Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Балық шаруашылығында мәселе бар, орындалуы қалай?

Балық шаруашылығында мәселе бар, орындалуы қалай?

Аудан әкімдігінің мәжіліс залы. Таңертеңнен бастап теңіз жанашырлары осында жиналған. Себебі, балық шаруашылығын дамыту мәселесі талқыланады деген хабарлама бірнеше күн бұрын көпшілікке құлақтандырылған.
«Арал өңіріндегі балық шаруашылығын дамыту» VІІ слеті осы жерден бастау алды. Жиында облыс әкімінің бірінші орынбасары Серік Қожаниязов:
– Бүгінгі күні акваөсіру саласын қоспағанда балықты табиғи су айдындарынан аулаумен ғана шектеліп отырмыз. Жоғарыда атап өткенімдей облысқа бекітілген балық аулау квотасының көлемі балық өңдеу зауыттарының мүмкіндігінен едәуір төмен. Дүниежүзілік тәжірибе көрсетіп отырғандай, балық өнімдерінің көлемін арттырудың бірден-бір жолы қолдағы су айдындарында балық қорын табиғи молайту мен балық өсіру болып табылады. Бүгінгі шараның мақсаты облысымыздың балық шаруашылығы дамуының негізгі жолдарын нақтылай отырып, Кіші Арал теңізінің және көлдер жүйесінің болашағын қолға алу болып табылады. Сондай-ақ балық өсіруді тоған шаруашылығын дамыту арқылы да жүзеге асыруымыз қажет. Осы орайда алдағы уақытта өздеріңізбен іскерлік байланыста болып, бірлесіп жұмыс атқаруымыз қажет, – деп сөз сабақтады.
Мұнан соң Балық шаруашылығы комитеті төрағасының орынбасары Алмас Асылбеков сөз алып, еліміздегі «Балық шаруашылығын дамыту бойынша қабылданып жатқан шаралар» туралы айтты. Сонымен қатар Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың су ресурстарының тапшылығын азайтуға септігін тигізетін, климаттың өзгеруі мен шекаралас мемлекеттердің саясатын ескеруге мүмкіндік жасай алатын жаңа нұсқадағы «Су кодексі» дайындалып жатқандығын ортаға салды.
Өз кезегінде бұрынғы балық шаруашылығы министрі, балық шаруашылығы саласының ардагері Құдайберген Саржанов «Арал-Сырдария бассейнінде Арал қаяз балығы мен барлық балық популяциясын сақтаудың қажеттілігі» туралы ой қозғап, теңіздің бүгінгі бейнесіне толғанысын білдірді. Теңіз-ананың нағыз жанашыры атанған қоғам қайраткерінің айтуынша, Кіші Аралдың қазіргі таңдағы ахуалы көпті алаңдатады. Теңіз түбі қытайдың ауына толған. Жағалаудағы 18 балық аулау учаскесі өз бетінше әрекет етуде. Бүгінгі күнде кәсіпқой балықшы жоқ. Барлығы дерлік әуесқойлықпен балыққа шығып, шабаққа дейін пұл қылуға бейімделіп алған, – деп көп былықтың бетін ашты.
Арал ауданының әкімі Серік Сермағамбетов сөз сөйледі.
«Балық зерттеу институтының жұмысын жүйелендіру. Осыған байланысты Арал теңізіндегі балықтың қорын анықтап, нақты өсу динамикасын терең зерттеу. Себебі, теңіздің суы 27 миллиардтан 19 миллиардқа азайғанымен, балық аулау лимиті азаймай отыр. Бүгінде заңсыз балық аулаудың дерегі көп. Осыған тосқауыл қою бағытында аудан аумағында белгіленген орындарында арнайы салмақ өлшейтін таразымен және бейнебақылау қондырғыларымен жарақталған бекет қою жұмыстарын қолға ала отырып, заңсыз балық аулаушылардың алдын алу. Табиғат пайдаланушылар өз учаскелерінде балық аулаумен айналысатын барлық жеке тұлғалардың заң шеңберінде тіркелуін жүзеге асыру. "Судың да сұрауы бар" демекші, ауданда суды реттеу мәселесі қордаланған. Аталған мәселеге байланысты Арал ауданында 2005 жылға дейін жұмыс жасаған «АралСуШаруашылығы» мекемесін қайта құру қажеттігін алға тартып, ұсынысын жеткізді.
Басқосуға қатысушы балықшылар мен сала ардагерлері «Балық шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтын» өңірде қайта құруды, Халықаралық Аралды құтқару қорының бас дирекциясын Арал ауданына орналастыруды, Арал теңізін суландыру бойынша ауданға бөлек судың лимитін бекітуді мәселе етіп көтерді Бұдан бөлек, балық шаруашылығы саласын дамыту бойынша екі сағатқа жуық пікір алмасқан алқалы жиында Кіші Арал теңізінің бекітілген учаскелері бойынша табиғат пайдаланушылар арасындағы өзара ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды. Жиынға қатысушылар мұндай түйткілді мәселелерді қамтыған дөңгелек үстелдің алдағы уақытта да дәстүрлі түрде өткізуге ұсыныс айтты.
А. ЖАЙШЫЛЫҚ
22 қыркүйек 2023 ж. 147 0