Аумақтан тыс соттылық
Азаматтық сот ісін жүргізудің тиімділігі азаматтың немесе заңды тұлғаның бұзылған не даулы құқығын сот арқылы қорғауға нақты мүмкіндік алуымен тікелей байланысты. Осы тұрғыдан алғанда, соттылық институты азаматтық процестің маңызды элементтерінің бірі болып табылады. Соттылық ережелері азаматтық істің қай сотта қаралуға тиіс екенін айқындап қана қоймай, сот төрелігіне қолжетімділікті, соттардың арасындағы істерді ұтымды бөлуді және процеске қатысушылардың құқықтарының сақталуын қамтамасыз етеді.Соңғы жылдары азаматтық процестегі шарттық соттылық институтының мазмұны едәуір кеңейіп, тараптарға істің аумақтық соттылығын өзара келісім бойынша өзгертуге ғана емес, белгілі жағдайларда эксаумақтық соттылықты таңдауға мүмкіндік беретін құқықтық механизм енгізілген.
Нақтырақ айтқанда, «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне азаматтық процестік заңнаманы жетілдіру және дауларды соттан тыс және сотқа дейінгі реттеу институттарын дамыту мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасының 2021 жылғы 20 желтоқсандағы Заңымен Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі-АПК) 32-бабына «эксаумақтық соттылық» ұғымы енгізілді. Аталған баптағы жаңашылдық 2022 жылғы 1 тамыздан бастап қолданыста.
Жалпы, соттылық дегеніміз – бірінші сатыдағы соттарда қаралуға жататын істерді құзыреттілігі бойынша соттар арасында бөлу, яғни азаматтық істі қарауға тиісті нақты сотты белгілеу болып табылады.
АПК-нің 32-бабы келесідей редакцияда берілген: «Тараптар өзара келісім бойынша істі сот талқылауына дайындау сатысында осы іс үшін, оның ішінде соттың іс жүргізуінде жатқан істер бойынша аумақтық соттылықты өзгерте алады, эксаумақтық соттылықты таңдай алады».
Судья азаматтық іс қозғағаннан кейін оны сот талқылауына дайындау туралы ұйғарым шығарған кезде онда тараптардың эксаумақтық соттылықты қолдану мүмкіндігін түсіндіреді. Ал тараптар болса өз құқықтарын пайдалана отырып, істі аумақтан тыс соттылықты қолдану туралы өтінішхат келтіре алады.
Мұндай жағдайда өтінішхатты қарау нәтижесі бойынша судья істі аумақтан тыс соттылығы бойынша басқа сотқа беру туралы ұйғарым шығарады. Осыдан кейін электрондық тізімдемесі бар іс материалдары ақпараттық жүйе таңдаған басқа сотқа жіберіледі.
Таңдалған соттың тараптардың орналасқан жерінен алыстығы ешқандай қиындық туғызбайды, өйткені олар бейнеконференцбайланыс арқылы онлайн режимде сот процесіне қатыса алады.
Сонымен қатар, «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне сот жүйесін реформалау және процестік заңнаманы жетілдіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасының Заңымен Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексіне де толықтырулар енгізілді. Соған сәйкес, азаматтық істерге ұқсас тәртіппен, 2025 жылғы 1 наурыздан бастап жауапкер әкімшілік орган болып табылатын жағдайларда талап қоюшының таңдауы бойынша әкімшілік істер бойынша да эксаумақтық соттылық енгізілген.
Заңнамадағы бұл жаңашылдық сот төрелігіне деген қоғам сенімін арттыруға ықпал етеді деп сенеміз.
Арал аудандық сотының
судьясы Г.Нұрымбетова.
Фото: Н. Нұржаубай










