақтай сенімді серігі балық шаруашылығын биік белес­ке көтерді.
Содан бері көп жыл өтті. Біз алтын балық туралы ертегіге сенетін жастан әлдеқашан асып кеттік. «Алтын балық, ақпа балық, Қармағымды қаппа, балық.Сен көп болса, үш тілегімді орындайсың, Ал менде үш мың тілек жатқаны анық», – деп кертолғау айтқан Есенғали ақынша қолды бір-ақ сілтегенбіз. Тіпті оны ойлауға уақытымыз да жоқ-ты. Бірақ «Құдайберген Саржанов елге оралды» дегенде баяғы бала қиялдың миымызға таңбаланып қалған көріністері қайтадан қылаң бергені... Енді ол маған туған ауылына барып, өз қолымен қаяз өсіріп жатқан Құдайберген Саржановтың салған ауына ілігетіндей болды да тұрды. Шынында да, бетін бері бұрған көк теңізге қасиетті қаяздың келгенінің өзі алтын балықтың қолға түскенімен бірдей емес пе?!
Ал алда-жалда алтын сағақ ақ шабақ тіл қата қалса, бұрынғы Балық шаруашылығы министрі дәстүрлі үш тілектің орнына:
– Аралды толтырып берші! – деген жалғыз-ақ тілек айтар еді...
* * *
Сол Құдайберген ағамыз дүние салыпты. Тоқсанға таяп қалған-тұғын. Сонда да тың секілді еді. Бақұл болыңыз, бас балықшы! Алтын балық ақыры ұстатпай кетті-ау сізге де...

Бауыржан Омарұлының фейсбук парақшасынан алынды
02 қыркүйек 2026 ж. 66 0