Жастар және заманауи сын-қатерлер: Айқын бағыт
«BIR TOLQYNDA» жобасы аясында Арал көпсалалы колледжінің студенттерімен «Жастар және заманауи сын-қатерлер: айқын бағыт» тақырыбында сарапшылар лекторийі ұйымдастырылды.Кездесуге «Жастар Рухы» Жастар қанаты бөлімше жетекшісі Сабырбай Ержан Әділжанұлы, Жастар ресурстық орталығының маманы Ерқанат Мақышбаев және жастар ісі жөніндегі маман Ұлболсын Ережепқызы қатысып, студенттермен ашық форматта пікір алмасты.
Бүгінгі таңда жастардың алдында үлкен мүмкіндіктермен қатар түрлі сын-қатерлер де бар. Ақпараттың көптігі, әлеуметтік желінің ықпалы, уақытты тиімді пайдалану, мамандық пен өмірлік бағытты дұрыс таңдау, өз қабілетін дамыту – жас буын үшін маңызды мәселелердің бірі. Осы тақырыптар кездесудің негізгі өзегіне айналды.
Сарапшылар лекторийі барысында жастардың өз болашағына жауапкершілікпен қарауы, білім мен жаңа дағдыларды меңгеруі, қоғамға бейжай қарамай, белсенді азаматтық ұстаным қалыптастыруы жөнінде ойлар айтылды.
Ержан Әділжанұлы өз сөзінде қазіргі жастар үшін мүмкіндіктің мол екенін атап өтті. Оның айтуынша, бүгінгі таңда жастар тек білім алып қана қоймай, түрлі қоғамдық жобаларға қатысып, өз қабілетін сынап, жаңа бағыттарды меңгеруге мүмкіндік алып отыр.
«Қазір жастарға мүмкіндік көп. Ең бастысы – сол мүмкіндікті күтіп отырмай, өзің іздеп, әрекет ету. Қандай салада болмасын, нәтиже еңбек пен тұрақты ізденістен келеді. Әр жас өзіне “Мен бес жылдан кейін қандай адам боламын?” деген сұрақ қойып, соған қарай бүгіннен бастап қадам жасауы керек», – деді ол.
Ал Ерқанат Мақышбаев жастардың қоғамдық белсенділігіне тоқталып, өз ортасына өзгеріс енгізу үшін міндетті түрде үлкен қызметте болудың қажеті жоқ екенін жеткізді.
«Қоғамдағы жақсы өзгеріс үлкен нәрседен басталмайды. Кейде қарапайым бастама, бір жақсы ұсыныс немесе өз ортаңа деген жауапкершіліктің өзі маңызды өзгеріске жол ашады. Сондықтан жастар өз ойын ашық айтып, бастамадан қорықпауы керек», – деді
Кездесу барысында студенттер де сырт қалмай, өздерін қызықтырған сұрақтарын қойып, пікірлерін ортаға салды. Әңгіме барысында жастардың болашаққа деген көзқарасы, кәсіп бастау мүмкіндіктері, білім мен еңбекке деген ұмтылысы, бос уақытты тиімді ұйымдастыру және әлеуметтік желіні дұрыс пайдалану мәселелері қозғалды.Еркін пікір алмасу форматындағы кездесу студенттерге өздерін толғандырған сұрақтарға жауап алып қана қоймай, қатарластарының ойымен танысуға мүмкіндік берді.
Жастардың бүгінгі таңдауы мен ұстанымы – ертеңгі болашақтың негізі. Сондықтан әр жас өз бағытын айқындап, мүмкіндігін тиімді пайдаланып, алға нақты қадам жасауы маңызды.











