Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » » Тау мүсінді тұлға

Тау мүсінді тұлға

Өмірдің тосын сыйы таусылған ба, сірә? «Жүре берсең, көре бересің» деген сөзді атам қазақ бекер айтпаса керек-ті. Осынау қым-қуыт тірліктің сан тарау сүрлеулерінде алас-күлес атқа мініп, арман-мұратыңды аңсап, ағындап жүргенде талай жандармен жолың түйіседі. Жүрегінің кірі жоқ жайсаң жандармен туысасың, табанының бүрі жоқ пенделерден суысасың. Арқасы қорған ағаларды ардақтап, ізеті бөлек інілерге ардақталасың. Осындай жайсаң жанды, тумысы бөлек тұлғалардың бірі де бірегейі – Сейітжан аға Досжанов болатын.
Ескі көздер бара жатыр азайып,
Олар жайлы ойламаудың өзі айып.
Ей, тірілер, соларды бір еске алып,
Тебіренейік, толғанайық, жазайық, – деп арқалы ақын Мұқағали айтқандай, Сейітжан аға жайындағы ойыммен аз-кем бөліссем деп отырмын.
Қандай бір пенденің болмасын дүние дәлізіне еніп, қасиеттерінің кіндік қаны тамған жердің табиғатындай болып қалыптасатыны хақ. Сейітжан аға 1933 жылдың мамыражай мамыр айында айдынды Арал теңізінің жағасына қоныс тепкен кезіндегі Жамбыл атындағы (бүгінгі Жалаңаш ауылы) балық колхозында өмір есігін ашады. «Тектіден текті туар, ата жолын қуар» деп атам қазақ бекер айтпаса керек. Сейітжан ағамыздың әкесі Қисық атамыз сауатты да салауатты, елге сыйлы айтулы азамат болған. Ұзақ жылдар бойы Жалаңаш ауылдық кеңесі төрағасы қызметін абыройлы атқарып, ауылдықтар алғысына кенелген. Асқар таудай әкесі салған сара жолмен жүруді мұрат тұтқан, заманында Арал аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы, облыстық партия комитетінің бөлім меңгерушісі, облыстық атқару комитеті төрағасының орынбасары қызметтерін атқарған Сейітжан ағасы Досжанов Қуатжан есімі де ел-халыққа танымал текті тұлға еді. Содан да болар, олардың азаматтық ажарын туған теңізінің маржандай мөлдірлігі, қиырсыз көкжиегіндей кеңпейілдігі, тулаған толқындарындай асқақтығы ашып тұратын еді.
Иә, шалқары шартарапта шалқыған, шағаласы шулаған, ақ шабағы мен толқындары тулаған Арал теңізінің жағасында қарапайым балықшының отбасында өмірге келген Сейітжан ағамыздың балалық бал дәурені қиындыққа толы болды. Ол елдің аузынан ашаршылықта жеген құйқаның дәмі әлі кетпеген уақытта өмір есігін ашты. Бар-жоғы алты жасында аяулы анасы  – Рабиғадан айырылды. Аяулы аналарынан бойлары өсіп, бұғаналары қатаймай жатып-ақ көз жазып қалған олар ерте есейеді. Үлкендері Бибіжан апай өзінің соңынан ерген іні-сіңлілеріне аналық пейілмен, қамқор құшағына алады. Олардың ел қатарына қосылуларына Бибіжан апаларының сіңірген өлшеусіз еңбегі мен аялы алақанының жылуы әлі күнге дейін кетпеген болар.
Сейітжанның балалық шақтың бал дәмін тартар сәтте Ұлы Отан соғысы да басталып кетті. Тұтастай ұрпақтың балалық шағын ұрлаған сұм соғыс Сейітжан ағамызды да ерте есейтті. Туғаннан тіршілік үшін тіртінектеп балық аулап, соғыс жылдары еңбек майданына бел буа, білек түре жүріп араласты. Бірақ білім алуға, елге емірене жүріп қызмет қылуға ынтасы орасан зор болатын.
Аңсаған арманына жетуді мұрат тұтқан Сейітжан аға Арал қаласынан орта білім алып, кезінде Алматыда дүркіреп тұрған С.М.Киров атындағы университетінің экономика факультетінен дәріс алып, үздік дипломын иеленіп, 1957 жылы туған топырағына оралады. Сәкең ерлікке толы еңбек жолын «Аралтұз» комбинатында қатардағы шебер болудан бастандырады. Бертін келе бөлімше басшылығында болып, өзінің білімділігі мен біліктілігінің арқасында өзгелерден оқ бойы оза шауып, 1963 жылы осы «Аралтұз» комбинаты бас директорының орынбасары қызметіне тағайындалса, 1965 жылы бас директор лауазымын иеленеді.
Кезінде Кеңестер Одағында ас тұзын өндіретін бар-жоғы екі ғана комбинат – бірі Ресейде, енді бірі осы «Аралтұз» комбинаты болатын. Осы комбинатқа табаны күректей 20 жыл бойы басшылық жасап, оның атын елімізге ғана емес, Одаққа танымал еткен Сәкеңнің игілікті істерін әлі күнге дейін аралдықтар аңыз ғып айтумен жүр.
Саралап айтар болсақ, Сәкеңнің ұтымды ұйымдастырушылық қабілеті мен ересен еңбегінің арқасында ас тұзын өндіру технологиясы жаңартылып, материалдық-техникалық базасы нығайтылды. Жер асты тұзын өндіру де осы кезде қолға алына бастаған. Ас тұзы сапасына аса мән берілетін. Өйткені  оған деген сұраныс еліміздің аймақтарынан ғана емес, ондаған шет елдерден түсіп жататын. Содан да өндіру көлемі жыл сайын тонналап артып, «мен мұндалаған» таулары жарыса бой көтеріп жатты. Әрине мұндай жағымды жаңалықтар оңайлықпен келген жоқ. Комбинаттың бас директоры Сейітжан Досжанов күн-түн көз ілмей аудандық, облыстық партия комитеті ғана емес, Өнеркәсіп министрлігінің табалдырығын тоздырып, жүйкесін жұқартып жүріп, жетістікке әзер қол жеткізгені Арал өңіріне ғана емес, елімізге аян.
Сейітжан ағамыздың ас тұзы комбинатын ғана емес, «Аралтұз» елді мекенінің өсіп, өркен жаюына қалдырған қолтаңбасы орасан зор. Елдің батасын алып, ықыласына бөленуге ұмтылды. Артында өшпес із бен өлмес іс қалдыруға барын салды. Нақтылай айтар болсақ, комбинаттың қаржылай қолдауымен жарыса тұрғын үйлер салынып, көшелер көріктене түсті. Ашық алақанды Сәкеңнің қамқор қолы арқасында тұрғындар кәсіптерінен несібе теріп, тұрмыстарын түзей түсті.
Сейітжан аға қызметін қалтқысыз атқарумен ғана шектелмей, қоғамдық жұмыстардан да қағыс қалмайтын. Ауыл тұрғындарының аманатын арқалаған ол заманында дүркіреп тұрған аудандық партия комитетінің пленум мүшесі, аудандық кеңестің депутаты болып тұрақты түрде сайланды. Айтқандай, Сәкеңнің осында жүріп Қазақстан Компартиясының ХV съезіне делегат болып сайлануы екі адамның бірінің басына бұйыра бермейтін бақ болатын. Осы съезге есімдері елге танымал түгелдей аралдық тұлғалар: Талдықорған облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы Ә.Тыныбаев, Қазалы аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы Е.Көшербаев, Арал аудандық атқару комитетінің төрағасы Ә.Медетбаев, Қызылорда темір жол саласының басшысы О.Жанәділовпен (суретте) бірге қатысуы сарғайған тарих парақтарына алтын әріппен жазылып та қалған.
Сейітжан ағамыздың «Аралтұз» комбинатында атқарған қыруар қызметін санамалап айту әсте мүмкін емес. Біздің бұлай тоқтам жасауымызға Сәкең басқарған жылдары аты әлемге мәшћүр болған комбинаттың Бүкілодақтық Социалистік жарыстың жыл сайын жеңімпазы атанып, Қызыл Туды тұрақты түрде ұстап тұрғаны сеп болып отыр.
Еңбекті елеу, азаматқа лайықты құрмет көрсету, халық болып ризашылық таныта білу де – елдіктің, қоғамдық кемелдіктің белгісі. Сейітжан Досжановтың ел мүддесі жолындағы ересен еңбегі ескерусіз қалмай, мемлекет тарапынан лайықты бағаланып, «Өнеркәсіп саласының еңбек сіңірген қызметкері», «Азық-түлік саласының еңбек сіңірген қызметкері» атақтарына ие болып, «Құрмет белгісі», «Еңбек Қызыл Ту», «Октябрь революциясы» ордендерімен, ондаған еңбек және мерекелік медальдармен марапатталды.
Сейітжан аға Досжанов 1985 жылы Алматыға қоныс аударып, қала тұрғындарын азық-түлікпен қамтамасыз ету мекемесінің басшысы қызметіне тағайындалса, 1987 жылы «Қапшағай» шаруашылығының басшылығына барады. Қандай бір жерде қызметте жүрсе де, сол елдің ынсабының берекесін базарға айналдыратын Сәкең бұл ауылды ажарландыруда да өз қолтаңбасын қалдырды. Береке демекші, іскер де ұсынықты басшы қай шаруашылыққа келсе сол шаруашылықтың тіршілігін түзеп қана қоймай, жергілікті жер тұрғындарының әлеуметтік, тұрмыстық, мәдени мәселелеріне де бел буа кірісіп кететін. Абзал аға қызмет еткен бұл ауылда тұрғын үйлер мен әлеуметтік нысандар құрылыстары бірінен соң бірі жарыса бой көтеріп жататын.
Сейітжан ағамыздың осы ауылда басшылықта жүргенде жасаған ерлікке тән бір еңбегін айтпасқа болмас. Сонау 1970-1980 жылдары Арал теңізі келмеске кетіп, теңіз жағалауындағы тұрғындар басқа аймақтарға үдере көшіп жатты. Жерлестерінің тұрмыс тауқыметтері жүрегін жаралаған Сәкең Арал жағалауындағы 300 отбасын «Қапшағай» жағалауына алдырып, тұрмыстарының түзелуіне өз септігін тигізді. Қазақ әдебиетінің абызы, Қазақстанның халық жазушысы Әбіш Кекілбаевтың: «Оңай кезде ойсырата іс тындыруға әркім де құштар. Қиын кезде бел бууға ел қамын жейтін ер жүректілер ғана тәуекел ете алады» деген керемет сөзі көптің бірі – Сәкең үшін де айтылғандай.
Халқымыздың ұлттық танымын бойтұмардай қастерлеп, исі қазаққа ізгілік пен ізеттің жолын сыйлаған Сейітжан ағамыз 1996 жылы зейнет демалысына шығады. Қауқары қайтпаған ағамыз қол қусырып қарап отыруды қаламайды. Бұл өмірден өткенше Арал балаларын құтқару қоры – «Шапағатқа» басшылық жасап, экология қасіретіне шалдыққандарға қамқор қолын созумен ғұмыр кешті.
Иә, атам қазақ: «Қосағыңмен қоса ағар» деген ғой. Жаратқан ие Сейітжан ағамызға 1957 жылы Нұрмаханова Мария есімді жаны жайсаң жар беріп, шуақты шаңырақтарын көтереді. Мария жеңешеміз де текті әулеттің тұяғы болатын. Содан да қос қайың арасындағы шынайы махаббат, сыйластық, сенім мен сезім көпшілікке үлгі болатындай-ақ деп ел-халық тамсанатын. Алматыдағы Қазақ педагогикалық институтынан дәріс алған, ұлағатты ұстаздықты үлгі етіп, «Қазақстанның еңбек сіңірген мұғалімі» атағын иеленген Мария жеңешеміздің ошағында қайнап жатқан қазан арылмайтын, дәмге толы ақ дастарқан жиналмайтын. Жеңешеміздің аялы алақанынан даярланған астың дәмін татпағандар кемде-кем болар.
Сейітжан ағамыз бен Мария жеңешеміз бұл өмірге төрт ер бала мен екі қыз баланы әкеліп, ұлдарын ұяға, қыздарын қияға қондырып, қызықтарына кенелді. Текті тұлғалармен құдандалы-жекжат болып, қанаттарын кеңге жайды.
«Әке көрген оқ жонар, ана көрген тон пішер» деп атам қазақ айтқандай, балдарының бәрі дерлік жоғары білім алып, сан алуан салаларда қалтқысыз қызмет жасады. Саралап айтар болсақ, Гүлнар мен Әділгерей – қаржыгер, Бауыржан, Айгүл мен Бегайдар құқық қорғау саласында еңбек етсе, кенжелері Бекнұр бүгінде Алматы қалалық әкімдігінде жауапты қызметте жүр. Осы ұл-қыздарынан отызға жуық немере-шөбере сүйсе, немеренің үлкендері Қайрат Астанадағы шетелдік компанияда басшылықта болса, шөбере үлкені Сағи Астанадағы Назарбаев мектебінде білім алуда. «Орнында бар оңалар» демекші, Досжановтар әулетіне біткен қадір мен қасиет, кісілік пен кішілік, пайымдылық пен парасат ұрпақтан ұрпаққа жалғасын таба береріне бек сенімдеміз.
Иә, өмір деген осы. Сексен тоғыз жастың сеңгіріне шығып, артында өлмейтұғын іс пен өшпейтұғын із қалдырып, ғибратты ғұмыр кешкен Сейітжан ағамыз 2021 жылы бұл өмірден озып, Алматының «Кеңсай-2» қорымына қоныс тепті. Жатқан жері жайлы болсын.
Сөз соңында көп көкейінде жүрген бір ұтымды ұсынысты айтпасқа болмас. Біз жақсы адамдардың, олардың елінің кемел келешегі үшін жасап кеткен игі істерін ұлықтап, ұрпақтарға үлгі етуге келгенде құлықсызбыз. Сейітжан Досжановтай ардақты аға, абзал азаматтың жарғақ құлағы жастыққа тимей жүріп, атқарған қаншама игі істерінің бүгін жемісін жеп, игілігін көріп отырмыз. Осындай абзал жанға өзі туып-өсіп, тер төккен елді мекен, яғни аудан орталығынан көше атауын берсе қандай ғанибет болар еді.
Туған топырағы үшін қанатымен су сеуіп, «Арал ауданының құрметті азаматы» атағын иеленіп, ғибратты ғұмыр кешкен Сейітжан аға Досжанов есімін ұрпақтарға ұлағат ету – біздің өтелмеген парызымыз.
Еркін ӘБІЛ,
жазушы-журналист,
 Арал ауданының құрметті азаматы
05 шілде 2022 ж. 1 116 0