Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » "Қырық иненің" қасиеті

"Қырық иненің" қасиеті

Арал қалалық тарихи музейінің бай қорында халқымыздың өткен тарихынан, тұрмыс-тіршілігі мен дәстүрлі қолөнерінен сыр шертетін көптеген құнды жәдігерлер сақталған. Олардың әрқайсысы бабалар тұрмысы мен шеберлігінің куәсі ретінде ерекше бағаланады. Солардың ішінде ерекше назар аудартатын, қазақ халқының күнделікті тіршілігінде кеңінен қолданылған бірегей тұрмыстық бұйымдардың бірі – қырық ине.
Қырық ине – қой мен түйе жүнін түтуге, қоқыстан тазалауға және сапалы түрде тарауға арналған дәстүрлі еңбек құралы. Музей қорында сақталған жәдігердің ені 29 сантиметрді, ал биіктігі 37 сантиметрді құрайды. Бұл құралдың жасалу құрылымы қарапайым көрінгенімен, өзіндік шеберлікті талап етеді. Ол негізінен төзімді қатты ағаштан екі бөлік етіп жасалады да, екі бөліктің де ішкі бетіне бірнеше қатар етіп өткір темір инелер орнатылады. Бұйымның бойында темір инелердің көп орналасуына байланысты халық арасында бұл құрал «қырық ине» деп аталып кеткен. Бұл жердегі «қырық» сөзі нақты санды білдірумен қатар, қазақ ұғымындағы көптік пен молшылық мағынасын да айшықтайды.
Қазақ халқының дәстүрлі шаруашылығында төрт түлік малдың өнімін, соның ішінде жүнді өңдеу ісіне үлкен мән берілген. Қырқылған жүннен кілем, киіз, сырмақ тоқылып, жылы киімдер мен үй іші бұйымдары дайындалған. Ал жүнді сапалы өңдеу процесінде қырық ине басты құралдың бірі болды. Бұйымды пайдалану кезінде жүнді екі ағаш бөліктің арасына салып, бір-біріне қарсы үйкелей отырып өңдеген. Осы әрекеттің нәтижесінде жүннің арасындағы шөп-шалам, шөңге, топырақ пен ұсақ қалдықтар толықтай тазаланып, жүн талшықтары ажырап, үрпідей жұмсарып, әрі қарай жіп иіруге немесе киіз басуға дайын күйге жеткен.
Бұл бұйым ата-бабаларымыздың тұрмыс-тіршілікке икемділігін, табиғи ресурстарды тиімді пайдалана білген тапқырлығы мен қолөнердегі жоғары шеберлігін айқын танытады. Бүгінгі таңда мұндай көне еңбек құралдары тек тұрмыстық зат қана емес, халқымыздың дәстүрлі мәдениеті мен материалдық мұрасынан сыр шертетін тарихи-этнографиялық құнды жәдігер ретінде музей төрінен орын алып отыр. Осындай асыл мұралар арқылы кейінгі ұрпақ ата-бабамыздың адал қол еңбегін, тұрмыс салтын, ұлттық қолөнер дәстүрін тереңірек танып-біледі. Қырық ине – кешегі өткен бабалар тұрмысы мен бүгінгі заманауи ұрпақ арасын жалғап, ұлттық тамырымызды айшықтайтын алтын көпір.
Ботагөз САРБАСОВА,
Арал қалалық тарихи музейі филиалының меңгерушісі
12 қыркүйек 2026 ж. 19 0